РАМАЗАН АЙЫ - РУХАНИ ЖАҢАРУДЫҢ ҰЛЫ МҮМКІНДІГІ
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, күллі мұсылман асыға күтетін қасиетті ай. Бұл – Жаратушының рақымы төгіліп, жүректер иман нұрымен жаңаратын, пенде мен Раббы арасындағы байланыс нығая түсетін берекелі кезең. Рамазан тек ашығу мен шөлдеудің айы емес, ол - рухани кемелденудің, өзін-өзі тәрбиелеудің ұлы мектебі.
Бұл айда орындалатын ғибадаттар сабырды, шүкіршілікті, көркем мінезді қалыптастырып, адамды рухани тұрғыдан жетілдіреді. Ораза арқылы пенде нәпсісін тыйып, жүрегін тазартып, иманын күшейтеді.
1. Рамазан тақуалыққа жетелейді
Алла Тағала қасиетті Құранда оразаның басты мақсаты – тақуалыққа жету екенін баян етеді. Ораза адамның ішкі дүниесін тазартып, өзін-өзі бақылауға, адал өмір сүруге баулиды. Ниет, көркем мінез, ізгі амалдардың барлығы да пендені тақуалыққа жетелеуге бағытталған.
2. Рамазан күнәлардан тазартады
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде Рамазанда иманмен әрі сауабын үміт етіп ораза ұстаған адамның өткен күнәлары кешірілетіні айтылған. Бұл ай – тәубеге келіп, кешірім тілейтін, жүректі күнәдан тазартатын мүмкіндік айы.
Шәкәрім Құдайбердіұлы оразаның мәнін терең түсініп, адам бұл айда тек ашығып қана қоймай, жаман сөз бен теріс әрекеттерден де тыйылуы тиіс екенін ескертеді. Демек, ораза – тек денелік емес, рухани тазалықтың да кепілі.
3. Оразаның ерекшелігі
Ораза – Алла мен құл арасындағы ең ықыласты ғибадат. Оның сауабын тікелей Алла Тағала Өзі береді. Бұл құлшылық адамның ішкі жан дүниесін тәрбиелеп, нәпсісін тежеп, рухын күшейтеді.
Имам Ғазали оразаны үш дәрежеге бөледі:
а. Жай ораза - ішіп-жеуден тыйылу;
ә. Мүшелер оразасы - тіл, көз, қол, аяқ секілді мүшелерді күнәдан сақтау;
б. Жүрек оразасы - жүректі жаман ойдан тазартып, Аллаға толық бет бұру.
4. Рамазан нәпсіні тәрбиелейді
Ораза адамға өз еркін басқаруды үйретеді. Күнделікті рұқсат етілген нәрселерден тыйылған жан, кейін харам істерден де бойын аулақ ұстай алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оразаның тек ішіп-жеуден тыйылу емес, жаман мінез бен жаман сөзден сақтану екенін ерекше ескерткен.
5. Рамазан ықылас пен шынайылыққа баулиды
Ораза - көзге көрінбейтін, риясыз ғибадат. Намаз, садақа, қажылық секілді амалдар сырт көзге байқалса, оразаның шынайылығын тек Алла ғана біледі. Сондықтан бұл ай адамды шынайылыққа, таза ниетке тәрбиелейді.
6. Рамазан мейірімділікке үндейді
Бұл айда адамдар бір-біріне кешірімді, жанашыр болуға, жомарттық жасауға, мұқтаждарға көмектесуге ұмтылады. Құран мен хадистерде мейірімділік танытудың маңызы ерекше атап өтіледі. Ауызашар беру, садақа жасау, кешірімді болу - Рамазанның басты көріністері.
7. Рамазан - Құран айы
Қасиетті Құран дәл осы айда түскен. Сондықтан Рамазан «Құран айы» деп аталады. Бұл кезеңде Құран оқу, түсіну, жаттау - аса маңызды амалдардың бірі. Ғұламалар Рамазанда Құран оқуды ерекше құлшылық санаған.
8. Рамазан дұғаның қабыл болуына жол ашады
Рамазан - дұғалар қабыл болатын берекелі уақыт. Әсіресе, ауызашар сәтінде жасалған тілек кері қайтарылмайды. Сондықтан бұл айда адам Алладан кешірім, береке, тыныштық пен игілік тілеуі қажет.
Қорытынды
Рамазан - адамның рухани жаңаруына, мінез-құлқын түзетуіне, иманын күшейтуіне берілген ұлы мүмкіндік. Бұл айды қадірлеп өткізу - әр мұсылманның басты парызы.
Алла Тағала баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізіп, оразамыз бен ғибадаттарымызды қабыл етсін! Әмин!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ