ҚҰРАНМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР (3-күн)
20 ақпан
Үшінші күн
ҚҰРАНМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла Тағаланың адамзат баласына берген ең ұлы сыйы, екі дүние бақытының шамшырағы – Қасиетті Құран Кәрім. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَنَزَّلْنَا عَلَيْكَ الْكِتَابَ تِبْيَانًا لِكُلِّ شَيْءٍ وَهُدًى وَرَحْمَةً وَبُشْرَى لِلْمُسْلِمِينَ
«Сондай-ақ саған әр нәрсені ашықтайтын және мұсылмандар үшін тура жол, мейірім және сүйінші ретінде Құранды түсірдік», – деген («Нахл» сүресі, 89-аят).
Хакім Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегеніндей, Құран – мәңгілік ақиқаттың қайнар көзі. Мүмін жанның мақсаты да, өмірінің көркем өрнегі де осы иләһи кәләмға деген шынайы махаббаттан бастау алады. Бұқар жырау бабамыз:
Тәңірім сөзі Фұрқанды айт,
Кәләм Алла – Құранды айт,
Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың иманды айт, – деп қасиетті Құранның Алланың ақиқат сөзі екендігін, ақ пен қараны, шындық пен жалғанды ажыратушы (Фұрқан) кітап екендігін айтады.
Шынымен де, Құранның ақиқаттығын мойындап, оны құрметтеп, өмірімізді өрнектейтін болсақ, Құран жан-дүниемізді байытып, жоғары адамдық қасиеттерге тәрбиелеп, рухани кемелденуімізге жол ашады.
Құранда жеке тұлға, қоғамдық, рухани һәм ақыреттік ғұмырға тиісті қажеттіліктіктің тұтасы болғандықтан ол – дертке шипа, жанға дауа кітап. Құран негіздері пенденің «толық адам» шыңына қарай қанат бітіріп, һәм нәпсінің тізгінін тартып, рухтың асқақ сезімдерін қанағаттандыруда ерекше дара. Құран адам жаратылысына сәйкес болғандықтан түсінетін дәрежеде сөз қозғап, ой-санамызға қажетті барлық зәру ілімдерді үйретеді.
Ендеше, әр адам Алла Тағаланың кәләмін қастерлеп, қасиетті Құранмен өмірімізді көркем етуіміз қажет. Әрбір мұсылман қасиетті Құранға махаббат қойып, келесі істер арқылы өмірінен көрініс табуы тиіс:
Бірінші: қасиетті Құранды ықыласпен оқу
Қасиетті Құранды оқу – пендені Жаратушысына жақындататын ұлы құлшылық. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَرَتِّلِ الْقُرْآَنَ تَرْتِيلًا
«Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы», – деп бұйырады («Мүзәммил» сүресі, 4-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اقْرَءُوا الْقُرْآنَ فَإِنَّهُ يَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ شَفِيعًا لأصحابهِ
«Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандар үшін шапағатшы ретінде келеді», – деп біздерге қасиетті Құранды жиі оқуымызды өсиет еткен (Мүслим).
Екінші: Құран аяттары жөнінде ой жүгірту
Алла Тағала Құран аяттарына ой жүгіртуге шақырып, былай деген:
كِتَابٌ أَنْزَلْنَاهُ إِلَيْكَ مُبَارَكٌ لِيَدَّبَّرُوا آَيَاتِهِ وَلِيَتَذَكَّرَ أُولُو الْأَلْبَابِ
«Саған аяттарын ойлансын әрі ақыл иелері үгіт алсын деп мүбәрак бір Кітап түсірдік» («Сад» сүресі, 29-аят).
Аяттағы «тәдәббур» сөзі, Құран турасында терең ойлану деген мағынаны білдіреді. Осылай ойлану арқылы Құранның негізгі мағыналары ашылады. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Ондағы Құран аяттары жайында ойланып оқылған екі рәкағат намаз, жүректің қатысуынсыз оқылған түні бойғы намаздан әлде қайда артық», – деп айтқан.
Үшінші: Құран аяттарын іске асыру
Алла Тағала Қасиетті Құранның:
وَهَذَا كِتَابٌ أَنزَلْنَاهُ مُبَارَكٌ فَاتَّبِعُوهُ وَاتَّقُوا لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ
«Бұл – біз түсірген мүбәрак кітап. Енді соған еріңдер, тақуалық жасаңдар. Мейірімге бөленесіңдер», – деп айтқан («Әнғам» сүресі, 155-аят).
Аяттағы Құранға еру дегеніміз оның адал дегенін адал, арам еткенін арам деп білу, тыйым салғандарынан аулақ болып, бұйрықтарын орындау деген сөз.
Айша анамыздан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезі жайында сұрағанда: «Оның мінезі Құран еді», – деуі осыдан. Демек, Қасиетті Құранда қандай да бір көркем мінез турасында сипатталмасын, ол көркем мінез Хазіреті Пайғамбарымыздың бойында болатын. Сол үшін Пайғамбарымызды «Адамдар арасында жүрген тірі Құран еді», – деп сипаттайтын болған.
Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейінгі келген сахабалар, табиғиндер одан кейінгі ғұлама-ғалымдарымыздың барлығы Құран аяттарын іске асыруды Құранға деген әдептің негізгісі деп білген.
Табиғин өкілінің ғалымы Әбу Әбдуррахман әс-Сулами: «Біз он аят үйренген болсақ, онда қамтылған адал мен арам, бұйрықтар мен тыйымдарды іске асырмай, келесі он аятты жаттамайтын едік», – деп айтуы осыны меңзеген.
Алла Тағала баршамыздың қасиетті Рамазан айындағы дұға-тілектерімізді қабыл етіп, қасиетті Құранға сай өмір сүруімізді нәсіп етсін.
Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі