ПЕРІШТЕЛЕРГЕ ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕР

16 қараша 2023 1173 0
Оқу режимі

Құран аяттары мен хадис-шәріпке сүйеніп ПЕРІШТЕЛЕРГЕ ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕРді төмендегіше көрсетуге болады:

1. Алла Тағаланы бүкіл кемшіліктерден пәктеу, күндіз-түні шүкір айтып ұлықтау.

Құранда: «…Періштелер: «Алайда біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз», – деді» – делінген. 

2. Алла Тағаланың елшілеріне уахи ету. «Алла Тағала періштелерден елшілер таңдағандай адамдардан да елшілер таңдайды».

3. Пайғамбарларға салауат жаудырып, сәлеммен ұлықтау, осы дүниедегі күллі адамдардың жақсылығын тілеп дұға ету. «Шынында да Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат жолдайды…».

Сонымен қатар пайғамбарымыз  (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мүміндер жамағатпен намаз оқығанда «Алла Тағала мен періштелер намаздың алдыңғы сапында тұрғандарға дұға етеді» және «Жамағатпен намаз оқуға жиналған мүміндерге намаз оқығанға дейінгі арадағы тыныштық кезінде періштелер «Раббым, бұлардың күнәларын кешіп, мейіріміңді төге гөр!», – деп дұға ететіндігін айтқан.

4. Пайғамбарлар мен мүміндерге рухани көмек беру, сенбейтіндердің жүрегіне үрей салу. Құранда: «(Мұхаммед ғ.с.) сол сәтте (Бәдірде) мүміндерге: «(Көктен)үш мың періште түсіріп  Раббыларыңның сендерге жәрдем беруі жеткілікті емес пе?» дедің, – делінген.

Бірде пайғамбарымыз сәждеге бас қойған сәтте Әбу Жәһил оны аяғымен жаныштағысы келген еді. Бірақ бата алмай кері шегінді. Себебін: «Арамызда жыра бардай ары өте алмадым», – деп түсіндірді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болса: «Егер ол маған жақындағанда періштелер оны жоқ етер еді», – деген еді.

5. Адамдарды қорғаушы әрі қызмет етуші.

Құранда: «Алланың әмірімен әркімнің алды-артынан өкшелеп, қорғаушы және әрбір іс-әрекетін жазушы(періштелер)бар», – делінген. Аллаһ тағала адам баласын тікелей және періштелері арқылы да қорғай алады.

6. Адамдардың амалдарын жазу. Құранда: «Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсісінің не сыбырлағанын білеміз. Өйткені Біз оған күре тамырынан да жақынбыз. Оның оңына да, солына да екі (сөздері мен амалдарын) байқаушы  отырады», – дейді.

Бұл аятта адамды жаратқан Алланың пендесіне өз күре тамырынан да жақын әрі періштелер адамның әрбір әрекетін жазу үстінде екендігі баян етілген. Әлбетте, олай болса Алла – барлық нәрседен хабардар.

Періштелермен адамдардың арасындағы қарым-қатынас ана жатырында-ақ басталады. Бухари мен Муслимдегі мына хадис осы мәселені айшықтай түсуде:

«Алла Тағала бір періштесін жатырға тағайындайды. Ол жатырға ұрық түскеннен бастап әр жетілу сатысын білдіріп «Раббым, сәби «нұтфа (шәует) кезеңінде», «Раббым, сәби «алақа» (жабысқақ ұрықтанған клетка) кезінде, я болмаса «мұдға» (бір тістем ет пішініндегі кезі) кезеңіне келді» деп хабар беріп отырады.

Хақ Тағала ол сәбидің дүниеге келуін қаласа, періште «Раббым, бұл ұл бола ма, қыз бола ма? Жұмақтық па, әлде Тозақтық па? Несібесі қаншалық? Ажалы қашан?» деп сұрайды. Бұлардың барлығы да сәби жатырда жатқанда-ақ анықталып, пешенесіне жазылып қояды».

Осы тақырыпқа қатысты тағы бір хадисте былай делінген:

«Сіздердің әрқайсыларыңыздың жаратылысы әуелі ана жатырында қырық күнде жүзеге асады. Кейіннен ұйыған қанға, одан бір шайнам етке айналады. Содан кейін барып оған періште жіберіліп, жан бітіріледі. Періштеге сәбидің «несібесін, ажалын, амалын, бақытсыз не бақытты болатынын тағдырына жазу бұйырылады».

Осы тәрізді хадистерде айтылған жазу мәселесі Ләухы махфузда (Сақтаулы тақта: бүкіл жаратылысқа тән нәрселердің негізгі жады) тіркелген мәліметтерді періштелердің басқа бір жерге қайта көшіріп жазуын білдіреді. Өйткені құбылыстар әлі жаратылмай тұрып ілім шеңберінде «Ләуху махфузу а-замда» Алла Тағаланың әзәли іліміне олар жайлы мәліметтердің толық жазылуы «Тағдыр» деп белгіленген.

7. Ғаламдағы жүйені реттеу. Құранда: «Сондай-ақ(әлемдегі тәртіп пен жүйені реттеуде)өзіне міндеттелген жауапкершілікті орындаушыларға серт», – деп айтылады.

Демек, бұдан біз «атом» деп айдар таққан ең кішкентай бөлшектен, «галактика» деген ең алып жаратылысқа дейін барлық болмыстардың іс-әрекетін үйлестіруге жауапты періштелердің бар екенін көреміз. Оларға жаратылыстың зікірлері мен амалдарын Аллаға жеткізу міндеттелген. 

Хадистерде әрбір жаңбыр тамшысы мен қар түйіршігінің өзін жер бетіне бір періштенің алып түсетіндігі айтылады. Енді мына мәліметке көңіл бөліңіз: жауған әрбір қар мен жаңбырдың өз өлшемі мен мөлшері болады. Жаңбырға байланысты айтылған бұл мөлшерді қазіргі заманның соңғы технологиясын пайдалана отырып зерттеу жүргізген ғалымдар былай дейді:

«Секундына 16 миллион тонна су жерден буланып ауаға көтеріледі. Бұл мөлшер жылына 505 триллионды құрайды. Дәл осы мөлшер – бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері екендігі таңдандырады. Яғни, су әрдайым белгілі бір тепе-теңдікте айналып тұрады. Егер тепе-теңдікте сәл өзгеріс туа қалса, әлемде үлкен экологиялық ауытқулар белең алып, тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғады. Жаңбырдағы мұндай шебер өлшем тек оның мөлшерінде ғана емес, сонымен қатар жерге түсу жылдамдығында да байқалады. Жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысысындай бір зат сондай биіктіктен құласа, жерге 558 км/сағ. жылдамдықпен келіп түсер еді. Алайда, жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді. Жаңбыр бұлттары – қандай биіктікте болса да, тамшылардың жер бетіне түсетін жылдамдығы орташа алғанда 8-10 км/сағ-дан аспайды». Яғни Алланың рақымының белгісі ретінде, егер періштелер болмаса жауған жаңбырдың әрбір тамшысы батпандай тас болып түсер еді.

Періштелер міндеттерін орындау арқылы өздеріне тән ғибадаттарын жасап, Ұлы Жаратушының рақымына бөленеді.

8. Адам баласының жаратылысы және өліміне қатысты міндеттерді орындау. Алла Тағала: «Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар де», – дейді.

9. Иләһи жазаларды іске асыру міндетін орындау. Аятта бұл жайлы: «Періштелер сондай қарсы болғандардың беттеріне, арқаларына ұрып: «күйдіретін азапты татыңдар!», – деп жандарын алғанын көресің», – делінген.

 

Қалмахан Ержан

 

 

 

Пікірлер Кіру