"АЯҚТЫ АЙҚАСТЫРМА"

18 қаңтар 2024 914 0
Оқу режимі

Қазақтар аяқты айқастырғанды алдағы басып өтер жолын тұйықтау, өзіне-өзі тосқауыл қою санап тыйымдаған. Сонымен бірге аяқты бір-біріне мінгестіруді тұрпайы әдепсіздіктей қабылдаған. Әсілі, бұлай отыру ертедегі көне қазақ қоғамында болмаған екен. Бұл өзі ағаш орындыққа шоқиятын елдерден келген әдет.

"Ауру - астан, әдет - достан" дегендей, ешкімді жат көрмейтін кеңқолтық халықпыз, өзгелермен достасқан сайын еліктей бергенбіз ғой. Енді, міне, бүгінде ер-әйел демей, жасөспірім бала демей, қыз-қырқын демей, кез келген орында аяқты айқастырып шіренетін болды. Бір жолы телеарнадан ұлттық киім-кешек тігетін кәсіпорны бар ханым

есіп сөйлеп, шығарған киімдерін жалаулата жарнамалап жатты. Өзі қысқалау сәнді көйлек киген екен, аяғын айқастырып отырғанда қара санына дейін жалаңаштанып көрініп тұрды. Отырған ол емес, көрген мен ұялдым. Оның ұлттық киім тіккіштігін қайтейін, оны бізге кигізбек болғанын қайтейін, әлгі "өзің дуанасың, кімге пір боласың" деген осы сияқтыларға арналған-ау шамасы...

 

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру