Рамазанмен қоштасу

06 маусым 2019 9391 0
Оқу режимі

Мұсылманның сабырын сынап талай,
Беу, Рамазан, өттің бе тұрақтамай?! 
Сахабалар қауымын біз түгілі,
Сағыныштан сарғайтып жылатқан ай.

Мұхаммедке ﷺ келген ай пайғамбарлық,
Жақсылығын жаһанға жайған барлық.
Қадір түні түсірген көктен Алла,
Құраныңа хақ жолы байланған нық.

Қасиетін сездірген қара судың,
Тақуалық жолы ғой тамаша үлгің.
Жын-шайтандар жатқанда шідерленіп, 
Дұшпандығын үйреттің сәл ашудың.

Түсінетін ақырғы күн туарын,
Дос болмасы мүминге мүлкі мәлім.
Адамзатқа білдірдің аштығыңда,
Ақырет пен ілімнің кілті барын. 

Отыз күнің таусылды ол ақырын,
Тіршіліктің танытып солатынын.
Сенің ғана кезіңде ұғынды жұрт,
Ашқұрсақтың кеңпейіл болатынын.

Құлшылықтың жеткізіп және сырын,
Аштың елге бақыттың бар есігін.
Жанарымнан мөлт етті ыстық жасым,
Сәті келіп соңғы күн сәресінің.

Қош бол енді, биылғы Рамазаным,
Исламға бұйырған дана заңым.
Қияметте болғайсың шапағатшым,
Тән азабын тартқызбай жан азабын!

Қуансам деп жүректе жатыр үміт,
Райан атты қақпадан шақырылып.
Жасыл бағын Жәннаттың нәсіп ет деп,
Мадақтадым Раббымның атын ұлық.

Қимай-қимай қоштастым таңда мақпал,
Жиған иман мол сенен алған ақпар.
Келер жыл да ораза тұтайын деп,
Ниет қылдым қабыл ет, Аллаһу акбар!

Серікзат Дүйсенғазы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру