САБЫР

19 сәуір 2024 376 0
Оқу режимі

Дінімізде сабырлылыққа қатты мән беріледі. Аталарымыз "Асыққан шайтанның ісі" дегенде де сол сабырлылықты қаперге алу қажеттілігін ескертеді. Мәселе тек асығуда емес. Бұдан біз сабырдың шайтанға қарсы қойылатын мұсылман құралы екендігін түйсінеміз. Демек біз сабыр сақтай алмаған кездің бәрінде шайтан жетегінде кетеміз.

Сонымен "асығудың" - шайтаннан, ал "сабырдың" - Алладан екенін білдік. Ұғынықтылық үшін сабырды - ақ түс, ал асығуды - қара түс деп қабылдайық. Сонымен ол екеуі де бізге әсер етеді. Біз шайтан жетегінде кеткен кезімізді шартты түрде "асығу" деп атадық. Және ол екеуі де бізге әсер етеді дедік. Әсер еткенде олар бізді, иманымызды дейік, өз түсіне "бояй" бастайды. Аxиретте періштелер адамды осы "бояу" арқылы сұрыптайды. Соны білген біздің аталарымыз "Сабыр түбі - сары алтын, сарғайған жетер - мұратқа" деген данышпандықты ұрпағына мирас етіп қалдырған. Мән берсек, біз сабыр сақтай алу нәтижесінде өзіміз "боялған" түсті сап алтынға (кәміл инсан) айналдырамыз. Соған тұтастай "боялған" кезде (сарғайған кезде) мұратқа, яғни Алла әлеміне жетеміз. Діни тілде ол "жету" - миғраж деп аталады. Соған орай "Намаз - мүминнің миғражы" делінеді. Бірақ намаз оқығанның бәрі миғраж жасай алмайды. Себебі... Дұрыс. Ол мұратқа тек сарғайғандар ғана жетеді. Сондықтан да xадис шәрифте: "Бәлеге сабыр еткенге - 300, ғибадат етуге сабыр еткенге - 600, күнә істемеуге сабыр еткенге - 900 дәреже иxсан етіледі" делінеді. Себебі, адамның басына қиыншылық келуі, ауруға шалдығуы сияқты келеңсіздіктер ол адам үшін қайырлы болуы мүмкін. Жалпы басқа түскен бәле мен қиыншылықтар, қайғы-қасірет, ауру, тіпті аяққа кірген тікенге дейін, xадисте айтылатынындай, күнәлардың кешірілуіне себеп болады. Ал ғибадат етуге сабыр етіп шыдау бәлеге сабыр етуден қиын болғандықтан сауабы да көбірек болады. Мәселен бір ай ораза ұстау үшін де көп адам сабырлылық сақтай алмайды. Сол сияқты, таңертең ерте тұрып, дәрет алу, күніне бес рет намаз оқу да төзімділік пен сабырды қажет етеді. Ал күнә істерге бармай сабырлылық сақтау, ғибадаттан жоғары тұрады.

Иә, біз текетіресті, қайшылықты өмір кешеміз. Алайда біз оның материалдық жағына ғана мән береміз де, руxаниятын қаперге ала бермейміз. Болмаса ол бізді өз түсіне "бояумен" келеді. Олардың қандай түс екенін жоғарыда айттық. Сондықтан кімнің де болсын "сарғайғаны" ләзім. Аталарымыз айтпақшы, біз сонда ғана мұратқа жетеміз.

Құдияр БІЛӘЛ

Пікірлер Кіру