ОРАЗА — УАҚЫТТЫ БАЯУЛАТАДЫ

23 ақпан 2026 91 0
Оқу режимі

Біз әдетте күндізгі уақытты 3-ке бөлеміз! Таң. Түс. Кеш -деп. Енді бір кезеңнен екіншісіне өтерде не істейміз? Дұрыс! Тамақтанамыз! Таң атты - жеңіл-желпі ауқаттанып алдық. Түс болды - тойып тамақтандық. Кеш түсті - ішіп-жемге отырамыз. Сонда, тамақ дегеніміз күнімізді 3-4-ке бөліп тұратын қабырғалар екен ғой. Ораза осы қабырғаларды қиратып тастағанда, уақыт баяулап қалғандай болады. Әр рамазанда байқалатын құбылыс қой! Неге? Өйткені біз енді күндізгі мезетті «бөліп» тұрған белгілерден айырылдық.

Таң сәріде ішіп-жегенсің. Ораза ортадағы яғни күндізгі асқа тиым салды! Енді кешті күтесің. Ал күту - уақытты ұзартады. Ауызашарды күткен адам әр минутты сезеді. Бұрын байқалмай өтіп кететін уақыт енді айқындала түседі. Күн бейсаналы ағып жатқан жоқ, сен оны байқап, бақылауда ұстап отырсың. Санай бастаған сағаттар - саналы өтіп жатқан сағаттар, негізі...

Сонда қызық бір нәрсе ашылады: біз уақыттың біраз бөлігін тамақтануға ысырап етіп тастайды екенбіз. 13.00 болды ма, обед,-деп өре түрегелеміз. Ашсың ба, тоқсың ба, маңызды емес! Жәй "привычка"... Ал Оразада түскі тамаққа бармадың, кәдімгідей уақытың көбейіп қалады, байқадыңыз ба?

Ал бос уақытың көбейді екен, мұндайда адам бұрын-соңды ойланбаған мәселелеріне бас қатыра бастайды. Күнделікті қарбаласта «Мен не істеп жүрмін?», «Қайда бара жатырмын?» деген сұрақтарға уақыт жоқ. Тамақ та, телефон да, қу тіршілік те ойды басып тастайды. Ораза сол басылған ойларды қайта тірілтеді. Ішкі үн қаттырақ естіле бастайды.

Қысқасы, ораза күннің құрылымын өзгертеді. Бейсаналы әдеттерді үзеді. Автоматизм тоқтап, саналы таңдау басталады. Уақыт созылған сайын адам өзімен көбірек қалады. Ал өзімен қалған адам, ерте ме, кеш пе, өзіне сұрақ қоя бастайды. Ораза айы - өз сұрақтарыңа шынайы жауап іздейтін ай!

 

Нұрбек БЕКБАУ


 

Пікірлер Кіру