ОРАЗА – ТӘРБИЕ МЕКТЕБІ

13 наурыз 2023 3101 0
Оқу режимі

Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан - Алла Тағаланың мейірімі түсетін берекелі ай. Сондықтан исі мұсылман баласы бұл айды асыға күтеді. Біз осы айда ізгі амалдарды жүзеге асыру арқылы Алла Тағалаға жақындай түсеміз.

Ғұламалар «Ережеп – желге, Шағбан –  бұлтқа, Рамазан айы жаңбырға ұқсайды» деген. Шын мәнінде, Рамазан - берекелі әрі рухани азық жинайтын ай. Рамазан айының адам баласын тақуалыққа тәрбиелеудегі орны ерекше.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріне дейінгі кауымдарға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндайды. Осы аяттың мағынасынан анық аңғарғанымыздай, тақуалыққа жету үшін мұсылман баласына ораза ұстау парыз етілген.

Ардақты Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Алла өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін тоқтатпаған адамнын жеп-ішуін қойғанына мұқтаж емес» деген.
Иә, Алла біздің күні бойы ас-су ішпей, ашқұрсақ жүргенімізге мұқтаж емес. Ораза тәрбие мектебі болғандықтан, біз бұл айда барынша нәпсімізді тәрбиелеп, тақуалық жолын ұстануға тырысуымыз тиіс. Ораза ұстаған адам артық сөз айтпауға тырысады. Өйткені, Пайғамбарымыз: «Ораза - жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес. Ораза - бос сөз бен жаман сөзден тыйылу» деген.
Ауыз бекіткен адамның ойында «Осы ісім оразамды бұзбай ма?» деген сұрақ тұрады. Тіпті ораза ұстаған кісі біреуді ренжітіп алудан сақтанып, сауаптан құр калмауға үнемі көңіл бөледі. Ораза ұстаған кісіге біреу келіп, дауыс көтеріп, әдепсіз әрекет жасап жатса да «мен ораза едім» деп мәселені тақуалық жолмен шешеді.  Себебі,  қасиетті айда «мен оразамын» деп айту – сүннет амал, яғни Пайғамбарымыздың жолы. Алла елшісі: «Кімде кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған «Мен оразамын» десін» деген.
Рамазан – сауаптар еселеніп жазылатын ай. Алла елшісі  ораза құлшылығының сауабы еселеніп жазылатыны жайлы былай деген: «Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті. Ал түндерінде намаз оқуды ерікті етті. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай, осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындаған болады. Бұл – сабырлық айы. Ал сабырдың сыйы — жәннат. Бұл - өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді...» деген.
Рамазан – дұға қабыл болатын ай. Алла Тағала Құранда: «Құлдарым мен жайлы сұрай қалса, қасындамын. Тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Олар да менің әміріме құлдық қылсын, иман келтірсін. Сонда ғана олар тура жолмен жүреді» («Бақара» сүресі, 186-аят) деп баяндайды. Осы аятқа қатысты тәпсірші ғалымдар мынадай пікір білдірген: «Бірде арабтың бір бәдәуі Пайғамбарымыздан: «Раббымыз жақын ба, әлде алыс па? Егер жақын болса, оған мінәжат етейік. Алыс болса, дұғамызды айқайлап айтайық» деп сұраған еді. Сол кезде осы аят түседі.  «Мен жақынмын», яғни, дұға-тілектерді біліп тұратыны, оларды қабыл етуге келгенде Жаратқанның пендесінне өте жақын екені айталады.

Алла Тағала «Егер де Маған дұға-тілек айтса, дұғасына жауап қайтарамын» деп, пенделерінің дұғасына жауап қайтаруға уәде береді, ол ақиқат. Бірақ дұғаға жауап кайтару мен пенденің мұқтаждығын беру – екі бөлек іс. Дұғаға жауап кайтару - пенде «О, Раббым!» десе, Алла «Лаббай, пендем!» деп жауап қайтаруы арқылы болады. Бұл – әрбір мүминге орындалатын уәделі іс. Ал пенденің сұраған мұқтажын беру –  пенденің тілегенін сол мезетте беру немесе ұзақ мерзімнен кейін немесе акыретте беру немесе басқасын таңдауға ерік беруі арқылы жүзеге асатын іс».

Рамазан – тәрбие айы. Ораза ұстаған адам барынша өз нәпсісімен күреседі. Нәпсі адам баласын жаман іске бұйырады. Ал ораза адам баласын тек жақсы іске бұйырады. Отыз күн бойы ораза ұстаған адам өз бойындағы жаман қылықтардан арылып, нәпсісіне тұсау салады. Нәпсіні тізгіндеу мұсылман үшін өте маңызды амал. Ғұлама Хасан әл-Басри: «Нәпсінің жетегінде кеткен адам – өз қалауының құлы болғаны. Кімде кім нәпсі қалауына иелік етсе, нәпсісінің патшасына айналады» деген.

Пайғамбарымыз  былай деген: «Дұшпандарыңмен күрескендей, нәпсілеріңмен де күресіңдер». Ислам ғұламалары нәпсімен күресу, оны тәрбиелеу және жаман қасиеттерден арылу Алланың адам баласына бұйырған әмірі екенін жеткізген.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Біздің жолымызда аянбай күрескендерді (яғни бойындағы бар күш-жігерін кемел адам, үлгілі мұсылман болу жолында жұмсағандарды) міндетті түрде Өзіміздің жетістікке жеткізетін жолдарымызға бағыттаймыз. Расында, Алла әрдайым Раббыларын өз көзімен көріп тұрғандай үнемі игі іс істейтін ізгі жандармен бірге» («Әнкабут» сүресі, 69-аят) дейді.
Нәпсімен ұдайы күресу ісі өткінші жалғанда салиқалы өмір сүру мен мәңгілік дүние мақсаты үшін көбірек пайдалы болатынын түсінген адам қалауына ермей, керісінше оның басқарушысына айналады. Өйткені жүрек дертінің емі – нәпсіге карсы күресу. Себебі нәпсі адамды үнемі жамандыққа азғырады. Құранда Жүсіп пайғамбардың тілінде баяндалатын аятта былай делінген: «Нәпсімді актамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірак Раббым мәрхамет етсе, ол басқа. Күдіксіз Раббым – өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Юсуф» сүресі, 53-аят).
Нәпсісін иман арқылы, Аллаға жақындау жолымен жамандықтан тазарту әр мұсылманның мәңгілік максаты болуы керек.
Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Жақсылықта жарысу – мұсылманға тән сипаттың бірі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әркімнің бет алатын кұбыласы бар. Жаксылыкта жарысыңдар» («Бақара» сүресі, 148-аят), «Раббыларынның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей болған жәннатқа асығындар» («Әли Имран» сүресі, 133- аят) деген.

Алла Тағала қасиетті айда жақсы істерде жарыстырып, рамазан бойы жасаған әрбір жақсы ісіміздің сауабын арттырғай. Әмин!

Айдос Жамбылұлы, Жаңаөзен

қалалық мешітінің наиб имамы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру