АБАЙ ТАНЫҒАН ТӘҢІРДЕН (АЛЛАДАН) БАСҚА «ТӘҢІРШІЛДІК» ЖОҚ

29 сәуір 2024 289 0
Оқу режимі

Қазіргі тәңіршілдік – секта. Ал исламнан бұрынғы түркілердің тәңір сенімі басқа. Ол қазірге дейін сақталған жоқ, ол исаммен синтезделген. Бұрынғы тәңіршілдікті іздегендер оны исламнан табады. Басқа жақтан іздеу, тәңіршілдікті қайта тірілтемін деу бос сандырақ. Өйткені түркі тектес халықтардың барлығы енді исламнан бас тартып, қайта тәңіршіл болуы 100% мүмкін емес. Сондай-ақ бұрынғы тәңіршілдіктің түп негізі жоқ, киелі кітабы жоқ, асылы сақталмаған. Ол исламға сіңген.

Қазіргі тәңіршілміз деп жүргендердің сиқы біртүрлі. Қарасаң исламға деген фобия мен агрессия бар, мәдениет жоқ, тіл тигізу, балағаттау, қаралау, жала жабу және т.б. Олардың қазақты ұйыстырып, береке-бірлігі жарасқан ұлтқа айналдыруы мүмкін емес. Өзара алауыздық пен қақтығыс туғызады.

Қазіргі тәңіршілдіктің пайда болуының бірнеше себептері бар:

1. Саяси жоба. Бұл жоба кезінде 19 ғасырда Патша үкіметінің кезеңінде басталған. Бірақ, қазіргі тәңіршілердің барлығы жобаның адамы емес.

2. Сәләфилік-уәһһабиліктің, тәкфиршілердің таралуы және олардың дәстүрді мансұқтауы.

3. Кейбір уағызшылардың қарабайыр, қате-қисық, дөрекі уағыздары және фанат әрекеттері.

Міне, қазіргі тәңіршілердің көбі сәләфилік-уәһһабилік пен дөрекі уағыздарға, дәстүрді мансұқтауға, діни фанаттыққа қарсы реакция ретінде бас көтерді.

Исламды біз таңдамадық, исламды сонау VIII ғасырдан бастап ата-бабаларымыз (қазір тәңіршімін деп жүргендердің де ата-бабалары) хақ дін ретінде қабылдап, кейінгі ұрпағына қалдырған.

Тек қазақтар емес, жалпы түркі тектес халықтардың барлығы бұрынғы сенімдерін VIII ғасырдан бастап исламмен алмастырған. Өйткені бұрынғы тәңір сенімі исламның құдай сеніміне өте жақын болатын және ислам бұрынғы тәңір сенімен әлде қайда ауқымды болды.

Түркілер исламнан бұрын да абсолютті бір күшке, Ұлы Тәңірге сенген, оған иман еткен. Ал қазір барлығын жаратушы, абсолютті құдірет иесі Аллаға сенеді. Оны бұрын Тәңір десе, исламмен бірге Алла деп атады және қазір екеуін ортақ мағынада қатар қолданады.

Көне түркілердің тәңір түсінігіне панисламист немесе қазіргі тәңіршілдік көзқараспен баға беріп, тұжырым айту дұрыс нәтижеге апармайды. Қалай болғанда да тәңір сенімі мен оған байланысты әдет-ғұрыптар – жалпы алғанда түркі халықтарының, жеке алғанда қазақ халқының исламға дейінгі рухани таным-түсінгін құрайды. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті түркі халықтарының, жеке алғанда қазақ халқының исламнан кейінгі, қазірге жеткен дәстүрлі дүниетанымы мен әдет-ғұрып заңдары да тәңір сенімінен бастау алады. Алайда ол қазірге дейін исламмен синетезделіп, ислами негіздермен үйлесімді құндылыққа айналған. Сол себепті енді қазақтың салт-дәстүрі мен исламды ажырату мүмкін емес.

Бұл жатырқарлық әрі айыптарлық құбылыс емес. Әзірет Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар да мүшрік арабтардың исламнан бұрынғы әдет-ғұрыптарының барлығын жоққа шығарып, терістемеген және оларды ислами негіздермен сабақтастырған.

Жалпы хақ дін қандай бір ұлттың ділі мен тілін және әдет-ғұрыптарын жою үшін келмейді. Әрине, иман негіздеріне, әсіресе тәухид түсінігіне қайшы дүниелерді терістейді. Өйткені ол абсолютті ақиқат пен Құдай сеніміне қайшы.

Тәңіршілдік туралы өткенде Нұр-Мүбарак университетінің ұстаздарының екі бірдей еңбегі жарық көрген. Бұрынғысы мен қазіргісін қамтыған кең мағлұмат үшін Мұхан Исахан ұстаздың "ТӘҢІРШІЛДІК" кітабына жүгінуге болады.

Jolaman Bulan

 

Пікірлер Кіру