БІЛІМГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ

24 қаңтар 2024 807 0
Оқу режимі

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазірет еліміздегі барша дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдап, 2024 жылда атқарылатын басты жұмыс бағыттарын баяндап өтті.

Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы – білім алу және іздену. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы Елшісіне, біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді» деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен («Алақ» сүресі,1-5 аяттар).

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде  де  ілім  жайында  аз  айтылмаған. Тіпті, Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына ілім  алуды  өзі  бастап  үйреткендігін  тарихтан  білеміз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білім жайлы хадисінде былай айтқан: «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз».

Ал білім алған адамның дәрежесі жоғары болатын жайында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келесі хадисінде: «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді» дейді. Алла Тағала бір құлына білім нәсіп етсе, сол берілген ілім үшін сұралады. Ол жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша, бір адам да орнынан тапжылмайды» деп ескерткен.

Бас мүфти дін қызметкерлеріне арнаған Бағдарлық баяндамасында: «Болашақ имамдарға сапалы білім беру – менің әрдайым басты назарымда. ХХІ ғасыр – білім мен бәсекелестік заманы. Біз дамыған өркениетті кезеңде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан маман даярлауда санға емес сапаға жұмыс жасауымыз керек. Қазір халықтың діни білімі күн санап артып келеді. Жамағаттың Құран оқу сауаты да күн санап артуда. Тіпті, жамағат арасында Құранды көп жаттаған, тәжуид ережесіне сай дұрыс оқи алатын азаматтар қатары көбеюде. Демек, біздің имамдарымыз Құранға ерекше ден қойып, сауатты оқумен, терең білімімен, көркем мінезімен әрқашан жамағатқа үлгі болуы қажет» деп атап өтті.

Шын мәнінде, имамдар заманға сай жан-жақты білімді болуы тиіс. Бұл ретте медресе-колледждердегі болашақ имамдарға терең білім беру өзекті мәселе екені белгілі. Бас мүфти ол үшін әуелі Нұр-Мүбарак университеті мен медресе-колледждерге талапкер қабылдау барысында талапты күшейту қажет екенін баса айтып өтті.

ҚМДБ Төрағасы бағдарлық баяндамасында Нұр-Мүбарак университеті мен медресе-колледждерді бітірген бірқатар түлектердің жұмыссыз жүргені алаңдататынын жеткізді. Шын мәнінде, бұл бәрімізді алаңдатқан мәселе еді. Осы мәселеге орай Бас мүфти діни оқу орындарында оқып жатқан шәкірттерді өз еріктері бойынша мүмкіндігінше қысқы және жазғы демалыс уақытында мешіттер мен медреселерде тәжірибелік жұмыстарға жіберіп, оларды еңбекке баулу қажет екенін алға тартты.

Бұл игі іс шәкірттерімізді болашақта имам болуға жігерлендіріп, Хақ пен халыққа қызмет етуге деген ынта-ықыластарын оятады. Білім алып жатқан шәкіртті еңбекке баулу – маңызды мәселенің бірі. Діни саладағы қызметтің жауапкершілігін ерте сезінген дін қызметкері болашақта бұл салада белсенді жұмыс істейді.

Наурызбай қажы Тағанұлы Бағдарлық баяндамасында: «Біз көп жағдайда халықтың діни сауатын ашуда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтінішін ескермейміз. Шын мәнінде, олардың арасында білімге, өмірге құштар азаматтар өте көп. Мұндай санаттағы адамдарға асыл дінімізді дәріптеу – біздің міндетіміз. Осы ретте діни сауат ашу курстары жанынан мүгедектігі бар жандарға арналған арнайы оқыту курсын ары қарай жалғастыру қажет деп санаймын.

Сонымен қатар биыл жамағатқа хадис мәтінін дұрыс түсіндіру мақсатында облыстық орталық мешіттерде Хадистану курсын ашуды қолға аламыз. Халықтың діни сауатын ашу – қоғам алдындағы басты міндеттеріміздің бірі болып қала береді. Бұл ретте мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарының жұмысын ұдайы жетілдіріп отыру керек. Оның басты тетігі – оқу бағдарламасын жүйелендіру» деді. Мешіт жанынан ашылатын Хадистану курсы жамағаттың білімін одан сайын шыңдай түседі деп санаймыз. 

 

Талғат ӘСЕМБАЙ,

«Шымкент» медресе-колледжінің директоры

 

Дереккөз: Мүфтият.кз сайтынан

Пікірлер Кіру