Нәпсімен күресудің жолдары

28 қаңтар 2023 4625 0
Оқу режимі

«Нәпсімнен үлкен дұшпанмен күресіп көрген емеспін.

Кейде мен оны жеңемін,

кейде ол басым түскен кездері де болады»

(Суфиян әс-Сәури).

Нәпсімен күресу, оны тәрбиелеу – адам баласының екі дүниеде бақытты не бақытсыз болуын айқындайтын негізгі себептердің бірі. Сондықтан, нәпсімен күресу – дінімізде үлкен жиһад деп танылады. Ислам тарихында орын алған «Тәбук» шайқасынан кейін, сахабалар сусыз шөл далада шаршап-шалдығып, қарындары аш күйде кері қайтып бара жатқанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кіші жиһадтан (жорықтан) үлкен жиһадқа (нәпсімен күресуге) оралдық», - деп айтқан (Суюти «Жамиғ әс-сағиру»).

Қасиетті Құранда нәпсіге қатысты бірнеше аятта баян етеді:

«Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Әлде кім оны кірлетсе, қор болды», - деген («Шәмс» сүресі, 9,10-аяттар).

Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Жиһадтың ең абзалы – нәпсімен күресу»; «Жүгендеуге мұқтаж болған нәпсіңнен артық асау жоқ», - деген.

Халқымызда «Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, мықты болсаң алдымен нәпсіңді жең», - деп айтылуы тегін емес. Өйткені нәпсімен күресу үшін адамның бойында үлкен ерік пен жігер керек. Шәкәрім бабамыздың:

Адамның сыртқы дене жаралысы,

Нәпсісі – айуанмен анық теңдес.

Бөлектігі – жалғыз-ақ таза ақылда,

Әлің келсе, жол тап та осыны емдес! – деп айтқанындай, нәпсіні емдеудің, онымен күресудің өзіндік жолдары бар.

Білікті дәрігер сырқатыңызды анықтап, емделудің жолдарын көрсетіп бергеніндей, қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерінде адам баласының рухани дерттері аталып қана қоймай, онымен қалай күресудің жолдары да баяндалған.

Олар:

1.Мұрақаба

Мұрақаба дегеніміз – Алла Тағаланың адам баласының ішкі және сыртқы дүниесін әрдайым бақылап тұрғандығын есте ұстауы әрі оған нақты сенімді болуы.

Қасиетті Құран Кәрімде:

«Біліп қойыңдар. Алла іштеріңе бүккен ойларыңды түгелдей біледі. Ендеше, (Оның бұйрығына қарсы келуден) сақтаныңдар», - деп ескертеді («Бақара» сүресі, 235-аят). «Сүннеттің анасы» деп танылған хадисте Жәбірейіл періште Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «ихсан» туралы сұрағанда, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын);

«Ихсан дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады», - деп жауап береді. Демек, оқитын намазымыз, ұстайтын оразамыз, беретін зекетіміз, орындайтын қажылық, т.б. амалдарымыз ихсан жағдайында болса, нәпсінің жақсы жағына қарай тәрбиеленуін жеңілдетеді.

2.Нәпсіні жаман қалауларынан тыю

Мұсылман адам ішкі қалауы әлдебір ой салғанда, сол істің дұрыс-бұрыстығын саралап барып істеу қажет. Әйтпесе, нәпсісінің қалауын орындай беру адамды орға жығары сөзсіз. Шал ақын:

Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай.

Егер тыю салмасаң,

Иманыңды жеп кетер, - дейді.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлімін алған сахабалар нәпсілерімен қандай қатынаста болғандығын мысал арқылы келтіретін болсақ, хазреті Осман (Алла оған разы болсын) бір күні ет жегісі келіп, базарға барып сатып алайын деген ниетпен үйінен шығады. Жолда кетіп бара жатқанында алдынан Али сахаба (Алла оған разы болсын) кезігіп қалады.  Екеуі сөйлесіп қалып, Али оның қайда кетіп бара жатқанын сұрайды.  Сонда Осман: «Ет жекге аңсарым ауып, соны сатып алайын деп базарға кетіп бара жатырмын», - дейді. Али оған: «Сонда сіз нәпсіңіз не қаласа, соны сатып ала бересіз бе?» - деп сұрақ қояды. Осы кезде Осман (Алла оған разы болсын) қателігін түсініп, сол жерден кері бұрылып, үйіне қарай кеткен екен.

Яхия ибн Муиз әр-Рази (Алла оны рақымына алсын): «Адамның жаулары үшеу. Олар: дүние, шайтан және нәпсі. Дүниеден зуһд(баз кешу) арқылы сақтан, шайтаннан оның азғырғанына қайшы іс жасау арқылы сақтан, ал нәпсіден шаһуатыңды тәрк ету арқылы сақтан», - деген.

Бұрынғы өткен даналар: «Расында шаһуат (нәпсі құмарлық) патшаларды құлға айналдырады, ал сабырлық құлдарды патшаға айналдырады. Жүсіп пен зылиханың қиссасын көрмейсіз бе?» - дейді екен.  Шынымен нәпсісін жамандықтан тыю арқылы Жүсіп пайғамбар үлкен дәрежеге қол жеткізді. Ал Зылиха нәпсі қалауына еріп, Жүсіпке жала жауып, соңында ісі әшкере болды.

Нәпсісін тыған жанның қияметте орыны жәннат екендігі Құранда былайша баяндалады:

«Ал енді кім Раббысының құзырында тұрудан қорқып, нәпсісін жаман қалауларынан тыйған болса, негізінде оның баратын жері жәннат», - деп айтылған («назиғат» сүресі, 40-41 аяттар).

3.Нәпсіні әсте-әсте тәрбиелеу

«Мұсылман болу әсте-әсте» деп айтылғандай нәпсімізді сатылап, дәрежелеп тәрбиелеудің мәнісі өте үлкен. Жүйрік сәйгүліктің үстінде жүйіткіп шауып келе жатқан адам, түлпарының басын бірден тартып тоқтата алмайды. Олай істеген адам құлап мерт болуы әбден мүмкін. Сол секілді нәпсіні де жаман қалауларынан бірте-бірте тыйған дұрыс.  Мысалы, Құранда арақтың харам етілуіне қатысты аяттар үш бөліп түскен. Басында пайдасынан зияны көп екендігі айтылды. Кейіннен арақ ішкен күйде намазға тұруға тыйым салынды. Үшінші рет түскенде арақтың лас, одан алыс болу керек екендігі бұйырылды. Ол уақытта адамдар арақты жаппай ішкендіктен бірден тастау нәпсілеріне ауыр келгендіктен, құран Кәрімде арақ ішу мәселесіне иләһи даналықпен осылайша тыйым салынған. Омырауындағы емізулі нәрестені одан ажырату оңайға түспейді. Олай істер болса баланың керісінше оған деген зауқы одан сайын арта түспек. Анасы оны бірте-бірте ажыратқанда ғана бала қиындықсыз емуін қойып ктееді. Адам нәпсісі де тура солай. Жылдар бойы істеп, бойы әбден үйреніп кеткен кей істерді адам бірден қойып кетуі өте ауыр. Сайын далада еркін жайылып, қырдың жайқалған көк майса шүйгін шөбін жеп, мөлдіреп аққан суын ішіп жүрген төрт түліктің кез келгенін қолға үйретер болсақ, алғашқыда тар қораға сыймай, күйі түсіп, кең даланың төсын аңсайтыны белгілі. Кейіннен оған бойы үйреніп, уақыт-уақытымен ғана берілетін жем-шөпке де көндігеді. Әбден үйренгеннен кейін, далаға қанша қуса да сол тар қорасына айналып келіп тұратын күйге жетеді. Олай болса, нәпсімізді де осылайша бірте-бірте үйреншікті жаман істерден ажыратып, жақсы істерге тұрақтандыруымыз қажет.

Шәкәрім бабамыз былай деп айтқан: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың».

4.Ықыласпен құлшылық ету

Шынайы ықыласпен атқарылған құлшылық адамның нәпсісін жамандықтан тыйылуына себепші болады. Алла Тағала Құранда намаз туралы былай деп айтқан:

«Расында намаз – адам баласын арсыздықтан және жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды» («Анкабут» сүресі, 45-аят), зекет беру сырттай қарағанда өзгеге пайда келтіретін іс болып көрінгенімен, шын мәнінде адам баласы өзгеге жәрдем беру арқылы өз бойындағы сараңдық, дүниеқоңыздық, сынды ішкі дерттерден тазарады. Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осыны меңзеп:

«Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт (берекеге ұластыр)», - деп айтқан («Тәубе» сүресі, 103-аят).

Міне осы сынды дінімізде көрсетілген барлық парыз, уәжіп, нәпіл және т.б. ізгі амалдар нәпсімізді тазартып, жаман әдеттерімізден арылуымызға дәнекер болады.

5.Ізгі адамдармен (ортамен) бірге болу

Адамның жақсылық атаулыға бой үйретіп, жамандықтан жиренуіне ізгі ортаның әсері өте үлкен. Себебі адам ізгі адамдармен бірге болған сайын бойындағы ізгілік сипаттары оянып, жақсы істерге бейімделеді. Сол секілді жаман ортамен араласса, олардың жаман сипаттары жұғады. Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«(Мұхаммед) таңертең және кешке Раббыларына, Оның (разылығын қалап) дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де барынша сабырлық таныт. Дүние тіршілігінің сән-салтанатына көңіл ауып, оларды көзіңе де ілме. Сондай-ақ, жүрегін Бізді еске алудан қаперсіз еткен, нәпсінің әуесіне ерген және бүкіл ісі шектен шыққан әлдебіреулерге бағынба (ерме)», - деп Алланы еске алған, оның разылығын іздеген жандармен бірге болуды әмір еткен («Кәһф» сүресі, 28-аят).

Нәпсімен күресудің бұдан басқа да жолдары көп. Айталық, білімі жоғары, нәпсі тәрбиелеу жолында тәжірибесі бар адамнан кеңес алу, қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде келген дұға, истиғфар, зікірлерді жиі оқу, т.б. Жалпы нәпсімен күресу – әрдайым дәрігердің қарауында болған ауыр сырқатқа ұшыраған адамды емдеу тәрізді. Адам онымен әркез күрес үстінде болуы керек. Ғалым Суфиян әс-Саури (Алла оны рақымына алсын): «Нәпсімнен үлкен дұшпанмен күресіап көрген емеспін. Кейде мен оны жеңемін, кейде ол басым түскен кездері де болады», - дейді. Қасиетті Құран бізге Жүсіп пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) былай дегенінен хабар береді:

«Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ Раббым мейір етсе, оның жөні басқа. Күдіксіз Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Жүсіп» сүресі, 53-аят). Аталмыш аяттан нәпсімен  күресудің оңайға соқпайтынын түсінуге болады. Өйткені н әпсіні есепке тартуда адам баласының бір ғана ерік-жігері жеткіліксіз.  Біз әрқашан Жаратқанның мейіріміне мұқтажбыз. Алланың жарылқауы, мейірімі болмаса, нәпсіні есепке тартып, оның зиянынан сақтану мүмкін емес.  Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нәпсінің кесіріненн сақтауын сұрап, дұға ететін болған.  Алла баршамызхды нәпсінің вайласынан сақтап, аман еткей!

 

"Ихсан - рухани тәрбие негізі" кітабынан алынды

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру