Сөйлеуге қатысты Пайғамбарлық 9 нұсқау

05 наурыз 2021 7187 0
Оқу режимі

Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында, кемел ғұмыр кешуінде орнымен, дәмді, дәйекті сөйлей білу, тауып айтатын тапқырлығы үлкен орынға ие. Өйткені ақылы кемел, кісілігі зор, білімі мол, адам ғана солай сөйлей алады. Ондай дәмді, қисынды, қысқа қайыратын қызықты, айшықты да әділ сөзді халық ұйып тыңдап, тура сөз – құдайы сөз деп тоқтаған.

«Өнер алды – қызыл тіл», «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады» деп тілді аспандата дәріптесе, енді бірде – «Басқа пәле – тілден», «Көнектей басыңа шүмектей тілің жау», «Айтылған сөз – атылған оқ», деп тірнектеп жиған абырой-беделіңді орынсыз айтылған сөздің айрандай қылып төгіп жіберетінін де айтқан. «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деген халық «Құлаққа кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп, сөз семсерін оңды-солды серпи берудің көңіл жаралайтынын, сондықтан, әрбір сөзге абай болуды меңзейді, сөзбен жұбатуға да, жылатуға да болады.

Алла Тағала осы тілмен пайғамбарларды жіберіп, осы тілмен дінді жеткізген, осы тілмен біз иманға келеміз. Құран Кәрімде:

   وَمَا أَرْسَلْنَا مِن رَّسُولٍ إِلاَّ بِلِسَانِ قَوْمِهِ لِيُبَيِّنَ لَهُمْ

«Біз әр пайғамбардың қауымына ақиқатты ашып түсіндірсін деп, тек өз қауымының тілінде сөйлейтін етіп жібердік»,[1] – дейді.

Тіл Алла Тағаланың ерекше жаратылысы екені жайында:

أَلَمْ نَجْعَلْ لَهُ عَيْنَيْنِ، وَلِسَاناً وَشَفَتَيْنِ

«Біз оған (көрсін деп) екі бірдей көз бермедік пе? (сөйлесін деп) бір тіл, қос ерін (бермедік пе)?»[2] – дейді.

Тіл – адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін негізгі белгі. Адамның ең басты ерекшелігінің бірі, төлқұжаты. Бұл жайында қасиетті Құранда:

الرَّحْمَنُ، عَلَّمَ الْقُرْآنَ، خَلَقَ الْأِنْسَانَ، عَلَّمَهُ الْبَيَانَ

«Рахман, (Алла)! (Адамдар мен жындарға) Құранды үйретті. Адамды (жоқтан) жаратты. Оған сөйлеуді үйретті»,[3] – деп келеді.  

Бұл дүниеде біз тілге үкім етіп, иелік етсек, қияметте ол біздің иелігімізден сусып шығып, Алланың әмірімен ғана сөйлейді. Бұл дүниедегі жаман-жақсы сөздерімізді  жіпке тізгендей етіп, алдымыздан шығарады, солайша біздің барар мәңгі мекенімізді айқындайды.  Бұған қатысты аятта:

 يَوْمَ تَشْهَدُ عَلَيْهِمْ أَلْسِنَتُهُمْ وَأَيْدِيهِمْ وَأَرْجُلُهُم بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ  

«Қиямет күні олардың тілдері һәм қол-аяқтары дүниеде не істеп не қойғанын жіпке тізгендей етіп айтып беріп, өздеріне қарсы куә болады»,[4] – делінген.

Адам баласы үшін тілдің өткірлігін жете түсінген бабаларымыз: «Ащы тілдің захары жылан уынанда күшті», «Адамды төрге де, көрге де сүйрейтін сол байлаусыз тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Он күнəнің тоғызы тілден екен» – деп бекер айтпаса керек.

Айтылған сөз атылған оқ демекші, айтқан сөзіңізді қайтарып ала алмайсыз. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге әп-сәтте-ақ тарап кетеді. Сол себепті тілін құрықтай білген, оған иелік еткен адам бұл өмірдің ұятынан, ақыреттің азабынан құтылары хақ. 

Сөйлеу барысында мұсылман адам пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі нұсқауларын  ескергені абзал:

Бірінші: Сөздің ең жақсысын таңдау

Адамдармен сөйлескеніңде сөздің ең жақсысын таңдап, әсемдеп айтуың Алланың құзырында садақа бергенмен бірдей. Сол себепті екінші адамға айтар сөзіңді  сыйлық ретінде сана. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

اِتَّقُوا النَّارَ وَلَوْ بِشَقِّ تَمْرَةٍ، فَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَبِكَلِمَةٍ طَيِّبَةٍ

«Тозақ отынан жарты құрма болсын садақа беріп сақтаныңдар, ол болмаса, жақсы сөз айтыңдар»,[5] – деген болатын.

Екінші: Сөздердің анық, ұғынықты шығуы.

Сөйлеу барысында асықпай, аптықпай ойдың екінші адамға анық жетуі – сөйлеу әдебінен. Айтқан сөзің екінші адамға ой салатындай мағыналы да болу қажет. Айша анамыздан жеткен риуаятта Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сөйлеу мәнері жайында былай деген:

ما كانَ رَسُول اللهِ يَسْرُدُ الْحَديثَ كَسَرْدِكُمْ هَذا، يُحَدِّثُ حَدِيثًا لَوْ عَدَّهُ الْعَادّ لَأَحْصَاه.

«Алланың Елшісі сөйлегенде сендер секілді сөйлемейтін, соңынан қайталаған адам жатап алатындай (сөзі ұғынықты, мағыналы) еді»[6].

Үшінші: Тыңдаушының деңгейіне сай сөйлеу.

Адам екінші бір адамға жауап бермес бұрын оның ойлау деңгейін, жасын, білімін, көңіл күйін, оған қатысты ұстанымын ескеруі тиіс. Бұл жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

أُمِرْنا أن نُكلِّمَ الناسَ على قدْر عقولِهم.

«Адамдармен ақыл деңгейлеріне сай сөйлеуге әмір етілдік»[7].

Төртінші: Айтылар мәліметтің дұрыстығына көз жеткізу.

Айтылар сөзі болжамға негіз артпайды. Мұсылман алып-қашпа әңгімелерден, дұрыстығында күмән туғызатын мәліметтерден аулақ болған жөн. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде қоғам алдында пасықтығымен танымал болған адамдардың жеткізген хабарына мұқият болу керетігі жайында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءَكُمْ فَاسِقُ بِنَبَأٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ

«Әй, мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер»[8], – деген,

Бесінші әділетті халифа деген атпен танымал Омар ибн Абдулазизге бір кісі келіп, әлдебір адам жөнінде жаман сөздерді айта бастайды.  Сонда Омар: «Бұл айтқан сөздеріңді тексеріп көрелік. Егер өтірік айтқан болсаң, «Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар» деген аятта айтылғандай, пасық адам болғаның. Егер сөзің рас болса, «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да (бой ұсынба)»[9] делінген адамдардансың. Ал егер сөзімді қайтарып алдым десең, айтқаныңа кешіріммен қарауға әзірміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Мені кешіріңіз, мүміндердің әміршісі! Енді бұндай іске бармаймын» – дейді[10].

Бесінші: Аз сөз  алтын, көп сөз – көмір.

Алла жолына шақыру, жақсылыққа үндеу, ілім беру секілді игі амалдардан өзге жағдайларда адам көп сөзден қашық болғаны жөн. Сөз көбейген кезде мейлі ол інжу-мәржанмен көмкерілсе де оның қадірі кетеді, көп сөзде өтіріктің орын алуы ықтимал. Ас тілді үйірерлік дәмді болса да шамадан тыс асыра желінсе, дәмі кетеді. Сол  секілді сөз де көбейсе берекесі жойылады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде көп сөйлеуден қашық болу керектігі жайында:

قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ (1) الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ (2) وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ (3) المؤمنون.

«Ақиқатында мүміндер тілегеніне жетті, олар намаздарында именіп тұратындар. Олар бос сөздер мен ойын-сауықтан аулақ»[11], – деп, мұсылман адамның бос сөзден аулақ болатынын меңзейді.

Алтыншы: Айтар сөзді ой елегінен өткізу.

Айтқан сөзің біреуге тікен болып қадалмау керек. Екінші бір адамның арына, намысына, рухани жарасын ашатын сөздерден аулақ болғаныңыз абзал. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Нағыз мұсылман басқа бір мұсылманға қолымен, тілімен зиян келтірмейді»[12], – деген.

Жетінші: Мәжілістегі ізеттілік.

Отырыста сенен жасы үлкен, ілімді, құрметті адам отырса, рұқсатпен сөйлегенің дұрыс болады. Ондай адамдар сөйлеген кезде сөзін бөлу, немқұрайлық таныту әдепсіз амалдардан. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үлкендерді құрметтеу турасында:

لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيُوَقِّرْ كَبِيرَنَا

«Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес»[13], – дейді. Қазақ нақылдарында бұл турасыда: «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без», – деген.

Сегізінші: Сөйлегенде күлімдеу.

Күлімдеудің сиқырлы күші бар. Күлімдеу – адам баласына материалдық та, физикалық та қиындығы жоқ дүние. Күлімдеу – ішкі дүниеміздің сыртқа көрініс беруі. Күлімдеп жүрген адам ешқандай шығынға ұшырамайды. Күлімдеу аз ғана уақытты алады, бірақ кейде мәңгілікке есте қалуы мүмкін. Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Дін бауырыңның жүзіне күлімсіреуің – сен үшін садақа»[14], – деген хадисі бар.

Тоғызыншы: Тілдің тазалығы.

Тіл арқылы адам иманға келіп, кәлимә шәһәдәт айтып, мұсылман болса, сол тіл арқылы оның ластығы себепті күнәға батады. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ، فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда қайырлы сөз айтсын яки үндемесін»[15], – деген. Сол себепті әр мұсылман екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоя білген абзал. Өйткені, адамның сөйлеу мәнері оның қаншалықты мәдениетті адам екенін көрсетеді.

Хамзат Әділбеков
«Сәдуақас Ғылмани» мешітінің бас имамы


[1] «Ибраһим» сүресі, 4-аят
[2] «Бәләд» сүресі, 8-9 аяттар.
[3] «Рахман» сүресі, 1-4 аяттар.
[4]«Нұр» сүресі, 24-аят.
[5] Бұхари хадистер жинағы
[6] Муслим хадистер жинағы
[7] Дәйләмидің хадистер жинағында келген
[8] «Хужурат» сүресі, 6-аят;
[9] «Қалам» сүресі, 11-аят;
[10] Доктур Мухаммад Мансур, «Әл-мухтасару әл-муфиду фи тәрбияти ән-нәфс», 27-бет;
[11] «Мүминун» сүресі, 1-3 аяттар.
[12] Муслим хадистер жинағы
[13] Сүнән ат-Тирмизи.
[14] Тирмизи хадистер жинағы
[15] Бұхари хадистер жинағы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру