ДҰҒА – МҰСЫЛМАННЫҢ ҚАРУЫ

08 ақпан 2024 865 0
Оқу режимі

Алла тағала Фурқан сүресінің 77-аятында: «Айт: «Егер дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағалар еді?» Басқаша айтқанда, сендердің жаратылуларыңдағы хикмет пен мақсат – құлшылық пен құлдық. Ендеше, егер Оған құлшылық етпесеңдер, Алланың алдында қандай құндылық пен маңыздарың болар еді?

Ең пайдалы ем – дұға. Дұға апат-бәлені жойып, жамандықтың алын алады. Адамның басындағы қиындығын жеңілдетеді. Дұға – мүминнің қаруы. Дұғаны тәртіппен, жүрек тыныштығымен, ойын жинақтап оқу керек. Әсіресе түннің соңғы үштен бір бөлігі сияқты қабыл болуы көбірек үміт етілетін уақыттарда дұға жасау керек. Құбылаға қарап, құрметпен, кішіпейілділікпен, мойынсұнып, жалбарынумен жасалған дұға тез қабыл болады. Дұғаның басында Алла тағалаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айту арқылы сыртқы және ішкі тазалыққа мән бере отырып, жасау керек.

Дұға жасаудан бұрын тәубе етіп, истиғфар айтып, садақа беру керек. Дұғада сұрағанынан қайтпай, үнемі жасау керек.

Дегенмен, бұл жерде назар аударатын нәрсе бар. Аят, зікір, дұғалардың әрқайсысы өз алдына пайдалы әрі шипалы екені даусыз. Бірақ дұғаның шарттарына көңіл бөлмесе, дұғаның пайдасы болмайды. Бұл, бір жағынан, дәрі-дәрмек тұтынуға ұқсайды. Адам өзіне зияны бар тағамдарды жеп, диета ұстанбаса, қанша күшті дәрі-дәрмек қолданғанымен, ауыруынан толық айыға алмасы анық.

Сол себепті дұғаның да өзіндік шарттары бар:

1. Кісінің сенімі дұрыс болуы.

2. Харамнан, зұлымдықтан аулақ болу. Дұға кезінде жүрегі ояу болуы.

3. Бар ынта-жігерімен, жалбарына дұға жасау. Тілімен ғана дұға жасап, жүрегі басқа жақта болса, оның пайдасын көре алмайды. Расында, бір хадисте:

«Біліп қойыңдар, Алла тағала өзінен басқа нәрсені ойлап, көңілсіз жасалған дұғаны қабыл етпейді», - деп айтылған.

 

Пікірлер Кіру