АЛТЫНҒА САТЫЛМАҒАН АР немесе АТЫМТАЙ ЖОМАРТ ТУРАЛЫ АҢЫЗ (Ғибратнама)

10 наурыз 2026 59 0
Оқу режимі

-Ертең дастархан жайылсын! Тамақтың барлық түрі, жеміс- жидек, балықтың алуан түрі не бар қазынада барлығы қойылсын! Сосын патшалығымыздың 5 жылдық құрметіне орай халқымның орта жастан жоғарғысы, бай кедейге қарамай барлығы сарайға шақырылатын болсын! Сыймаса бір неше мәрте дастархан құрылсын -деп Тубьа патша бас уәзірге әмір берді.

Соңғы кезде далада, сарайда барлық жерде жұрт аузынан шығатын әңгіме араптардың Тай руындағы Хатим (Атымтай) туралы болып кетті. «Хатим Тай бүйтіпті, Хатим Тай сөйтіпті, шіркіннің жомартын ай»- деп таңдай қағып тамсана айтылып жатқан әңгімені құлағы жиі шалып қалып жүр. Осы жұрт қызық деп ойлады ішінен.

«Мен сияқты әділ патшаның жақсылықтарын көрмейді де, дастархан жайып ас берген қайдағы біреуді мақтай береді. Ее, ашқұрсақ байғұстар қайтсын. Содан жеген, тойғандарына мәз. Өрелерінің жеткен жері сол болар»-деп іштей халқына ренжіп қойды.

«Қаншама дұшпандардан қорған болып, дау -дамайларын әділ шешіп беріп жүрсем де біз байғұста қадір жоқ!-деген түйдек- түйдек ойлар санасынан өтіп жатты.

Содан:

«Бұндай құлқынның құлы болып кеткендерге ас берсең жағады екенсің ғой!»

Міне осы ойдан кейін жақсылап ас беру керек деген шешімге кеп, уәзірін шақырып алып, беріп жатқан тапсырмасы еді бұл.

Сарайға дастархан жайылып, бай -кедей деп бөлместен жұрт шақырылды. Сыймағандар сарай ауласына отырды. Ас ішіліп болған соң, тарқасқан жұрт не деп-жатыр деп халық арасына тыңдаушылар жіберілді. Сондағы олардың айтып келгені:

«Патшамыздың берген асы қандай керемет болды, дастарханы Хатим Тайға жақындап қалды»

«Хатим Тай-дан озған жомарт бар екен ғой»- дегенді күткен Тубьа патшаның, әрине соншама рәсуә жасап дастархан жайғандағы естиін дегені бұл еместұғын.

Патшаның бойын ашу биледі. Қызғаныштан жүрегі жарылардай болып тұр еді.

Ішінде бір дауыс: «Қайдағы бір шөлдегі бәдәуи арап беделімді жермен жексен етті! Бұның есесін ол өтеуі керек. Оның көзі құрымай халық сенің жомарттық пен мәрттігіңді тани алмайды!»

Шешім қабылданды. Хатим Тай өлу керек!

Солайша ол күшті бір жігітті тауып, қолына екі жүз грамм алтын береді. Істі бітірсе, үстіне тағы соншама алтын қосып беретінін айтады.

Алтынды көрген әлгі жігіттің көзі жайнап, қылышын қайрап, дереу аттанып кетеді сапарға.

Солайша ол сұрастыра жүріп, Тай руына жетеді. Сол жерде жүзі жарқын, өзі сияқты алпамса денелі бір орта жастағы жігіт ағасына жолығады. Әлгі кісі: - Қош келдің, батыр! Қатты шаршаған сияқтысың. Бүгін менің қонағым бол! - деп үйіне алып кетеді.

Түні бойы қонағына бар ықыласымен қызмет етіп, молынан сый-құрмет көрсетеді. Жайылып төсек, иіліп жастық болады.

Таң атып, қонақ жолға шықпақ болғанда, үй иесі бірнеше күнге қалуын өтінеді. Қонақ болса: - Өте маңызды шаруам бар, тезірек жетуім керек, - дейді.

Жақсылық жасаудан ләззат алатын үй иесі: - Шаруаң не?! Мүмкін көмегім тиер айтып қал - дейді.

Қонақ: - Уа, асыл адам, сен өте жомарт жан екенсің. Жақсылықты сүйесің, айтқан сырымды сақтайтының анық. Мен Хатим деген кісіні іздеп жүрмін. Оны танисың ба?-дейді.

- Хатимде не шаруаң бар? деп сұрайды үй иесі.

Қонақ не үшін келгенін айтып беріп:

 - Осы істе маған көмектесе аласың ба? - дейді.

- Әрине, көмектесуге болады. Бірақ бұл оңай іс емес. Егер айтқанымды істесең, қиындықсыз бітеді, - дейді үй иeci.

- Не істеуім керек? - дейді жігіт.

-- Хатим сен сияқты батыр адам. Бәлкім, оны өлтіре де алмайсың. Мен саған оның тұрған жерін айтайын. Бірақ егер өлтіре алмай, іс әшкере болса, орнын көрсеткенім үшін ол мені өлтіруі мүмкін. Сондықтан менің қолым мен аяғымды байла. Зорлап айтқызғандай болсын - дейді.

Солайша әлгі қонақ үй иесінің қол-аяғын мықтап байлаған соң сұрайды:

 - Хатим қайда? Сонда әлгі жігіт:

- Хатим деген адам - менмін. Егер менің басым сенің ісіңе жараса, неге бермейін? Қонақтың тілегін орындау, көңілін табу - менің ең үлкен мұратым. Қане, өлтір де, ешкімге білдірмей кет!-дейді.

Мұны естіген жігіт не істерін білмей, Хатимнің аяғына жығылып:

- Саған гүл жапырағымен ұрған адам да опасыз. Мені кешіре гөр! - деп жалбарынады.

Сосын екеуі қоштасып, жігіт әміршінің алдына барып, болған жайдың бәрін айтып береді де берген алтындарын қайтарып беріп:

-Уа, Әміршім! Бұйрығыңызды орындай алмадым. айып менен. Шабам десеңіз міне басым -деп мойнын иіпті.

Мұны естіп, қателігін түсініп, тәубеге келген Тубьа патша:

- «Тасып әкелген сумен диірмен айналмайды» -деген! Жомарттық мал-дүниемен емес, адамның болмысынан екен. Хатимнің жомарттығы - оның жаратылысынан және табиғатынан, көркем мінезінен екен. Ал мен табиғатым да болмаған нәрсені мақтан үшін, даңқ үшін сатып алмақ болдым. Әрі сол жолда, шайтанның сыбырына көніп, қайран аптал азаматты, көңілі дархан, бұл дүниеге ұқсасы келе бермейтін абзал жанның көзін құртпақ болыппын ойлап отырсам! Қате менен, мойындаймын. Ал сен тапсырылған істі артығымен орындадың. Өлтірмегенің өте абзал болған! - деп уәде еткен Алтынды екі есе қып береді!

Міне осылайша Тубьа патша тәубесіне келіп, кейін өзінің Әділдігімен ел аузында қалған еді!

 

Пікірлер Кіру