Баланы қалай мақтаған дұрыс?

13 қаңтар 2021 6689 0
Оқу режимі

Бала өзінің әрбір жақсы әрекетіне мақтау күтеді. Бұл заңды. Біз реті келсе, мақтаймыз, реті келмесе, мән бермей жатамыз. Мақтаған дұрыс. Бірақ оның да өз реті мен тәртібі бар екен.

Психологтар баланы мақтаудың өз ережесін анықтапты. Қысқаша ол былай баяндалады:

  • Нақты бір істі ғана мақтау керек, бірақ сонымен қатар  жетістіктерін назарсыз қалдыруға болмайды
  • Мақтау шартсыз болуы тиіс, яғни, мақтап келе жатып, «бірақ» деп өзіңіздің шартыңызды айтушы болмаңыз,
  • Мақтаған кезде (ұрысқан кезде) баланың жеке  іс-әрекетіне қатысты ғана сөз қозғау керек.

Ересек болсын, бала болсын, кез келген адам өзінің жақсы ір-әрекетінің мойындалғанын қалайды. Мектепте оқығанда, студент кезімізде біздің еңбегіміз жоғары ұпайлармен немесе бағалармен белгіленіп отырды.  Содан кейін біз жұмысқа шығамыз, ол жерде жалақы төленеді, жетістіктер үшін, қосымша сыйақы тағайындалып, демалыс те берілуі мүмкін. Бірақ соған қарамастан, біздің оқытушыдан, бастықтан, достарымыз бен жақындарымыздан мақтау-мадақтау естуге деген сұранысымыз артпаса, төмендемейді.Мақтау сөздер адамға күш-қуат беріп, жаңа істерге жетелеуге көмектеседі. Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаса керек.

Мектеп жасына дейінгі балаға баға қоймайды, жалақы төлемейді. Сондықтан ол үшін ата-анасының мақтауы – оның жақсы әрекетінің негізгі «бағасы». Баласына жақсылық тілейтін әрбір ата-ага баласын қолдап-қолпаштап отыру керек. Баласының өзіне сенімді, өмірді жақсы көріп өсуіне жағдай жасау керек. Бірақ әрбір ата-ана баланы қалай мақтау керектігін біле бермейді. «Артық қыламыз деп, тыртық қылып алмау» үшін не істеу керек?

  • Баланы нақты ісі үшін ғана мақтаңыз. Мақтаған кезде, бала нені жақсы істегенін және не үшін ол жақсы іс болып саналатынын түсінетіндей болу керек. Мысалы, егер оның жақсы суреті үшін мақтасаңыз, «мына күннің суретін қанда әдемі салғансың! Мына торғайың тура шығыпты» деп нақты не үшін мақтап отырғаныңызды білдірген жөн. «Жарайсың! Нағыз суретшісің» деген жалпылама сөздерден қашыңыз.  
  • Мақтаумен бірге балаға жылы жүз танытып, күлген, құшақтаған, сүйген дұрыс. Сәбиіңіз сіздің одан «құтылуы» үшін мақтап тұрмағаныңызды, оның іс-әрекетіне шынайы қуанып тұрғаныңызды сезіну керек. Психологтар баланы күніне кем дегенде төрт рет құшақтап, сүю керектігін айтады.
  • Баланы басқалармен салыстырмаңыз! Баланы даттаған кезде де, мақтаған кезде де «ананың баласын қарашы» деген салыстырулардан мүлдем аулақ болу керек. Оны біреуден артық көрсетіп мақтау арқылы, сіз оның бойында менмендікті тәрбиелеуіңіз мүмкін.
  • Ұсақ-түйектің бәріне бола мақтаудың қажеті жоқ. Онда мақтауыңыздың құны түсіп кетеді. Кез келген нәрсеге мақтай берсеңіз, кейін бала әр қимылы мен әр сөзіне мақтау күтетін болады. Олай істей беру мүмкін емес. Сондықтан мақтамай қалсаңыз, тағы ренжіп, түсінбей қалуы мүмкін.
  • Мақтаған кезде баланың сол іске салған еңбегі мен жұмсаған күшіне назар аударуға тырысыңыз. Оның табиғи дарынан гөрі (күші, икемділігі), біраз күш жұмсаған жетістіктеріне мән беріп, соларды ерекше атап өтуге тырысыңыз. Егер тырысып, беріспей жүрсе де, оны бір мақтап қоюға болады.
  • Балаға «сенен үлкен суретші, биші, әнші, спортсмен шығады» деп уәде берудің қажеті жоқ. Болашақта осы сөздеріңіз іске аспай қалса, оның қаншалықты қаймығатынын ойлаңыз. Сондықтан әр сөзге мән беру маңызды. Бірақ бұл дегеніміз: «Сенің қабілетің аз, жетістікке жете алмайсың» деп айту керек деген сөз емес.
  • Егер балан қандай бір жетістігіне мақтаған болсаңыз, біраз уақыт өткеннен кейін, ол жетістігінің соншалықты үлкен болмағанын, ол одан да үлкенірек жетістіктерге жете алатынын есіне салудың қажеті жоқ.

Соңғысы… психиатр және психотерапевт В. Леви өзінің «Ерекше бала»  кітабында «Егер сіз балаңызды қалай мақтау керектігін білмесеңіз, ойлап табыңыз» деген екен. 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру