ТАҚУАЛЫҚ – ИМАН АЙНАСЫ (Он екінші күн)

01 наурыз 2026 19 0
Оқу режимі

1 наурыз

Он екінші күн

ТАҚУАЛЫҚ – ИМАН АЙНАСЫ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. 

Адам баласынының екі дүниеде дәрежесінің көтерілуіне, жасаған игі амалдарының қабыл болуына, Жаратушысының құзырында ардақтылардың қатарынан болуына себепші болатын сипат – тақуалық. Асыл дінімізде тақуалық деп – пенденің Алла Тағаланың бұйрықтарын орындау мен тыйымдарынан тыйылуы арқылы Оның азабынан сақтануы айтылады. Бұрынғы өткен пайғамбарлардың барлығы да өз қауымдарын тақуалыққа шақырған. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімдегі «Ниса» сүресінің 131-аятында:

وَلَقَدْ وَصَّيْنَا الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ وَإِيَّاكُمْ أَنِ اتَّقُوا اللهَ

«Сендерден бұрынғы кітап берілгендерге де, сендерге де: «Аллаға тақуалық етуді өсиет еткенбіз!» – деп айтқан.

Тақуалықтың орны – жүрек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

التَّقْوَى هَاهُنَا

«Тақуалық мына жерде», – деп, қолымен жүрек тұсын үш мәрте нұсқаған (имам Мүслим). Қасиетті Құранда Алла Тағала біздерді тақуалыққа шақырып қана қоймай, жүрегінде тақуалық орнаған адамдардың бойынан көрініс табатын кейбір сипаттарды да баяндаған. Ол сипаттар мынадай:

Бірінші: ғайыпқа иман келтіреді

Ғайып адамның көзінен тысқары, көрінбейтін заттарға қолданылады. Ғайыпқа иман келтіру ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген хабарларына шын жүректен күмән келтірместен сенумен жүзеге асады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарында тақуа жандарды:

ذَلِكَ الْكِتَابُ لاَ رَيْبَ فِيهِ هُدًى لِّلْمُتَّقِينَ. الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ

«Міне, осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші. Сондай, олар ғайыпқа иман келтіреді», – деп сипаттаған («Бақара» сүресі, 2-3-аяттар).

Екінші: ашуларын ұстайды

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» демекші, тақуа жандар ашуларын ақылдарына жеңгізе біледі. Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 133-134-аяттарында Алла Тағала:

وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالأَرْضُ أُعِدِّتْ لِلْمُتَّقِينَ.الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей жәннатына жарысыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар –(тақуалар) кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарп еткендер. Сондай-ақ ашуларын жұтушылар, адамдарды кешірім етушілер. Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – деген. Бұл аяттарда Алла Тағаланың жарылқауы мен жәннаты тақуалар үшін әзірленгені баяндалғаннан кейін, тақуа құлдардың бірнеше сипаттары айтылған. Олар: таршылықта да, баршылықта да қолында барымен өзгелерге жәрдем беретіндер, ашуларын ұстай алатындар әрі өзгенің кемшілігіне кешіріммен қарағандар.

Үшінші: адамдардың кемшілігін кешіреді

Алла Тағала «Әли Имран» сүресі, 134-аятында тақуа құлдары жайында баяндағанда:

وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ

«Ашуларын жұтушылар, адамдарды кешірім етушілер» деп екі сипатты бірдей айтуы тегін емес. Себебі кейде адам өзгелер оның ақысына зиян тигізген кезде ашуына ие болғанымен, жүрегінде кек сақтап, бойында реніш қалып кетуі мүмкін. «Жақсы кісінің ашуы – шай орамал кепкенше» дегендей, тақуа жандар ашуын жұтумен қатар, өзін ренжіткен адамды бірден кешіріп жібереді. Осы себепті де қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 237-аятында Алла Тағала:

وَأَنْ تَعْفُوا أَقْرَبُ لِلتَّقْوَى

«Тақуалыққа ең жақыны кешірімділік етулерің», – деп айтқан.

Төртінші: нәпсісін жаман қалауларынан тыяды

Әдетте күнәлі істерге үйір болған адамдар шайтан азғырып, белгілі бір күнәлі іске шақырған уақытта, еш ойланбастан, оның азғыруына еріп кете береді. Ал тақуа құлдар шайтан оны күнәлі іске шақырғанда, оның азғыруына ермей, дінінде бекем болады. Қасиетті Құрандағы «Ағраф» сүресі, 201-аятында Алла Тағала:

إِنَّ الَّذِينَ اتَّقَوْا إِذَا مَسَّهُمْ طَائِفٌ مِّنَ الشَّيْطَانِ تَذَكَّرُوا فَإِذَا هُم مُّبْصِرُونَ

«Расында тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар еске алады да қырағылық істейді», – деген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз өлең жолдарында осыған байланысты:

Шайтанның, шамаң келсе, сындыр белін,

Ол иттің керек қылма жауын елін.

Бір іске өкінбейін деп ойласаң,

Нәпсіңнің достық айтқан алма тілін, – деген.

Ендеше, адам өзінің көңіл қалауын игеруі, оны жақсылыққа бағыттауы өте маңызды іс. Себебі адам көңіл қалауына еріп, нәпсінің айтқанымен жүріп кетсе, кейін өкінішке алып келетін, үлкен күнәларға дейін душар етуі мүмкін. Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 201-аятында Алла Тағала:

  وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ وَنَهَى النَّفْسَ عَنِ الْهَوَى .فَإِنَّ الْجَنَّةَ هِيَ الْمَأْوَى

«Кімде-кім Алланың алдында (сұраққа тартылып) тұрудан қорықса, нәпсіні қалауынан тыйса, оның барар орны жәннат болады», – деп айтқан.

Алла Тағала бойымызға тақуалық, істерімізге ізгілік нәсіп ет еткей! 

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру