ОТБАСЫ БАҚЫТЫНА ҚАЖЕТТІ КЕҢЕСТЕР

27 қараша 2021 7951 0
Оқу режимі

Ешбір адам үйленгенде «бақытсыз боламын» деп үйленбейтіндігі анық. Барлығы да «Бақытты отбасы» болғысы келеді. Дегенмен, «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бабаларымыз айтқандай, бақытты отбасы болу айтарлықтай оңай нәрсе емес. Себебі, жас жұбайлар үлкен өмірге аяқ басқан соң алдарынан небір қиыншылықтар кездесуі әбден мүмкін. Бір-бірінің бұрын байқамаған мінездері мен қылықтары да көрініс берері анық. Осындай сәттерде қолды бір-ақ сілтемей, керісінше, некелерін қиғанда берген сөздеріне адалдық танытып, қателіктеріне көз жұма білсе, жұбайының жақсылығын асырып, жамандығын жасырса, бір-бірінің жанын түсінуге тырысып, жарының бар болмысын қабылдай білсе, қиындық келгенде қолдау білдірсе, алдарына мақсат қойып, сол мақсаттарына жетер жолда бір-біріне жәрдемдессе, бір-бірінің қызығушылықтарына көңіл бөліп, жұбайы қуанған нәрсеге қуана білсе, отбасында ортақ әңгіме болып, екеуі бір-бірінің дәрежесіне түсе біліп, бір-бірінің деңгейіне көтеріле алса – осындай отбасына бақ орнайды.

Бұл айтылған дүниелер қиын секілді көрінуі мүмкін. Алайда, өмірде оп-оңай дүние жоқ қой. Қандай нәрсе болмасын ынта-жігер мен қайратты, көп оқып-тоқу мен ойланып-толғануды, сосын осы оқып білгендері мен ойланып түйгендерін жүзеге асыруды талап етеді.

Енді бақытты отбасы болу үшін қажетті кейбір маңызды дүниелерге тоқталайық. Ең алдымен керек нәрсе – шынайы сүйспеншілік. Әрқашан бізге үлгі болатын ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан Амр ибн Ас (р.а.) есімді сахабасы: «Уа, Алланың елшісі! Сізге адамдардың ең сүйіктісі кім?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Айша», – деп өзінің жарының есімін атаған екен[1]. Шын сүйген адам өзінің жары үшін, жарының көңілі үшін қандай да болмасын қиындықты көтеруге дайын тұрады. Оның қателіктері болса көз жұмып, оны бар болмысымен қабылдай алады. Ол үшін қолынан келгенінің бәрін жасайды. Жұбайының көңіліне тиетін істерді істемеуге барын салады.

Екінші – осы сүйіспеншіліктен келіп туындайтын сыйластық, жарын құрметтеу. Мұсылман адам кез келген тіршілік иесін Алланың жаратқаны деп құрметтейді. Тіпті, жансыз нәрселерге де, мысалы, алдындағы асы мен үстіндегі киіміне де белгілі бір деңгейде құрмет көрсетеді. Себебі, бұл нәрселер – бізге Алланың берген нығметі. Ал, нығметті қадірлеп, ол үшін Аллаға шүкіршілік ету – біздің мұсылмандық міндетіміз. Біз өзіміздің жарымызды да ең алдымен Алланың ең қадірлі жаратылысы болып табылатын адам ретінде, сонымен қатар, Алла Тағаланың бізге сыйлаған нығметі ретінде, сондай-ақ, бізге отбасылық өмірдің не екенін сезіндірген, бізді жар атандырған жан ретінде сыйлап, құрметтегеніміз жөн. Халқымыз «Кісі сыйлағанның құлы» дейді. Біз жарымызға әу бастан осындай құрметпен қарайтын болсақ, арамыздағы сүйіспеншілік арта түсері сөзсіз.

Отбасымыз бақытты болуы үшін қажетті маңызды қасиеттердің бірі – жанашырлық пен мейірімділік. Алла Тағала Құранда Рум сүресінің 21-аятында «Сондай-ақ, Алланың құдіретінің шексіздігін көрсететін айқын дәлелдерінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатқандығы. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін ап-айқын дәлелдер мен талай ғибрат бар», - деген. Жарымыз ауырып қалса, оған қамқорлық көрсету, көңіл күйі болмай тұрса, артық мазасын алмай, керісінше, қолдау білдіру, бір іске үлгермей жатса, қолымыздан келгенше көмектесіп жіберу секілді жанашырлық пен мейірімділікпен туындайтын іс-әрекеттер біздің отбасылық байланысымызды бекіте түсетіндігі сөзсіз.

Сондай-ақ, отбасы бақыты берік болуы үшін ең маңыздысы – түсіністік деген нәрсе. Біз жарымыздың өз алдына бөлек бір тұлға екенін қабылдай білуіміз керек. Ол жүз пайыз біздің пікірімізбен келіспеуі мүмкін және ол бұған міндетті де емес. Себебі, ол жеке тұлға. Оның өзіндік әлемі бар. Өзіндік мінез-құлқы мен көзқарастары, түсінік-пайымдары бар. Ол толықтай біздің көңілімізден шықпауы мүмкін. Біз мұны қалыпты дүние ретінде қабылдауымыз қажет. Жарымыздан біздің айтқандарымызды түгелдей орындауды талап етпеуіміз керек. Біз бір-біріміздің көзқарастарымызға, жеке таңдауларымызға түсіністік танытып, құрметпен қарай білуіміз керек. Сонда отбасында ешқандай да кикілжің, талас-тартыс орын алмайды. Ол үшін үйленбестен бұрын бір «үлгілі әйел» немесе «үлгілі күйеудің» портретін сызып алмауымыз керек. Әйтпесе, отбасылық өмір басталған соң жұбайымыз әлгі сызбамызға сәйкес келмей қалған жағдайда өзімізге қиын болады.

Міне, осы айтылған дүниелерді ескеретін болсақ, отбасымыздың бақыты баянды болады деп ойлаймыз. Ересек адам ретінде өз еркімізбен отбасылық өмірге қадам басқандықтан, құрған шаңырағымыздың берік болғандығын қаласақ, бұл нәрселерді ескеруіміз керек. Егер, өле-өлгенше жарымызбен бірге болып, осы өмірден бір-бірімізге разы болып өтсек, сондай-ақ, Алланың разылығын бірге тапсақ, мәңгілік өмірде де жұмаққа бірге кіруге мүмкіндігіміз болады. Әр отбасыға мәңгілік жұптар болуды тілейміз.

Әлімов Жақып
«AQ MESHIT» мешітінің азаншысы


[1] Бұхари

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру