ШЕГІҢДІ БІЛ…

21 мамыр 2026 70 0
Оқу режимі

Бала күнімнен бері ішімде бір мазасыз күй бар еді: бәрі өз орнымен, тыныш, ретімен болса екен деймін. Анам ұйықтап жатса, бауырларым сыбдыр шығармай, тыныш отырса екен деп тілейтінмін. Бірақ оларды тыйып тастау менің қолымнан келмейтін. Сонда іштей булығып, өзімше күйзеліп қалатынмын. Мен үлкені де емес, жөн сілтер ақсақалы да емес едім ғой.

Есейе келе сол сезім менімен бірге ерді. Мешітке барсам да, өзімді жауаптыдай сезінемін. Имам емеспін, жасы үлкен де емеспін, бірақ бәрі тәртіппен, жарасыммен өтсе екен деймін. Балалар шуласа, біреу орынсыз қылық жасаса, екі адам сөзге келіп қалса — жүрегім шым ете түседі, өзім кінәлідей күй кешемін.

Жұрт жиналған жерде де солай: қонақасы басқа біреудікі болса да, бәрі сәтті өтсе екен деймін. Біреу артық сөйлеп, біреуді қағытса не ұялтып алса, ішім удай ашиды.

Жас ұлғайған сайын бұл күй тереңдей түсті. Ата-анам, бауырларым аман-есен, бақуатты болса екен деп тілеймін. Бірақ бір қиындық туа қалса, ойым сан-саққа жүгіріп, бәрін өзім түзегім келеді. Болмайтынды да болады деп, бәрін мінсіз еткім келеді.

Кейін өз алдыма шаңырақ көтердім, бала-шаға сүйдім. Бірақ баяғы күй тағы да қыр соңымнан қалмады. Балаларымның мектебі, ортасы, уайымы — бәрі менің жанымды жегідей жейді. Өзім сан тарапқа бөлініп кеткендеймін.

Сонда бір күні ойға қалдым: бұл жай ғана артық мейірім не сезімнің әлсіздігі емес екен. Бұл — Аллаға деген әдепті аттау, пенденің өзіне тиесілі емес іске килігуі екен. Әлсіз құлдың өз орнын ұмытып, шамасынан тысқа ұмтылуы екен.

Өйткені мен уайымдап жүрген жандардың тағдыры менің қолымда емес. Олардың несібесі де, өмір жолы да маған тапсырылмаған.

Иә, қолымнан келгені — дұға ету, ақыл айту, қолдан келгенше жәрдем беру. Бірақ бәрін бақылауда ұстаймын деу, бәрін өзім реттеймін деу, «мен болмасам, бәрі шайқалады» деп ойлау — бос қиял, құлдық әдебінен алыстау.

Бұл дүниедегі әр жанның Иесі — бір Алла.

Басқарушы да — Сол, билік те — Соның құзырында.

Сен ешкімге уәкіл де, күзетші де емессің.

Сенің қолыңда ештеңе жоқ — тіпті қылдай да салмақ жоқ.

Тәуекел — нағыз құлдықтың белгісі.

Раббыңды тану, өзіңнің пенде екеніңді ұғыну.

Барлық іс — Раббыңның қалауында, құзырында.

«(Жақып пайғамбар) айтты: “Уа, ұлдарым! Бір қақпадан кірмеңдер, әрқайсың әртүрлі қақпадан кіріңдер. Бірақ мен сендерді Алланың жазғанынан еш қорғай алмаймын. Үкім тек Аллаға тән. Мен Оған тәуекел еттім. Ендеше, тәуекел етушілер де тек Оған тәуекел етсін.”»

 

Abdulakhad SMANOV

Пікірлер Кіру