РАМАЗАН РУХАНИ ТӘРБИЕ АЙЫ (Екінші күн)

19 ақпан 2026 49 0
Оқу режимі

19 ақпан

Екінші күн

РАМАЗАН РУХАНИ ТӘРБИЕ АЙЫ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Қасиетті Рамазан – пендені рухани тазартып, Жаратушыға жақындататын тәрбие мектебі. Шынайы ораза – бүкіл дене мүшелерімен жасалатын, нәпсіні тізгіндеп, рухты азықтандыратын ұлы құлшылық. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ескерткендей, құр аш жүрумен шектелмей, оразамыз кемел әрі қабыл болуы үшін төмендегі маңызды амалдарға назар аударуымыз қажет.

Бірінші: көз оразасы

Әуелі көзімізді Алланың тыйған істерінен, содан соң Алланы ұмыттыратын әртүрлі алдамшы дүниелерді қызықтаудан тыю. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَمْسٌ يُفْطِرُن الصَّائِمَ: الْكَذِبُ وَالنَّمِيمَةُ وَالْغِيبَةُ وَالنَّظَرُ بِشَهْوَةٍ وَالْيَمِينُ الْكَاذِبَ

«Бес нәрсе оразаны бұзады: олар – өтірік айту, өсек тасу, ғайбат айту, шаһуатпен (құмарлықпен) харамға көз салу және жалған ант ету», – деген.

Екінші: тіл оразасы

Тілді бос сөздерден, өтірік, ғайбат, жаман сөздерден, өсектен және түрлі пайдасыз талас-тартыстардан тыю. Бұл нәрселерден сақтану жолы – үндемеу немесе әрдайым Алланы зікір етіп, жиі Құран оқу. Ислам ғұламалары тілдің оразасына қатысты бірнеше түсіндірме берген. Суфян әс-Саури (Алла оны рақымына алсын): «Ғайбат айту оразаны бұзады», – десе, имам Ләйс (Алла оны рақымына алсын): «Екі нәрсе оразаны бұзады, бірі: ғайбат, екіншісі: өтірік айту», – деген.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

إِنَّ الصَّوْمَ جُنَّةً، فَإِذَا صَامَ أَحَدُكُمْ فَلا يَرْفُثْ وَلَا يَجْهَلْ، فَإِنْ سَابَّهُ أَحَدٌ أَوْ شَاتَمَهُ فَلْيَقُلْ إِنِّي صَائِمٌ

«Расында, ораза – қалқан, кімде-кім ораза ұстаса, балағат сөз айтпасын және инабатсыз болмасын. Егер оны біреу балағаттаса немесе ерегісіп төбелеске шақырса, «мен оразамын», – деп айтсын» (имам Бұхари).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза кезінде ғайбат айтқан екі қыздың оразасына қатысты: «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ адамдардың етін жеу арқылы хараммен аузын ашты», – деген болатын.

Үшінші: құлақ оразасы

Жағымсыз және харам сөздерді тыңдаудан сақтану. Айтуға тыйым салынған сөздің тыңдалуы да – тыйым. Сол себепті Алла Тағала Құран Кәрімде харам жеуші мен өтірік сөзге құлақ салып тыңдаушыны қатар айтқан:

سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ...

«Олар жалған сөз тыңдауға – құмар, харам нәрсені жеуге – әуес ...» («Мәидә» сүресі, 42-аят).

Төртінші: дене мүшелерінің оразасы

Бұл оразаның мәні – аяқ-қолымызды және басқа да дене мүшелерімізді харам нәрселерден тыю. Сондай-ақ ауызашар уақытында күмәнді тағамдардан тыйылудың да маңызы аса зор. Ораза уақытында күні бойы рұқсат етілген адал тағамнан тыйылып, ауызашар кезінде күмәнді, харам тағамдарды жеумен оразаның ешқандай мағынасы қалмайды. Бұлай ауыз ашқан жан – бір үй тұрғызамын деп, бүкіл қаланы қиратқан адаммен тең.

Харам тағам дінді бұзатын – «у», ал халал тағамдар – дәрі секілді. Дәріні көп мөлшерде қолдану зиянды, ал мұны реттеуші сөзсіз – ораза.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген:

كَمْ مِنْ صَائِمٍ لَيْسَ لَهُ مِنْ صِيَامِهِ إِلاَّ الْجُوْعِ وَالْعَطَشِ

«Қаншама ораза ұстаушылар бар, олардың оразасынан алар еш үлесі жоқ, тек аштық пен шөлдеу ғана», – деген. Кейбір ғалымдар бұл хадиске төмендегідей түсіндірме берген: күні бойы ораза ұстап, аузын харам тамақпен ашатындар; халал тамақтан бас тартып, ғайбат айту арқылы харам ет жейтіндер; өздері ораза болса да, дене мүшелерін күнәлі істерден тыймайтын адамдар.

Бесінші: өзгелерді кешіру

Қасиетті Рамазан айында адам баласы Алла Тағаланың кешірімін үміт ететіндіктен, бұл айда ораза ұстаушының өзі де өзгелердің қателіктерін кешіріп, жүрегіндегі өкпе-реніштерін ұмытқаны жөн. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 2-аятында Алла Тағала:

وَلْيَعْفُوا وَلْيَصْفَحُوا أَلاَ تُحِبُّونَ أَن يَّغْفِرَ اللهُ لَكُمْ وَاللهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айтқан. Асан қайғы бабамыз:

Ерегісіп, ұрыспа.

Сенікі жөн болса,

Атың шықпас дұрысқа.

Атаңның құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа, – деп насихат айтқан екен! Тіпті, өзінікі дұрыс, өзгенікі қате болса да, мұсылман адам өзгенің қателігін кешіріп, мүлде ұмытқаны дұрыс. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 85-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

فَاصْفَحِ الصَّفْحَ الْجَمِيلَ

«Ендеше сен (ел-жұрттың қатесін) көркем түрде кешір», – деп айтқан. «Көркем түрде кешіру» дегенді ғалымдарымыз: «қандай да бір адамның қателігін кешірумен бірге, оның кемшілігін ашу, тәкаппарлық таныту, артық сөз айту, жек көру сынды теріс істерден ада болу», – деп түсіндірген.

Алтыншы: Рамазан – сабырлық айы

Ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббымыз қабыл алады. Өйткені ораза тек қана ішіп-жеуден тыйылу емес. Сондай-ақ, жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылу.

Жалпы сабыр атаулы шарғи мағынада үшке бөлінеді: Алла Тағаланың құлшылығын орындауда сабыр ету, Алла Тағала тыйым салған нәрселерді орындауда сабыр ету және Жаратқанның жазмышына көркем түрде сабыр ету. Мұндағы құлшылық-тағатқа сабыр етудің мағынасы намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты парыз амалдарды қандай да бір қиыншылыққа қарамастан, ауа-райының қолайсыздығына, ахуалдың қысылтаяңдығына қарамастан көркем сабырмен орындау дегенді білдіреді.

Хақ Тағала Зүмәр сүресінің 10-аятында сондай сабырлы құлдардың сауабын есепсіз беретіндігі жайынды:

إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ

«Расында, сабырлылар сауаптарын қисапсыз түрде молынан алады» – деген.

Жетінші: Рамазан – шүкіршілік айы

Мүбәрак рамазан айында ораза тұтушы бұрын мән бермей жүрген көптеген нығметтердің қадірін сезінеді. Ашығып, шөліркеп Жаратқанның ырзық-несібесінің, қара судың қадіріне жетеді. Күні бойы аш құрсақ жүретін жарлы-жақыбайдың жағдайын басынан кешіреді. Бойындағы жанашырлық, бауырмалдық сезімі оянады. Өзінен төменге қарап шүкірлік етеді. Қолда бар мүмкіндіктердің қадірін ұғынады. Оразаның осындай хикметті қырлары бар.

Шариғат пайымында шүкіршіл жүрек ең үлкен байлықтардың бірі. Ибн Аббастан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَرْبَعٌ مَنْ أُعْطِيَهُنَّ فَقَدْ أُعْطِيَ خَيْرَ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ: قَلْبٌ شَاكِرٌ، وَلِسَانٌ ذَاكِرٌ، وَبَدَنٌ عَلَى الْبَلَاءِ صَابِرٌ، وَزَوْجَةٌ لَا تَبْغِيهِ خَوْفًا فِي نَفْسِهَا وَلَا مَالِهِ

«Кімге мына төрт нәрсе нәсіп етілсе, оған дүниенің де, ақыреттің де игілігі берілген болады: шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, сынаққа сабырлы тән және өз нәпсісіне де, жарының малына да еш жамандық қаламайтын әйел», – деген.​

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру