“АРАБҚҰЛ” ДЕЙТІН АДАМДАР ӨЗ ТАРИХЫНА БАЛТА ШАУЫП ОТЫР

10 қаңтар 2024 1254 0
Оқу режимі

Кеңшілік ТЫШХАН: Қазақшылық пен мұсылманшылық – біртұтас ұғым

Бірінші дін бе, әлде ұлт па? Қазақ «шеше» деген сөзді жаман мағынада қолданғаны рас па? «Арабқұлдар» деген кімдер? Қазіргі күні қазнетті шулатып тұрған «хит» тақырыптардың бірсыпырасы осындай. Желідегі жөн-жосықсыз дау-дамай мен дүрбелеңнің туындауына арандату мақсатында арнайы жарияланатын жазбалаларды былай қойғанда, кейбір уағызшы имамдардың ұшқары пікірлері де себеп болып жатқаны жасырын емес. Біз белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышханды әңгіме тартып, діни саладағы талас-тартыстың ақ-қарасын ажыратып, анық-қанығына жетуге тырыстық. – Әсерлі де өтімді уағыздарымен әлеуметтік желіні жаулап алған жас имам Нұрсұлтан Рысмағанбетұлы есімді бауырымыздың «Алла сенің ұлтыңды сұрамайды, дініңді сұрайды» деп дінді ұлттан жоғары қойған пікірі қазіргі күні көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Оны кінәлаушылар да, қолдаушылар да табылды. Сіздің ойыңызша, бірінші дін бе, әлде ұлт па?

– Кез келген салада талқылауға болатын және талқылауға болмайтын тақырыптар бар. Соның бірі – адамның діні мен ұлтының орнына қатысты әңгіме. Адам баласы үшін бұл екеуінің де маңызы айрықша. Ислам дінінде адамның ұлтына қатысты айтқан өсиеттер көп. Мысалы, бауырластық туралы. Бауыр болу, туыстық қатынас дегеннің өзі айналып келгенде ұлтқа қатысты ұғымдар. «Бір мұсылман екінші мұсылманға өзіне қалағанын қаламайынша шынайы иман еткендей болмайды» деген хадис бар. Біз мұсылманның бәрін бір туыс-бауыр деп қабылдаймыз. Бірақ бұл жерде мұсылманшылық менің ұлтымнан жоғары деген салыстыру шықпауы тиіс. Құранда «Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» дейді. Мұсылманшылық та, ұлт та – Құдайдың берген дүниесі. Оның бірін екіншісінен артық қою дұрыс емес. Ол «Анаңды жақсы көресің бе, әкеңді ме?» деген сұрақпен бірдей. Осы секілді кейбір киелі ұғымдар өзара салыстыруға жатпайды. Ал егер салыстырып, бірін екіншісінен жоғары қоятын болсақ, қазіргідей дау-дамай туындап кетуі мүмкін. Өйткені егер мен «Бірінші қазақпын, содан кейін мұсылманмын» десем, онда менің иманым екінші орынға түсіп қалады. Ал керісінше айтсам, онда ұлтымды төмендетіп жіберемін. Менің ойымша имамдарымыз алдағы уақытта мұндай талас тудыратын пікірлерді айтудан аулақ болғаны жөн. Өйткені кешегі «бірінші дін, одан кейін ұлт» деген сөзден кейін «Бұл имамдар қазақтан гөрі арабты немесе пәкістандықты артық көреді екен» деп түсініп қалып жатқаны жасырын емес. Жалпы біздің халықта «қазақ» пен «мұсылман» сөздері бір-бірінен айырғысыз ұғымдар. Түріктердің мынадай сөзі бар: «Түрік десе мұсылман еске түседі, егер мұсылман емес болса, ол түркілігін де жоғалтқаны» дейді. Сол сияқты бізде де қазақшылығымыз бен мұсылманшылығымыз – біртұтас дүние. Мұсылмандықтан кеткен адам қазақилығын да жоғалтады. Өйткені ислам діні – біздің қанымызға сіңісті болған құндылық. Дәстүрімізді алып қарасақ, оның ішінде көптеген діни нормалар бар. Біз дін мен ұлт ұғымдарын бір-бірінен ажыратып, бірін екіншісінен жоғары қоятын емес, керісінше екеуінің арасын жақындататын тақырыптарда сөз сөйлеп, насихаттауымыз керек.

– Қоғамды дүрліктірген тағы бір дау – ана мен шешеге қатысты сөз. Өзіңіз білесіз, Қабылбек Әліпбайұлының «шеше» сөзіне қатысты пікірі сынға ұшырады.

– Бір жағынан жас әрі білімді имам жігіттердің елді имандылық пен қайырымдылыққа шақырып, адал мен арамның ара-жігін түсіндіріп жүргенгеніне қуанасың. Өйткені дәстүрлі дінді насихаттайтын мамандардың көбеюі дәстүрлі емес діни ағымдарға еретін адамдардың санын азайтады. Яғни Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттерде жұмыс істейтін имамдарымыз сырттан теріс насихат жасайтын пиғылы теріс «шейхсымақтардың» арбауына тосқауыл болып жатыр және оларға ілескен адамдардың бетін бері бұруда. Бірақ уағыз айтқанда да бір адамның барлық саладан хабардар болуы мүмкін емес екенін еске тұту керек. Қанша жерден жан-жақты білімді болсаң да, барлық ғылымды терең білу мүмкін емес. Басқа мамандықтарды былай қойғанда, дін ғылымының өзі ішінде түрлі салаға тармақталып жатыр. Бір адам оның бәрін жетік меңгере алмайтыны ақиқат. Сондықтан сауатты да сауапты насихатымен елге танылған имам бауырларымыз өздері тереңнен біле бермейтін тақырыптарға жоламаса деген тілегіміз бар. Үлкен аудиторияның алдында сөз сөйлегеннен кейін оған қойылатын сұрақтар да әртүрлі бағытта болуы мүмкін. Жоғарыда айтқандай, абсолютті білімді адам жоқ. Сол үшін білетін тақырыбыңды ғана қаузап, білмейтініңді жылы жауып қойған дұрыс. Менің ойымша «ана» мен «шешеге» қатысты әңгіме осындай қателіктен туындап отыр.

– Сонда «шеше» деген жаман сөз емес қой?

 – Қазақтың дүниетанымыда «шеше» сөзі де «ана» секілді сакральді ұғым. Бұл екеуін біз жақсы мағынада да, жаман мағынада да қолданамыз. Имам «Ана деген жақсы сөз, ал шеше деп баласын тастап кететін әйелдерді айтқан» дейді. Бірақ қазақта баласын тастап кететіндерді қазақ «көкек ана» деген. Сол сияқты «шеше» деген сөзді тек жаман мағынада қолданбайды. «Қайран шешем», «әке-шеше» деген көптеген сөздер бұған дәлел. Сондықтан бұл дау-дамай мәселенің байыбына бармай эмоциямен айтылып қалған қателік деп есептеймін. Осы жерде еске сала кетер маңызды нәрсе, қаталеспейтін адам жоқ екенін де жадымыздан шығармайық. Имам бір рет қателесті екен деп жерден алып, жерге салуға тағы болмайды. «Енді халықтың алдына шығып уағыз айтпасын» деп қатаң талап қою да дұрыс емес. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей, пенде баласы болған соң оған қателесу тән. Негізі имамдардың халықты жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару жолында атқарып жатқан еңбегі мол. Зияны емес, пайдасы көп. Бір қателескеніне бола жұртқа беріп жатқан ізгі ілімі мен жақсылығын аяққа таптауға болмайды. Сондай-ақ имамдардың өздері де осындай сәттерден сабақ алып, келесіде даулы тақырыптарға жоламайды деп үміттенемін.

– Осындай келеңсіздіктерден кейін онсыз да сәнге айналып үлгерген «арабқұл» деген сөзді айтушылар тіпті көбейіп кеткендей. Бұған қандай пікір білдірер едіңіз?

 – «Жаптым жала, жақтым күйе» деген сыңайда таңылатын мұндай негізсіз әрі ұшқары айдарларға көңіл аудармай-ақ қоюға болушы еді. Алайда қоғамда көп талқыланып, кеңінен таралып жатқаннан кейін біз бұған түсініктеме беруіміз керек. Мұсылмандық деген қазақтың санасына сіңісті болып кеткен ұғым. Дінге қырын қарайтын адамдар «Сен мұсылмансың» десе, ол ешкімнің көңіліне тимейді. Сондықтан олар дін жолындағы азаматтарға, соның ішінде имам-молдаларға күйе жағу мақсатында «арабқұлдар» деген жаңа сөзді ойлап тапты. Осы арқылы олар өзінің тарихына да балта шауып отыр. Негізінен бұл өте ауыр айыптау. Ғасырлар бойы мұсылман болған ата-бабасын да «арабқұл» қылып, сол арқылы қоғамға жік салып жүр. Бұл сөз имандылық жолындағы азаматтарымызды діннен қайтарып жібермейді. Бірақ ішкі тұрақтылыққа белгілі бір деңгейде іріткі салуға жеткілікті. Ислам және христиан діндері әлемдік, ал иудаизм, синтоизм, индуизм секілді діндер ұлттық діндер деп саналады. Исламды тек араб халқы ұстанбайды. Ол ең алғаш рет араб жерінде, ұлты араб пайғамбарға түскенімен, қазір оны көптеген халық ұстанып отыр. Олардың бәріне «арабқұл» деп айдар тағу қателік. «Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан артықшылығы жоқ» деп пайғамбарымыздың өзі де айтып кеткен.

– Осындай оқиғалардың көбейіп кетуіне не себеп деп ойлайсыз? Дінге қарсы жұмыс істеп, діни алауыздық тудыруды мақсат тұтқан бір арандатушы топтар бар секілді ме?

– Әлеуметтік желілер ең алғаш пайда болғанда ол жерде негізінен танымдық дүниелер жарияланатын. Қазір жұрттың эмоциясын оятуға бағытталған негативті жазбалар көбейіп кетті. Оның ішінде тапсырыспен жарияланатындар немесе табыс табу мақсатында шығарылатын посттар да бар. Әрбір адам іштегі ренішін, эмоциясын, жан сырын желіге ақтаратын болды. Адамның бәрі виртуалды әлемге байланғандықтан халыққа сол арқылы әсер етуге болатынын сезген түрлі арандатушы топтар да әлеуметтік желі арқылы өз жобаларын іске асырып жатуы әбден мүмкін. Соның ішінде исламға қарсы бағытталған зымиян әрекеттер де жоқ емес. Бірақ мен тарихта талай қиыншылықты көрген біздің халқымыз әлгіндей арандатушылықтарға, әсіредіншілдікке, ішкі тұрақтылығымызды бұзуды көздеген теріс әрекеттерге байсалдылықпен қарап, соңынан ермейді деп үміттенемін. Қоғамда жұрттың алдында жүрген аузы дуалы, зиялы тұлғаларымыз елдің шырқы бұзылмай, бірлігі сақталуы үшін жұмыс істеуі керек. «Ит үреді, керуен көшеді» деп бейқам жүрмей, қоғамды қырықпышақ етуге бағытталған теріс пікірлер мен қауесеттердің алдын алып, халықты дұрыс жолға жетелеп отыру – бәріміздің мойнымыздағы міндет.

 – Дінаралық араздықтың, бір ұлттың өзін бірнеше діни ағымға бөлудің салдары қандай болуы мүмкін?

 – Қазақ өз тарихындағы барлық қиындықты ұлттық және діни біртұтастығы арқасында жеңіп шыққан. Ал қазір әлеуметтік желіде, басқа да орындарда айтылып жүрген діни дүрдараздық тудыратын жазбалар мен видеолар біздің осы бірлігімізді бұзғысы келеді. Егер оған жол берсек, Таяу Шығыс жеріндегі кикілжіңдер бізді де айналып өтпейді. Сирия секілді мемлекеттерде дәл осылай діни алауыздықты қоздырып, дінаралық қақтығыстарды тудырып, нәтижесінде елдің тұтастығын бұзған. Соған бағытталған идеологиялық жұмыстарды жүргізу арқылы мемлекеттің шаңырағын ортасына түсірді. Бұл көп шығынды қажет етпейтін, бірақ салдары өте ауыр болатын қитұрқы әрекеттер. Бізде бұрын бай мен кедейді, ру мен руды бір-біріне айдап салса, енді қазір дін арқылы жік тудыру кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Мұның соңы үлкен трагедияға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан бұған мемлекет те, діни қайраткерлер де сергек қарап, дер кезінде алдын алып отыруы қажет.

 – «Арабқұл» дегеннен шығады, кейде бұған «имамдар неге тек арабтың тарихын айтады, арабтың тұлғаларын насихаттайды. Өз тарихымызды неге айтпайды?» деген әңгіме де себеп болып отырған сыңайлы. Бәлкім мешіттерімізде қазақтың тарихы, мемлекеттік тіл туралы уағыз-насихатты көбірек айту керек шығар?

 – «Жақтырмаған бақсының демі сасық» демекші, «арабқұл» деген әңгімені айтатындар – түбегейлі дінге қарсы адамдар. Мың жерден қазақтың тарихын, ана тіліміз жайында уағыз айтып жатсаң да, олар бәрібір дінді, имамдарды қаралайтын ілік табады. Ал мемлекеттік тіл мәселесіне келсек, мешіттеріміз ана тілімізді жетілдіру жолында тек сөзбен айту ғана емес, іс жүзінде үлгі көрсетіп жатқан бірден-бір орын десек қателеспейміз. Еліміздегі 2700-ден астам мешітте діни уағыз-насихаттар толықтай қазақ тілінде жүреді. Соңғы жылдары жұма намазы алдындағы құтпада, уағыздардың ішінде қазақ дін ғұламаларының еңбектерінен мысалдар, даналық сөздер, мақал-мәтелдер қосып айту жолға қойылып келеді. Өкінішке қарай, кеңестік заманда қазақтың діни тарихын айтпағанда, жалпы тарихының өзі жадымыздан өшірілді. Соның салдарынан тарихта болған дін ғұламаларының аты-жөндерін, жазған еңбектерін ұмыттық. Қазір енді ғана зерттеліп, кейбірінің аты-жөндерімен танысып жатырмыз. Сондықтан біз өзіміздің діни тарихымызды ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге жетуіміз үшін әлі біраз зерттеулер керек, бірталай уақыт қажет. Қазақ ешқашан дінсіз болмаған, әлемді мойындатқан ғұламаларымыз көп. Оның бәрін ұрпаққа таныту – уақыт еншісіндегі мәселе. Жалпы ұлттық құндылықтарды ұлықтауда имамдарымыз құралақан емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басымдық берілген жұмыс бағыттарының бірі – дін мен дәстүрді дамыту. Осы мақсатта мешіттер тарапынан ұлттық ойындар, оның ішінде асық ату, көкпар, садақ атудан жарыстар ұйымдастырылып келеді. Айтыстар мен мүшәйралар өтіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда имамдар өз деңгейінде ана тіліміз бен дәстүріміздің насихатталуына өз үлестерін қосып жатыр. Ауызды қу шөппен сұртуге болмайды.

 – Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен – Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

 


 

 

Дереккөз: казислам.кз

Пікірлер Кіру