Ғибадаттың барлығы тәрбие үшін

10 тамыз 2020 594 0
Оқу режимі

Университетіміздің ұстазы доктор Мадих бір уағызында былай деп еді:
Негізінде Алла Тағала құлдарына бес парызды міндеттеуінде үлкен даналық бар. Себебі, Жаратқан Иеміз біздің ғибадамызға мұқтаж емес. Бұл ғибадаттар біз үшін яғни, соларды өтеу арқылы Алланың ризашылығын алуымыз үшін қажет.
Сондай-ақ жүріс-тұрысымызды (сулук), әдебімізді жөндеу үшін керек. Себебі, мысалы таң намазын оқып, бесін намазына дейінгі аралықта біреудің ақысын жесек, біреуді тілмен, қолмен ренжітсек, мейлі ол мұсылман болсын, басқа дін иесі болсын, бесін намазына Алланың алдында қалай тұрамыз?! Әлбетте, ұялғаннан, қорыққанымыздан жерге кіріп кете жаздаймыз.Иманды  мұсылман болса, дереу қатесін жөндеуге асығады. Сол сияқты, ораза кезінде тілімізді, көзімізді, құлағымызды, яғни, барлық дене мүшелерімізді жаман нәрседен тыямыз. Өмірімізде бір рет жасалатын үлкен қажылықта да жамандықтан тыйылуымыз парыз.
Зекет, садақа бергенде де міндетсініп, тәкаппарланбай, кішіпейіл сипатпен, Алла саған осындай мүмкіндікті бергеніне шүкір ету міндет.
Қарап отырсақ, ғибадаттардың барлығы - адамды тәрбиелеу үшін парыз етілген. Қажылыққа барғанда, тауап кезінде әсіресе, Қағбаны айналу, қара тасты сүю кезінде келеңсіз жағдайлар көп орын алады. Жаратқан Иеміз ғибадаттың қабыл болу шартын сөзге емес, ниетке байлаған. Сондықтан, әр амалымызды Алланың ризашылығын алу ниетімен жасауымыз ләзім. Қажылықта жүріп, біреуге зиян тигізуге бола ма?
Кезінде Хазреті Омар халифа (Алла одан разы болсын) мұсылмандар осындай күнәға батпас үшін, Қағбаны тауап ету күндерін ер адамдарға бір күн, әйелдерге бір күн, балаларға бір күн, жарымжан, денсаулығы нашар адамдарға бір күн деп белгілеген екен. Расында, бұл - ғибрат алатын нәрсе ғой.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі оған болсын):
«Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім»(Ибн Мәжа) деп айтқандай, Жаратқан баршамызға көркем мінезді болуды нәсіп етсін!
Қуат Қабдолда
 

Пікірлер Кіру