ЕҢБЕГІМЕН ЕР СЫЙЛЫ

03 қыркүйек 2026 160 0
Оқу режимі

Қазақ «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деп бекер айтпаған. Бұл – бір ауыз мақалдың аясына тұтас бір өмірлік ұстанымды сыйғызған халық даналығы. Адамның қадірі атағымен ғана емес, елге тигізген пайдасымен, маңдай терімен, адал еңбегімен өлшенеді.

Еңбек – кісінің адами қасиеттерін бейнелейтін құндылық. Ол тек күнкөрістің қамы емес. Ниеті түзу мұсылман еңбек арқылы да сауап алады, жауапкершілікке үйренеді, өзіне де өзгеге де пайдасын тигізеді. Адал еңбекпен келген нәпақа қашан да берекелі болмақ.

Асыл дініміз адамды әрекетсіздікке емес, талапқа, ізденіске, адал кәсіпке үндейді. Құран Кәрімде: «Әр адам өз еңбегінің ғана қарымын алады»[1] деген мағынадағы аят бар. Бұл – адамның нәтижеге жету жолындағы талпынысы мен еңбегінің жауапкершілігін көрсететін маңызды қағида.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адал еңбектің қадірін жоғары қойған. Сахих хадистердің бірінде Алла Елшісі : «Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан тәуір тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары Дәуіт (а.с) те қол еңбегімен тамақ тауып жеген»[2], – деген. Бұл хадис адамды өз еңбегімен нәпақа табуға, маңдай термен келген ризықтың қадірін білуге үндейді. Хадисте Дәуіт пайғамбардың (а.с) өз қол еңбегімен күн көргені өнеге ретінде баяндалған.

Хакім Абай атамыз да өз қара сөздерінде еңбекті адам тәрбиесінің негізгі тіректерінің бірі ретінде қарастырған. Мысалы, төртінші қара сөзінде: «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дейді. Бұл жерде екі маңызды ұстанымды қатар қояды: біріншісі – Аллаға тәуекел ету, екіншісі – өзің әрекет жасау. Яғни құр тілекпен отыру емес, дұға мен әрекетті, сенім мен еңбекті қатар алып жүруді айтып отыр.

Ал жетінші қара сөзінде Абай адам бойындағы табиғи «білсем екен» деген құштарлықты сөз етеді. Ғылым мен өнерге ұмтылу, үйрену, іздену – бәрі еңбекті талап етеді. Ақын адал еңбегін сатқан қолөнер иесін де жоғары бағалап, оны «қазақтың әулиесі» деп сипаттайды.

Осыдан Абайдың еңбек туралы түсінігінің кең екенін көреміз. Ол тек қара күшпен жұмыс істеуді ғана емес, білім алуды, өнер үйренуді, кәсіп игеруді, өз қабілетіңді ел қажетіне жарата білуді еңбек деп түсінеді.

Ал, отыз жетінші қара сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», - дейді. Бұл сөз – еңбек ұғымының ең биік өлшемін көрсетеді. Адамның өз отбасын асырауы – міндет. Кәсібін адал атқаруы – жауапкершілік. Бірақ сол еңбегінің қоғамға, елге пайдасы тиюі – адамдықтың үлкен көрінісі. «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» деген аталы сөздің де түпкі мәні – адамның қолындағы мүмкіндігі емес, сол мүмкіндікті ел игілігіне қалай жұмсағаны.

Қазақ қоғамында еңбек тәрбиесі бала кезден қалыптасқан. «Еңбек етсең емерсің», «Еңбегі көптің өнбегі көп», «Еңбегіне қарай – құрмет» деген мақалдың барлығы халықтың еңбекке деген көзқарасын аңғартса керек. Дала мәдениетінде мал баққан қазақ төрт түліктің бабын білді, ұста темірді илеп, зергер алтын-күмісті өңдеді, шеберлік ұрпақтан ұрпаққа берілді. Сондықтан халқымыз «Өнерлі өрге жүзер» дей отырып, өнердің де еңбекпен келетін қасиет екенін айтып кетті.

Қазір еңбек ету ұғымының аясы кеңейді. Біреу компьютер алдында жұмыс істейді, біреу зауытта еңбек етеді, енді бірі көлік жүргізеді, бірі егін егеді, бірі кәсіп ашады, бірі ғылыммен айналысады. Бірақ еңбектің түпкі мәні өзгерген жоқ.

Исламда еңбек ету ғана емес, оның адал болуы да маңызды. Адамның тапқан табысы харам жолмен келсе, ол береке әкелмейді. Ал аз болса да адал еңбектің берекесі бар. Сондықтан мұсылман үшін «көп табу» мен «адал табудың» арасында үлкен айырмашылық бар. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз қол еңбегімен табылған асты жоғары бағалауының өзі осыны көрсетеді.

Адал еңбек адамның жан дүниесін тәрбиелейді. Еңбек еткен адам бейнеттің қадірін біледі. Өзгенің еңбегін бағалайды. Ысыраптан сақтанады. Нанның қадірін түсінеді. Біреудің маңдай терін жеуге ұялады. Шын мәнінде, адамның кім екені сөзінен гөрі ісінен көрінбей ме?!

 

Нұрбол Оразбай,
ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының
Астана қаласы бойынша жауапты маманы

 


[1] «Нәжм» сүресі, 39-аят

[2] Бұхари

Пікірлер Кіру