ЗЕКЕТ АДАМГЕРШІЛІК ҚАСИЕТТЕРДІ ДАМЫТАДЫ

01 наурыз 2026 77 0
Оқу режимі

Зекет – Исламның бес тірегінің бірі. Тілдік мағынасы: «тазару, өсу, өну, арту, береке». Шариғатта зекет – нисапқа жеткен мұсылманның жыл сайын байлығының бір бөлігін Алла разылығы үшін Құранда көрсетілген адамдарға беруі.

Алла Тағала: «Намазды толық оқыңдар және зекетті беріңдер. Дүниеде өздерің үшін жақсы іс жасағандарың ақыретте де сауап болады» («Бақара», 110-аят) – дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ислам бес нәрсеге құрылған: куәлік, намаз, зекет, ораза, қажылық» – деп атап өткен.

Абай Хакім де бес парызды орындауды насихаттаған.

Зекеттің адам мен қоғамға пайдасы

  1. Нәпсіні тазарту

Зекет адамның сараңдығын жеңуге, жүрегіндегі рухани дерттерден арылуға көмектеседі. Шәкәрім бабамыз сараңдық пен шайтанның әрекетіне назар аударған. Құранда: «Кім өз сараңдығынан құтылса, сол табысқа жеткендер» («Хашр», 9-аят) – деп айтылған.

Зекет беруші мен алушының нәпсі тазарып, қызғаныш пен көреалмаушылық азаяды. Қаблиса жырау: «Малыңнан зекет бер, пәк болады дінің» – деп насихаттаған.

2. Сүйіспеншілік пен бірлік орнату

Зекет арқылы бай мен кедей арасындағы сыйластық пен қамқорлық артады. Халық даналығы: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» дейді. Абай Хакім мен Шәкәрімұлы да зекетті қоғамдағы үйлесім мен әділдік құралы деп сипаттаған. Ыбырай Алтынсарин да зекеттің қоғам үшін маңыздылығын атап өткен.

3. Мал-дүниеге береке әкелу

Алла жолында жұмсалған мал кемуге емес, көбейуге әкеледі. Құранда: «Алла жолында мал бергендердің мысалы – жеті бірдей масақ тәрізді, әр масағында жүз дән бар» («Бақара», 261-аят) – делінген.

Зекет беруші малынан береке тауып, мал-дүниесі артады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Садақа малды кемітпейді»
(имам Мүслим) – деп айтқан.

4. Жәннатқа жетелейтін амал

Зекет – тақуалардың сипаты және адамды жәннатқа жетелейтін амалдардың бірі. Құранда: «Тақуа жандар жұмақ бақшаларында, бастау-бұлақтардың басында болады. Олар қолындағы байлықтардан пақырларға беріп, Алланың разылығына бөленеді»
(«Зарият», 15-19-аят) – делінген.

Ибн Араби «хаққун» сөзін зекетпен байланыстырады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім бес амалмен (намаз, ораза, қажылық, зекет, нәпсіні көркемдеу) өмір сүрсе, жәннатқа кіреді» (имам Әбу Дәуід) – деп түсіндірген.

Қорытынды

Зекет – қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз ететін, әлеуметтік теңдікті арттыратын, рухани дамуды қолдайтын маңызды құлшылық. Ол бай мен кедей арасындағы байланысты нығайтып, адамгершілік қасиеттерді дамытады.

Рамазан айында зекет пен садақа беру ерекше сауап әкеледі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы айда ең жомарт жан болған, Жәбірейіл періштемен бірге Құранды қайталаған. Алла Тағала қасиетті айда ұстаған оразамызды, берген зекет, садақамызды және дұғаларымызды қабыл етсін. Әмин!

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер Кіру