ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН ЖӘНЕ ТАРАУЫҚ НАМАЗЫНЫҢ САУАБЫ
ОТЫЗ КҮНГЕ ОТЫЗ УАҒЫЗ
(Тарауық намазына арналған уағыз-насихат)
18 ақпан
Бірінші күн
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Рамазан айы – күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті де берекелі ай. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіргенде адамдарды былай деп сүйіншілейтін болған: «Сендерге Рамазан айы келді, бұл берекеге толы ай. Алла осы айда оразасын парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады».
Ата-бабаларымыз да бұл ай кірісімен бір-бірлерін құттықтап, балалар үй-үйді сүйіншілеп: «Мұхаммед үмбетіне айтқан жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан!» – деп, жарапазан айтатын болған.
Бұл айда адамзат баласын тура жолға, білімділік пен бейбітшілікке үндеген Қасиетті Құранның алғашқы аяттары түскен. Бұл қасиетті айды күллі мұсылман жұртшылығы сағынып, ерекше қадірлеп, асыға күтіп алады. Алла Тағаланың әміріне бас иіп, ораза ұстап, мұқтаждарға жәрдемдесіп, тағат-құлшылықтар жасап, жан дүниесі рухани демалады.
Бірінші: қасиетті Рамазан
Рамазан айының келуі әр мұсылман үшін үлкен қуаныш, зор бақыт. Бұл қасиетті ай – ізгіліктің, кешірімнің, рухани тәрбиенің, мейірімнің айы. Алла Тағала қасиетті Құранда:
شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ
«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді», – деген («Бақара» сүресі, 185-аят).
Ораза ұстаушы таң атқаннан кеш батқанға дейін жеп-ішуден тыйылу арқылы аш, мұқтаж адамдардың жай-күйін бүкіл болмысымен сезініп, жүрегінде оларға деген мейірім пайда болады. Жүрегінде мейірімі бар адам өзге жандарға мейірімін төгу арқылы өзі де Жаратушының мейіріміне бөленеді. Негізі адамдар бір-біріне әркез мейірімді, жанашыр болуы қажет. Әсіресе, Алла Тағаланың мейірімі төгілетін қасиетті айда барынша өзгелерге мейірімді, жанашыр болған дұрыс.
Екінші: тарауық намазы
Қасиетті Рамазан айында мұсылман адам күнделікті парыз етілген бес уақыт намаздан бөлек нәпіл намаздарды атқаруға ерекше ден қоюы қажет. Әсіресе, Рамазан айының түндерін намазбен өткізу жай түндері оқылатын намаздан сауабы мен дәрежесі тұрғысынан көп есе артық. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ قَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَ اِحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ
«Кім рамазанды иманмен және сауабын үміт етіп, түнгі намазбен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі», – деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим).
Рамазан айында құптан намазынан кейін тарауық намазын оқу – бекітілген сүннет. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рамазан айында жеке өзі жиырма рәкағат (тарауық) және үтір намазын оқитын», – деген (имам Байһақи).
Ибн Аббастан жеткен тағы бір риуаятта Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Рамазан айында адамдарға Әбу ибн Кәғбті имам етіп, ол жиырма рәкағат нәпіл және үш рәкағат үтір оқитындығын жеткізген «Әл-фиқһ әл-ислами уа әдиллатуһу». Хазіреті Алидің заманында да (Алла оған разы болсын) Рамазан айында адамдар имамға ұйып, жиырма рәкағат оқитын («Әл-фиқһ әл-ислами уа әдиллатуһу»). Тарауық намазының жиырма рәкағат жамағатпен оқылуы әділетті халифалар заманында бекіп, бүгінге дейін сүннет болып жалғасуда.
Имам Ән-Нахаи (Алла оны рақымына алсын): «Рамазан айындағы бір күндік ораза басқа мың күннен артық, осы айдағы әрбір зікір мың зікірден артық, осы айда оқылған бір рәкағат намаз басқа уақытта оқылған мың рәкағаттан артық», – деген (Уәдәифу әр-рамадан).
Тарауық намазының басты сауаптары мен артықшылықтары:
- Күнәлардың кешірілуі (жоғарыда келтірген хадиске сай).
- Түнгі құлшылықтың (қиям әл-ләйл) орындалуы.
- Тарауық – бұл Рамазан айындағы түнгі намаз болып табылады. Ол берекені арттыратын, жамандықтарды өшіретін ұлы ғибадат. Бұл құлшылық мұсылманның рухани дәрежесін көтеріп, жүрегін тазартады.
- Соңғы он күннің қасиетіне бөлену. Рамазанның соңғы он күндігі келгенде, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «белін бекем буып, түнін ғибадатпен өткізген және отбасын оятқан» – деп Айша анамыз (Алла оған разы болсын) айтқан. Тарауық намазын тұрақты оқу – мың айдан да қайырлы Қадір түнін құлшылықпен қарсы алуға мүмкіндік береді.
Рамазан – нәпсіні тізгіндеп, рухты тазартатын тәрбие мектебі. Ораза адамды сабырға, шүкіршілікке және мұқтаждарға мейірім танытуға үйретеді. Ал Тарауық намазы – жүрекке тыныштық сыйлайтын, рухани қуат беретін ерекше құлшылық. Бұл қасиетті айдың әр сәті пенденің иманын бекемдеп, болмысын ізгілікке бағыттайды.
Дереккөз: муфтият.кз