«Ойнай білген – ойлай біледі»

01 маусым 2020 9169 0
Оқу режимі

Балалық бал дәурен шақты ойынсыз елестету қиын. Өйткені ойын – бала үшін негізгі қажеттіліктердің бірі. Физикалық, психологиялық, моралдық, дүниетанымдық тұрғыдан ойынның балаға берер пайдасы көп. Қазіргі ересек кісілердің арасында бала кезінде «Ақ серек-көк серек», «Асық», «Қуырмаш», «Тоғызқұмалақ», «Ұшты-ұшты», «Хан талапай» секілді ойындарды ойнамағандары кемде кем. Бала ойынына кезінде Мұхаммед пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) оң көзбен қараған.

Ойын – баланың табиғи үйрену ортасы десе де болады. Бала нені сынап көріп көз жеткізем десе де ойын кезінде бар тәжірибені жүзеге асырады. Сондай-ақ, ойын баланы тәрбиелейді, өмірге де бейімдетеді. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Ойын арқылы бала басқалармен қалай қарым-қатынас жасауды, қалай тіл табысуды, қалай татуласып, қалай бөлісуді, қалай бірге жүріп-тұруды, қандай нәрсені көп көзінше істегеннің бұрыс екенін, қандай нәрсені істемегеннің дұрыс екенін үйренеді. Батылдық, ептілік, қимылдың әдемілігі, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік мінездерін қалыптастырады. Бұнымен қоса тілі де дамиды, сана-сезім, ой-өрісі кеңейеді. Үлкендер үшін қайта-қайта мазаламау әрі бір мезгіл тынығып, ми сергіту тұрғысынан баланың ойынға айналғанынан артық ештеңе жоқ секілді көрінеді. Алайда, ойын – бала үшін өте маңызды шаруа. Қай бала болмасын ойын дегенде ішкен асын жерге қояды. Ойын арқылы баланың қабілет, бейімділігі де ашыла түседі. Халық термесінде:

«Ат болатын құлынды жер басынан танисың,
Адам болар ұлыңды жолдасынан танисың.
Шешен болар балаңды тіл қатқаннан танисың,
Ұры болар балаңды түн қатқаннан танисың.
Сараң болар балаңды зар қаққаннан танисың,
Жомарт болар балаңды мал баққаннан танисың», – деп айтылмақшы, ойын кезінде баланың басқа балалармен ұйымшылдығына я болмаса басы піспеушілігіне қарап-ақ оның болашақта қандай тұлға болып өсетіндігін пайымдау қиын емес. Көш бастайтын көсемдер де, сөз бастайтын шешендер де, небір халық қалаулылары немесе жалқау, көнбіс, көп еркіне жығыла кеткіш момын, ынжықтар, көрсеқызар, даңғой, ұрыс-төбелес құмар – бәрі-бәрі ойын кезінен-ақ бала бойына зер салып қарағанға байқалары анық.

Бала ойыны – оның өзіне ғана тән кішігірім әлемі. Ол өз әлемінде өзін барынша еркін сезінеді. Ойын заңдарын да өзі құрып, оны өзі бұзады. Біреудің тосыннан араласқанын еш қаламайды. Құрған ойынын, қойып қойған заттарының орнын бір ауыстырып көріңізші, бірден шу шығарады, бәлеге қаласыз. Тұрғызып қойған үйін абайсызда құлатып алсаңыз да,  екінші тұрғызуға келмейтіндей ал кеп өкіріп жылайды.

Ойын – баланың бал тілі десе де болғандай. Ойын арқылы бала қуанышын да, өкпесін де, қорыққанын да бәрін жеткізеді. Ойын барысында үлкендердің іс-қимылдарын салып, оларды айнытпай келтіреді. Қуыршақпен ойнаған кішкентай қыздың оны киіндіргені, әлдилегені, тербеткені, ертегі айтқаны сол күйі шешесінен көргендері екендігі айдан анық көрініп тұрады. Қуыршақпен сөйлескенде айтатын сөздері де тура анасының сөздеріне ұқсайтындығын байқайсыз. Тіпті ұрысқаны да, жұбатқаны да, еркелеткені де анасын сахнада салып тұрғандай әсер береді.

Ойын шағындағы баланың дос болғыштығы – жаңа туған үйректің балапанын суға салсаң еш қиналмай жүзе кететініндей өте табиғи нәрсе. Бала үшін ойнай алатындай орта болса болды. Кейде екі бала бір-бірінің аттарын да біліп жатпастан әуелі ойынға бас қояды. Бір-бірімен ойнай алу үшін, ойыншықтар бөлісу үшін ойын шарттарын бұзбаса болды. Бастапқыда бір төбелесіп алулары да мүмкін. Бірақ татуласулары да соншалықты оңай. Балалардың шекіспей бекісуі қиын. Ойын дәмі өзімшілдікті ұмыттырады. Ойынның тартымдылығы соншалық, балаларды үш жасынан бастап бірігіп тіл табысуға үйретеді. Баланы бірте-бірте қоғамға, көпшілікке бейімдетеді. Айналып келгенде, ойын ‒ баланың көпшіл болуына, әртүрлі әлеуметтік орталарда өзін ұстай алуына, үлкендермен үлкендерше, кішілермен кішілерше емін-еркін араласып тіл табысуына үлкен жағдай жасайтын ең маңызды факторлардың бірі.

Баланың ойын кезіндегі іс-әрекеттері оның қандай жанұядан шыққандығын да анық байқатады. Үйде бір айтқаны екі етілмейтін, не сұраса да әке-шешесі алып беретін баланың тәрбиесі де бетке ұрып тұрады. Ондай балалар алғашында ойынға сырттай бақылау жасап, шеткерек барып қарап тұрады. Қатарларына барса да өте өзімшіл келеді, ештеңені бөліскісі келмейді. Тез ренжігіш, қит етсе, үлкендерге барып шағым жасағыш келеді. Бұндай жағдай көбіне аулаға шығып, басқа балалармен ойнау мүмкіндігі жоқ балаларда жиірек кездеседі.

«Ойнай білген – ойлай біледі» демекші, баланың басқалармен тіл табыса алуы, еркін араласуы, сабыр сақтауы, шыдамды болуы, бөлісуді үйренуі – бәрі де ойын кезінде бойына сіңетіндігі естен шығарылмау керек, әрі балаға ойын ойнайтындай жағдай жасап достар табуына да көмектескен жөн.

Бала ұтқанмен қатар ұтылғанды да, жеңумен қатар жеңілгенді де бірдей үйренгені дұрыс. Жеңілудің де сабақ екендігін әке-шешесі балаға түсіндіргені абзал. Ойын кезінде қытымырлық танытып, бірден қара күшке жүгінетіндер, күштеп болса да тартып өзінікі жасағысы келетін балалар өз отбасыларының жайсыздығынан да бір көрініс ұқтыратындығын есепке алу керек. Бұндай жайт кейде  үйінде көп шектелетін балалар да ұшырасып жатады. Бала ойын кезінде ылғи да үйдегі әке-шешесінен көргенін істегісі келеді.

Ойын сондай-ақ бала бойындағы жақсы қасиеттерді де нығайта түседі. Жаман қасиеттерінің жақсаруына жол ашады. Сондықтан ойынның тәрбиелік мәніне де көңіл бөлу керек. Ұжымдық ойындар баланың бойындағы әртүрлі қабілеттіліктерін арттырады. Бала бойындағы өз қабілеті мен басқалардағы қабілеттерді салыстыру мүмкіндігіне ие болады. Баланың мұқият зер салу, тәптіштеп тексеру, өзінше қарау, білу құмарлықтары жетіледі. Бұлшық еттері де қалыпты қозғалыста болып, денесін, әрбір дене мүшелерінің қабілетін дамытады.

Ойынды жалқы һәм жалпы деп екіге бөліп қарастырған Мағжан Жұмабаев ол туралы ойын былай деп білдірген:

«Жас бала жалқы ойынды, жалғыз ойнауды жақсы көреді. Әлі тілі еркін жетілмегендіктен, ол басқа балалармен қатынаса алмайды. Ал енді өскен сайын жалпы ойынды бірігіп ойнауды жақсы көре бастайды. Жалғыз ойнаса, іші пысады. Жалпы ойын баланың тілінің өркендеуіне көп пайда. Бірігіп ойнағанда, тоқтаусыз қозғалып, күліп, былдырлап сөйлей береді. Жалпы ойын жалпы тұрмысқа, яғни басқа адамдармен бірігіп тұруға үйретеді. Өзінің сөзін, тілегін біреуге тыңдатып, басқаның тілегін, сөзін өзі тыңдап, қысқасы, біріккен тұрмыстың бірінші шарты – жалпы заңдарды орындап, атқарып үйренеді.  Ал енді жалқы ойын яғни жалғыз ойнау баланың алаңғасар, еліктегіш болмай, өз ісіне ынталы, тиянақты болуына пайдалы. Бірақ осы екі түрлі ойынның екеуінің де кемдік жағы бар. Ылғи жалғыз ойнап үйренген бала тағы, менменшіл болып, ылғи көппен бірге ойнап үйренген алаңғасар, тиянақсыз, еліктегіш болып шығуы мүмкін. Сондықтан дұрысы ойынның екі түрін кезекпен ауыстырып отыру.

Осы түрдің қай түрімен болса да ойнап отырған баланың ойынын бақылауға тәрбиеші міндетті. Бірақ бақылаймын деп бүлдіріп алма. Бүлдіріп алу былай болады: былай ойна деп бұйырсаң, баланың ойыннан ынтасын суытып аласың. Баланың ойынына үлкен адам кіріссе, балаға ойынның қызығы бітеді. Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсе бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болу керек, бақыла деген сөз қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп, қақиып тұр деген сөз емес. Олай тұрсаң, бала ойнай алмайды. Егер енді баланың ойынына қатыстың келсе, өзің бала болып қатыс. Яғни ойындарына бөгет, оралғы болма. Балалар сенің ересек адам екеніңді сезбейтін дәрежеде болсын».

Ойын арқылы бала көпшілік арасында өзін қалай алып жүру керектігін, қандай іс-әрекеттердің дұрыс я бұрыс екенін, біреудің ала жібін аттамауды, өзгенің ақысын жемеуді, орынсыз ренжітпеуді, қателік жасап қойса кешірім сұрауды, қолындағысын бөлісе білуді, дос бола білуді, жақын тартуды үйренеді.

Ойын мектепке дейінгі ермек десек те, мектепке барумен бала ойыннан қол үзіп қалмайды. Бала өскен сайын ойын да соған қарай өзгеріп отырады. Сондықтан баланың мектепке аяқ басуын оның ойын шағынан асқандығы деп білу қате.

Мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланы ойынға жібермеу дұрыс емес. Бұндай жағдай баланы мектептен қашқақтатады. Ойынды мұғалімнің көмекші құралы ретінде көрсеткен дұрыс. Ойынға тоймаған бала мектепке дайын емес деген сөз.

Имам Ғазали мектепке баратын балалардың мектептен келген соң аздап болса да ойнауына рұқсат беру керек деген пікірді жақтаған. Себебі, ойын арқылы бала мектептегі шаршағанын басады. Баланы үнемі сабақ оқуға мәжбүрлеу – ойлау қабілетін жойып, зейінін тұмшалайды. Бала сабақтан құтылу үшін өтірікке бой алдырып, неше түрлі айлаларға бас ұратын болады.

Мектеп жасына жеткен баланың теледидар немесе компьютерге алданып қалмауына абай болған жөн. Бұларға белгілі бір шектеу қойылмаған жағдайда бала көп уақытын босқа жіберіп алуы мүмкін. Балалардың теледидар немесе компьютермен көп уақыт өткізуі олардың басқа адамдармен қарым-қатынас жасай алу қабілеттерінің төмендеуіне әкеліп соғады. «Баламыздың көңлі тоқ болсыншы» деп көптеген ата-аналардың балаларына шамадан тыс көп ойыншық сатып әпере беруі де дұрыс емес. Бұл әрекет баланы көрсеқызарлық пен көзтоймаушылыққа жетелейді. Көп ойыншық алғанша «баламен қосылып бірге ойнау» әлдеқайда қызығырақ әрі баланы да неғұрлым көбірек қуантады.

Кейде күнделікті қарапайым заттарға қызықса да бала ойыншық қып ойнай береді. Ондай кезде баланың алдынан ол заттарды жинап тастауға болмайды. Қайта қалам ба, қағаз ба, дискі ме, ескі журнал, кітап па алдына үйіп, солармен ойнату керек. Әрине, пышақ, қайшы, сіріңке секілді балаға қауіпті заттарды ұстатпаған дұрыс.  

Өз кезегінде адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да бала ойынына қатты көңіл бөлген. Немерелерінің тәрбиелеріне тікелей қамкөңілділік танытып, Хасан мен Хұсейінге (р.а.) және қызметінде жүрген Әнәсқа (р.а.) көшеге шығып балалармен қосылып ойнауына мүмкіншілік берген. «Баласы бар адам баласымен бала болсын» деп, әкелерге балаларын ойнатуды өсиет еткен Расулалла (с.ғ.с.) өзі де немерелерін иығына, арқасына мінгізіп ойнататын.

Бір күні хазірет Омар (р.а.) үйге кірген кезінде кішкене Хасан мен Хұсейінді арқасына мінгізіп алып ойнатып жүргенін көріп: «Мінген сәйгүліктерің қандай мықты!» деп балаларға әзілдейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұлар да осал шабандоздар емес», – деп үстіне мінгесіп алған немерелерін мәз-мейрам етеді.

Кейбір сахабалар сәждеге жығылғанда әлгі қос немересі дереу арқасына секіріп мініп ойнайтынын айтады. Аталары екеуіне еш тыйым салмайтын. Қайта құлап қалмасын деп демейтін. Кейде екеуін екі иығына отырғызып алып көшеге де шығып кететін. Әсіресе қызы Фатиманың үйіне барғанда дереу екеуін иығына мінгізіп алып, сосын құшағына алып кезек-кезек сүйетін. Сахабалар да балаларын дәл осылай еркелетіп ойнататын болған.

Бір күні қонаққа кетіп бара жатқанда, көшеде балалардың арасында ойнап жүрген немересі Хұсейінді бірге ала кетпек болады. Қасына барғанда әрі-бері қашқан немересін ұстап алу үшін Пайғамбарымыз да оның қимылын айнытпай қайталап, артынан қаупаңдап жүгіреді. Ұстап алған кезінде тәтті немересін еркелетіп бетінен сүйеді.  

Алла елшісі (с.ғ.с.) балалардың топырақта ойнауын пайдалы көріп: «Топырақ – баланың алғашқы көктемі», – деген. Көктем төңіректің жанданып, тіршіліктің гүлденетін кезі. Ағаштар бүршік жарып, көбелектер ұшып, құстардың ән салуымен айнала құлпыра түседі. Бұл сірә құм, топырақта ойнап өскен баланың көктемгі табиғат секілді құлпырып өсетінін білдірсе керек.  

Далада ойнап жүрген балаларды көрсе болды, оларға сәлем беретін. Немерелерін далаға шығып ойнауға жіберетін. Бірақ қараңғыға қалмауын, апақ-сапақта жүрмеуін ескертетін. Сахабаларға: «Күн батқаннан қою қараңғылық түскенге дейін балаларыңды сыртқа шығармаңдар. Себебі, бұл уақытта айналаға шайтандар тарайды. Қараңғылық толық орнағаннан кейін ғана шығарсаңдар болады», – деп ескерткен. Сондай-ақ, шаңқай түстің кезінде де балаларды үйде ұстауды жөн санаған.

Ислам діні бойынша құмар ойындар мен ақша тігіп, бәсекелесіп ойнайтын ойындарға тыйым салынады. Мұндай ойындарды балаларға да ойнатпау керектігі айтылған. Мына хадистер соған дәлел: «Алланың әрбір тыйым салғаны – күнә. Тіпті баланың құмар ойнауы да»;  «Баласы құмар ойнап жатқанын көре тұра жөнге салмаған ата-ананың намазы қырық күн қабыл болмайды».

Яғни, Ислам діні бойынша адамды аздыратын ойындарға тыйым салынып, баланың тәрбиесіне кері әсерін тигізетін ойындарға балаларды әуес етпеу керектігі ескертілген.  

 

Құдайберді Бағашар

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру