ЖЕТІ АТА – ТЕКТІЛІКТІҢ НЕГІЗІ
Халқымыздың таным-түсінігінде тектілік дейтін қастерлі ұғым бар. Жұртымыз тектілігін сақтаудың арқасында өзінің ұлттық қасиетін және бірегейлігін жоғалтпаған. Өйткені тектілік ұлттың бойындағы қорғаныс қабілеті саналған.
Ғалымдардың пайымынша, адам баласына тектілік қасиет ұзақ уақыт сүзгіден өткен асыл дәстүр, терең ой, ғасырлық өмір тәжірибе, ұрпақтан-ұрпақ қа қан арқылы һәм тәрбие жолымен дариды. Қан арқылы берілетін қасиетті еш нәрсемен алмастыру мүмкін емес. Оған дәстүрлі қазақ қоғамының қойнауында пайда болған «тектіден текті туады, тектілік жолын қуады», «тектен нәр алған тозбайды», «тегінде бар тектілік», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан» деген ілкіден келе жатқан нақыл сөздер де дәлел.
Ұлттық тәрбиенің алтын қайнарынан сусындаған, бесікте жатқанда анасының омырауын бісмілләсіз ембеген, арам ас ішпеген, жан баласының ала жібін аттамау, хақысын жемеу ұғымы бойына терең сіңірілген, үлкендердің алдын кесе өтпейтін, өз ұлтының дәстүрі мен тілін қадір тұтатын, атам қазақтың «өлімнен ұят күшті» қағидасын қатаң ұстанған, ағайынға қайырымды, жатқа жағымды, уәдеге берік, аманатқа адал, мінезі көркем, ең бастысы құстың қос қанаты сияқты адамгершілік және имандылық қасиеті бір басына терең тоғысқан кісіні текті адам дейміз.
Текті адамда үш қасиет болады. Бірінші қасиеті арғы тегінен ажырамайды, екінші қасиеті рухани бастауынан бөлінбейді, үшінші қасиеті шындықпен бірге өмір сүреді. Қарға тамырлы қазақ халқының танымы бойынша тектіліктің өзегі – темірдей тәрбие. Яғни ұрпақ ұядан не көреді – ұшқанда соны іледі. Бұл тәмсілдің негізі мынадай: ұрпақ отбасында қандай тәрбие алады, ержеткенде дәл сондай болады деген сөз. Тектілік кездейсоқ қалыптаспайды. Ол ата-бабасының жақсы қасиеттерімен, парасаттылығымен беріледі.
Хәкім Абай тектіліктің деңгейін иманмен өлшеген. Өзінің қарасөзінде: «Толық мұсылман болмай, толық адам болмайды» деу арқылы иманды болмай, текті болмайды деген ой тастайды. Бұндай пайым Әл-Фараби бабамыздың трактаттарындада бар. Ғұлама бабамыз тәрбие мен білім бір адамның бойына терең тоғысуын тектілік деп білген. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген тұжырым жасаған.
Осы ретте қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани дүниесінде жеті ата ұғымының орны ерекше екенін атап өткен жөн. Бұл жай ғана ата-баба есімдерін жаттау емес, ұрпақты өз тегін тануға, өткенін құрметтеуге, ағайынмен тату өмір сүруге, отбасылық жауапкершілікті сезінуге тәрбиелейтін тағылымды дәстүр.
Қазақ қоғамында жеті атасын білу әр адамның ататегін тануының, туыстық байланысты сақтауының және ұлттық тәртіпті ұстануының маңызды бөлігі болған. Жеті атаны білу – атадан балаға жалғасқан дәстүр. Әр адам жеті атаға дейін жақын туыс саналып, сол себепті халқымыз жеті атаға дейін қыз алыспаған.
Халқымыздың «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөзі осының айқын дәлелі. Ал «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген халық даналығы жеті атаны білудің түпкі мақсаты тек шежіре жаттау емес, елдік сана қалыптастыру екенін аңғартады.
Шежіре атаулар тізбегі ғана емес, ол ұрпақ пен ұрпақты жалғаған рухани көпір болған. Ата-бабасының кім, қандай адам болғанын, елге қандай еңбек сіңіргенін білген бала өзінің де сол әулеттің жалғасы екенін сезінеді. Осыдан барып оның бойында «Мен кімнің ұрпағымын? Мен ата-бабама лайықты перзент болып жүрмін бе? Мен кейінгі ұрпаққа қандай із қалдырамын?» деген сауалдар қалыптасады.
Ағаштың тамыры, діңі, бұтағы болатыны секілді, әр әулеттің де өз тамыры, тарихы бар. Қазақ шежіресі халықтың шығу тегін, туыстық байланыстарын және тарихи жадын сақтаудың дәстүрлі тетіктерінің бірі болған. Тамыры терең ағаштың дауылға төтеп беретіні сияқты, тарихи жады берік халық та өзінің рухани негізін сақтайды. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа жеті атасын үйрету ұлттық сананы жаңғыртудың бір жолы болмақ.
Қазіргі уақытта ақпарат ағыны күшейіп, жаһандану үдерісі тереңдеген сайын жастардың өз болмысын, ұлттық негізін білуі бұрынғыдан да маңызды. Басқа мәдениеттерді тану жақсы үрдіс. Әлемге ашық болуымыз да қажет. Бірақ өзіңнің кім екеніңді ұмытпау одан да маңызды екенін ұмытпаған абзал. Мұны ұрпағымызға әрдайым айтып жүрейік. Өйткені өзгені құрметтеу үшін алдымен өзіңді тануың керек. Ал өзін танудың бір бастауы – ата-тегін білу.
Жеті ата ағайын арасын жақындастыратын дәстүр екенін жоғарыда айттық. Қазақ халқының жеті атаға ерекше мән беруінің тағы бір себебі – туыстық байланысты сақтау. Қазақтың дәстүрлі қоғамында туыстық қатынас әлеуметтік өмірдің маңызды тетігі саналған. Жеті атаға дейін жақын туыс саналуы және осыған байланысты неке тәртібінің сақталуы туыстық жауапкершілікті күшейткен. Бұдан біз бабаларымыздың отбасы мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарағанын көреміз. Өйткені отбасы қоғамның ең кіші бөлшегі ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі саналған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлығың жауаптысыңдар және әрқайсың өз қарамағыңдағылар үшін жауап бересіңдер», – деген. Бұл хадис адамның өз отбасы мен қарамағындағы адамдар үшін жауапкершілігін еске салады. Осы тұрғыдан қарағанда, жеті атаны білу – баршамызға ортақ асыл іс.
Қазақтың ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіре мәселесіне арнайы мән берген. Оның шежірелік еңбектері қазақтың тарихи жадын жүйелеуге бағытталды. Ғалымдар Абай мен Шәкәрім еңбектеріндегі шежірелік деректердің сабақтастығын да атап көрсе- теді. Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығынан біз бір маңызды тағылым аламыз. Ол – өткенді білу, өткеннен сабақ алу.
Тарихын білген адам өз заманын да дұрыс бағалайды. Шежіре адамды менмендікке емес, жауапкершілікке жетелеуі тиіс. «Мен пәленшенің ұрпағымын» деп мақтану оңай. Ал «Мен сондай жақсы адамның ұрпағы болсам, сол кісінің ізін жалғау үшін не істеп жүрмін?» деп өзіне есеп беру тектіліктің белгісі болмақ.
Қазақ тарихында ұрпағына өнеге болған әулеттер көп. Мысалы, Абайдың әкесі Құнанбай қажы ел басқару ісімен қатар, Меккеге барып, қажылық парызын өтеп, сонда тәкия салдырғаны белгілі. Ал Абайдың өзі қазақтың рухани ой-санасына өлшеусіз мұра қал- дырды. Шәкәрім оның жолын жалғастырып, білім мен ар-ұятты, адамдық пен имандылықты жырлады. Бір әулеттен бірнеше буынның ел руханиятына қыз- мет етуі тектіліктің тек қанмен емес, тәрбиемен жалғасатынын көрсететін ғибратты мысал.
Осыдан әр адам ой түйіп, үлкен сабақ алуы керек. Балаға үлкен мұра қалдыру үшін міндетті түрде байлық жинаудың қажеті жоқ. Оған адал есім қалдыруға, жақсы тәрбие, білім, ізгі амал қалдыруға болады. Өйткені ұрпаққа қалатын ең қымбат мұра адамның жақсы аты екені бәрімізге белгілі.
Ислам діні де адамның шыққан тегін тануын жоққа шығармайды. Алла Тағала Құранда: «Уа, адамдар! Шын мәнінде, Біз сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Расында, Алланың алдында сендердің ең абзалдарың – тақуаларың» («Хужурат» сүресі, 13-аят) деп баяндайды. Бұл аят бізге өте маңызды нәрсені баяндап тұр. Адамның тегі мен әулеті тану үшін берілген.
Ал адамның Алла алдындағы дәрежесін анықтайтын басты өлшем тақуалық пен ізгілік екені анық. Демек, Исламдағы тектілік ұғымы адамды ата-тегімен өзгеден жоғары қоюды білдірмейді. Керісінше, жақсы әулеттен шыққан адам өзінің ата-бабасының абыройын сақтау үшін одан сайын жауапты болуы керек. Сондықтан «Мен текті әулеттенмін» деп кеуде қағу емес, «сол әулеттің атына лайық болып жүрмін бе?» деп өзімізге сұрақ қойсақ нұр үстіне нұр болмақ.
Бабаларымыз ұрпағын арзан сезімге бой алды- рып, шалыс басудан сақтаған. Кезінде Құнанбай мен Алшынбайдың уағдаласып, Абайға Ділдәны айттыруы соның дәлелі. Төле би бабамыздың «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді» деп текті әулеттен шыққан ақылды, парасатты Данагүлді ұлына таңдап бергені белгілі. Сол Данагүл өз ауылына сыйлы, ақылды, дана келін ретінде ел есінде жатталып қалды.
Ақылдың көзіндей болған аталарымыз осылайша дүниеге текті, ақылойы зерек, дені сау ұрпақ әкелуді мақсат етті. Саналы, сапалы, салиқалы ұрпақ қана ұлт болашағы болатынын жете түсінді. Текті ұлдан елінің қамын ойлайтын отаншыл перзент, текті қыздан ерін сыйлайтын, пайым-парасатымен елдің анасына айналатын келін шығады.
Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ,
Шымкент қаласының бас имамы
«Иман» журналы, №11, 2026 жыл
Дереккөз: муфтият.кз