Періштелер жуындырған сахаба туралы білесіз бе?

25 қыркүйек 2020 673 0
Оқу режимі

Асыл дініміздің тарихи қатпарында жатқан ғажайыпқа толы жайттар аз емес. Солардың бірі – «Ғасилул-мәлаика», яғни періштелер жуындырған сахаба туралы оқиға.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мединаға хижрет етіп келгенде, Ханзала ибн Әбу Омар ибн Сафи әл-Ансари өз қауымымен бірге Исламды қабылдаған. Ал, жұбайы Жәмилә мұнафиқтердің көшбасшысы Абдулла ибн Убай ибн Салулдың қызы болғанымен, иманына берік әйел еді. Ханзала (р.а.) жас болса да өте тақуа, жаужүрек болатын. Ал, оның әкесі Әбу Омар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) иман келтірмей өмірден өткен. Негізі Әбу Омар Ислам діні келмей тұрып әһли кітап ғалымдарынан ілім алған. Ол да ақырзаман пайғамбарының келетінін айтып жүретін. Өз дәуірінде оны Әбу Омар Рахиб деп атаған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мединаға хижрет етіп келген кезінде Әбу Омар Алла Елшісіне қарата: «Алла жалған сөйлеген адамды жалғыз қалдырып, суға батырсын!», – деп қарғайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әмин!» – дейді. Сонда Әбу Омар: «Қайсыбір қауым саған қарсы шықса, мен де солармен қосылып сенімен соғысамын!», – дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) оны «Әбу Омар Фасиқ», деді. Сол күннен бастап ол солай аталып кетті. Әбу Омар Меккелік мүшріктерге қосылып, мұсылмандарға қарсы Ұхыд соғысына қатысты. Ал, Мекке алынған кезде қашып кетіп, бөтен елде суға батып өлген екен.  

Ханзала (р.а.) әкесінің бұл іс-әрекеті үшін қатты қайғырған. Тура осы мұң-қасірет өзінің қайынағасы Абдулла да да бар еді. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей оның әкесі Абдулла ибн Убай Пайғамбарымызға (ﷺ) тек сырттай иман келтірген екіжүзді мұнафиқтердің қатарынан еді. 

Ханзала (р.а.) Ұхыд соғысында Ислам діні үшін жанын пида етті. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір ғажайып оқиғаның куәсі болады. Артынша Ханзаланың жесірі Жәмилә жұбайы үшін қайғырып әрі ыңғайсыздана: «Ухудқа шақырылғанда, ол кісі жүніп күйде болатын. Кешігіп қалмас үшін ғұсыл құйынбай шығып кетіп еді», – деп айтады. Мұны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) естігенде: «Сен Ханзаланы уайымдама! Мен оны күміс ыдыста жаңбыр суымен жуындырып жатқан періштелерді көрдім», – дейді.  

Алла Тағала ұлы сахабаларымызды рақымына бөлесін!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру