Хасан Басри хикметтері

24 қараша 2020 6695 0
Оқу режимі

Ол Мадина шаһарында дүние келген. Шешесі Хайра мұсылмандар анасы Үмму Сәләманың (р.а.) шаңырағында тәрбие көрген әйел. Нәресеге Хасан деп есім қойған да Үмму Сәләма (р.а.). Ол пайғамбар жұбайларының (р.а.) шаңырағында өсті. Кейінірек, ата-анасы Басра қаласына көшіп, саналы ғұмырын сол шаһарда өткізгендіктен жұрт Хасан Басри деп атап кетті. Міне, осы ғұлама табиғиннің даналық пен хикметке тола тағылымды сөздерінен теңізден тамшыдай үзінді.

Хасан Басриден (р.а.): «Дүние қызығынан баз кешуіңіздің сыры неде?», - деп сұрағанда, ғұлама: «Ризық-несібемді менен басқа ешкім алмайтынын білем, сондықтан жүрегім жай тапты. Шаруамды өзімнен басқа ешкім істемейтінін білем, сондықтан өзім айналыстым. Алла Тағала әрбір қимыл-әрекетімді бақылап тұрғанын білем, сондықтан күнә істеуден ұялдым. Өлім мені күтіп тұрғанын білем, сондықтан Алламен қауышу күніне дайындық қамын жасадым», - деген екен.

Хасан Басри: «Алла Тағаланың пендеден теріс айналғандығының бір белгісі – адамға қажет емес шаруамен жұмысбасты етуі»,-деген екен.

Хасан Басри: «Әрбір үмбеттің табынатын пұты болған. Бұл үмбеттің пұты – динар мен дирһам», - деген екен.

Хасан Басри: «Ей, адам баласы! Сенің күндізің (уақытың) – қонағың. Оған жақсылап қара. Егер жақсы мәміледе болсаң, алғысын айтып қош айтысады. Ал, жамандық жасасаң, сені масқаралап шығып кетеді», - деген екен.

Хасан Басри: «Мұсылман бауырдың мұң-мұқтажын реттеп беру маған бір ай иғтикаф жасағаннан ұнамды», - деген екен.

Хасан Басри: «Біреудің сөзін саған жеткізген адамнан сақ бол. Өйткені, ол сенің сөзіңді басқа біреуге жеткізеді», - деген екен.

Хасан Басри: «Сабыр – жәннат қазыналарының бірі. Адам барлық жақсылыққа бір сәт сабырлық көрсетумен қол жеткізеді», - деген екен.

 

Мұхаммед Ибраһим

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру