ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСУ (Бесінші күн)

22 ақпан 2026 65 0
Оқу режимі

22 ақпан

Бесінші күн

ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСУ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Адам баласы табиғатынан жарысқа құмар келеді. Біреу байлық жинауда, біреу қызметте, енді біреу атақ-даңқта озуға тырысады. Алайда мұсылман үшін ең қайырлы жарыс – дүниелік мақсаттар емес, Алланың разылығына жеткізетін ізгі амалдардағы бәсекелестік. Абай атамыз өзінің 18-ші қара сөзінде:

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық», – деп, қандай қасиеттер адам баласы тырысуы керек екенін атап өткен.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

...فَاسْتَبِقُوا الْخَيْرَاتِ ...

«... жақсылықта жарысыңдар...», – деген («Бақара» сүресі, 148-аят).

Сол себепті баршамыз жай ғана жақсылық жасау емес, сол жақсылықты бірінші болып, ыждағаттылықпен, кешіктірмей жасауға тырысуымыз тиіс. Себебі уақыт қайтарылмайды, бүгін қолымызда тұрған мүмкіндік ертең ғайып болуы әбден мүмкін. Сондықтан жасауға мүмкіндігіміз бар жақсылықты ертеңге қалдырмай, дереу іске кіріскеніміз жөн.

Бірінші: жақсылыққа асығудың маңыздылығы

Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмметіне қатты жанашыр, әрі қамқор еді. Сондықтан ол мүміндерге уағыз-насихат айтып, оларды ізгі амалдар жасауға бағыттайтын. Оларды құлшылықта босаңсудан және бүгінгі ғибадатты ертеңге қалдырудан сақтандырып, мұның қауіпті екенін ескертетін. Өйткені мұсылман адам ертеңгі күннің өзімен бірге не алып келерін білмейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

بَادِرُوا بِالأَعْمَالِ...

«Жақсы амал жасауға асығыңдар...», – деген (имам Мүслим).

Сахабалар (Алла оларға разы болсын) осы өсиетті терең түсініп, ізгілік жолында шынайы жарысқа түсетін. Мысалы, Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) Әбу Бәкірден (Алла оған разы болсын) озу үшін мал-мүлкінің жартысын садақа еткенде, Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) барлық дүниесін әкеліп, «Алла және Оның Елшісін ғана қалдырдым» дегенін естіп: «Мен ешқашан сенен оза алмайды екенмін», – деп мойындаған.

Неге жақсылық жасауға асығуымыз керек?

Адам өмірі қамшының сабындай қысқа. Бүгін бар адам, ертең жоқ. «Кейін жасаймын», «қартайғанда намаз оқимын», «байығанда садақа беремін» деген сөздер, шайтанның алдауы ғана. Хасан әл-Басри (Алла оған разы болсын): «Егер біреудің сенен дүние ісінде озғанын көрсең, сен одан ақырет ісінде оз», – деген. Өйткені дүние жарысының соңы қабірмен бітеді, ал жақсылық жарысының соңы Жәннатқа жетелейді.

Екінші: жақсылықта жарысудың мысалдары

Жақсылықта жарысу дегенді тек үлкен қажылыққа бару немесе мешіт салу деп түсінбеуіміз тиіс. Әрбір ұлы іс кішкентай ғана әрекеттерден бастау алады. Сол сияқты жақсылықта жарысу да қарапайым нәрселерден басталады. Кішігірім мысалдар келітіріп өтер болсақ:

  1. Кешірімді болуда жарысу:

Біреу сізге жамандық жасаса, сіз бірінші болып кешіріп, сәлем беріп, араны түзетуге асығыңыз.

  1. Көмек қолын созу:

Көршіңізге, мұқтажға, жетімге қол ұшын беруде бірінші болу.

  1. Мінез-құлықта озу:

Ашуды жеңуде, жұмсақ сөйлеуде, уәдеге берік болуда өзгелерге үлгі болу.

  1. Отбасыға жақсылық жасау:

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

خيرُكُم خيرُكم لِأهْلِهِ ، وَأَنَا خيرُكم لِأَهْلِي

«Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың», – деген (имам Термизи). Үй ішін қуантуға асығу – үлкен сауап.

 

Құрметті жамағат!

Әрбір атқан таң – бізге берілген жаңа мүмкіндік. Бүгінгі күнімізді бос өткізбей, кішкентай болса да бір жақсылық жасап қалуға тырысайық. Өздеріңізге мәлім, дінімізде біреуге жылы сөз айтудың өзі – садақа.

Алла Тағала баршамызды жақсылықта жарысушылардан, ізгілікте алда болушылардан еткей! Елімізге тыныштық, отбасымызға береке берсін! Әумин

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру