ЕРТІС-БАЯН ӨҢІРІНЕ ИСЛАМ ДІНІНІҢ КЕЛУІ, ОРНЫҒУЫ ЖӘНЕ ҚОЖАЛАР ӘУЛЕТІ

10 қазан 2023 685 0
Оқу режимі

Қазақ даласында Ислам дінінің жайылуына қазақ халқының сол кездегі Орта Азияны мекендеген тайпалармен және Еділ татарларымен тығыз экономикалық, мәдени байланыстары ықпал етті.

Ислам діні уағыздарының біртіндеп кең етек жаюына Бұқара, Самарқан, Ташкент, Хиуа, Түркістаннан келген уағызшылардың ықпалы ерекше болды. Осы кезеңде Қазақ хандығының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде де елеулі өзгерістер үрдісі жүрді. Нәтижесінде,XVII ғасырдан бастап қазақтар екі әлеуметтік санатқа: ақсүйектер мен қарасүйектерге бөлінді. Ақсүйектер негізінен Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары болды. Шыңғыс ханның ұрпақтары міндетті түрде шетінен сұлтан мен төре атақтарын алып, руларды, тайпаларды, ұлыстарды басқару құқығына ие болды. Сондай-ақ, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың ұрпақтары болып саналған және халыққа рухани билікті жүзеге асырған қожалар әулеті айрықша әлеуметтік санатты құрады. Ислам дінін таратуда және ұстануда қожалардың орны маңызды болды десек, қазақ қоғамында қожаларға айрықша үстемдік берілуі &ndash Ислам құндылықтарының жоғары бағаланғандығының белгісі ретінде қарастыруға болады.

Елімізге ислам діні алғаш келгенде қазақтар бір Алланың барлығын тез қабылдауы өздері сенген бір тәңірлік сенімге орайлас келуінен деуге болады. Алла Тағаланың жердегі мұсылмандарға жіберген қасиетті Құраны араб тілінде түсті. Сондықтан ардақты елші Мұхаммед(с.ғ.с)-тің сайыпқыран сақабалары, оның ілімін жалғастырушылар  ислам дінін бүкіл әлем халықтарына тарату өздерінің міндеті санаған.Міне, осы мақсатпен ел-елді аралап, адамдарды құлшылық етуге, оқу оқып, білім алуға, қайырымдылыққа шақырған арабтар көп болған. Оларды қожалар деп атаған. Қожа деген сөз Ұстаз деген ұғымды білдіреді.

Қожалар сонау ҮІІІ ғасырлардан бастап, қазақтың арасына ислам дінін таратып, халықты имандылыққа баулыған. Олардың қазақтардың арасына кіріп, сіңісіп кеткеніне де көптеген ғасырлар өтті.

Орта Азия мен Қазақстан жерінде жергілікті халыққа мұсылмандықты таратып сауаттандырушылар &ndash Сахаба, Табе, Баптар және Бабалар болды. Пайғамбардың көзін көргендерді Табе (жолын одан әрі жалғастырушылар), Табені көргендерді Таббеми, Таббемиді көргендерді Баб дейді. Бабтың көзін көргендерді Ата дейді.

Ислам деректеріне қарасақ, қожалардың арғы атасы Хазірет Әлиден басталады екен. Хазірет Әлидің баласы Құсайыннан өрбіген қожаларды «Саид қожалар» деп атайды. Олардың біраз тобы Мекке мен Мәдинаны, бір тобы Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген. Ислам туын көтеріп, дінді уағыздауға келгенде қиындықтан,  арып-ашқан тіршіліктен тайынбаған Саид қожадан Аққу ишан, Бағдат ишан, Мұрат ишан, одан Смайыл, Смағұл, Мұхамеднияз, Исабек ишан тарайды. Мұхамеднияз бен Исабек ишан Ақкөл-Жайылма өңіріне келген. Осы өңірде ұрпақ жайған.

Оның баласы Нұрмұхамбеттен Шұхмет қажы, Жақып қажы, Әбсағит, Мұхамедқасым, Сұлтан, Сағит, Әшім аталар тараған.  Солардың ішінде Мұрат ишан, Исабек ишан, Жандарбек атаның есімдері құрметпен аталады.

Ислам түсіндірме сөздігіндегі анықтамаға сәйкес, ишан &ndash Орталық Азиядағы сопылық тәлімгерге тағылған құрметті атау. Ишан атағы ұрпақтан ұрпаққа жиі мирас болып қалатын. ХІХ ғасырда Түркістанда кей ишандар патша өкіметіне қарсы әскери әрекеттердің басшылығында болды. Ишандар қазақ даласында зор беделге ие еді.

Ал облысымызға алғаш келген МҰРАТ ИШАН. Мұрат ишан қасиеті бар адам болған екен. Оның қасиеті туралы түрлі аңыз бар. Арқа еліне келген Мұрат ишан, ел аралап, Баянауыл елін мекендеген қанжығалы руына, Тоқсанбай деген байдың ауылында орныққан. Осыдан «Тоқсанбайдың тоғызыншы ұлынан тараған қожалар» деген сөз қалған. Тоқсанбайдың сегіз ұлы болса керек. Мұрат ишанды өзінің тоғызыншы ұлындай көріп,  артынан үйлендірген.

Мұрат ишан осы елден Малдыбайқызы Марғанға үйленіп, Исабек, Мұхаммеднияз деген екі ұл көрсе, кейінгі әйелінен Сүлеймен мен Смайыл атты ұлдар дүниеге келеді. Мұрат ишан шапағатты, ел арасында абыройы зор ишан болған. Халыққа ислам дінін тарату, уағыздау жолында үлкен еңбек еткен. Дүниеден өтерінде балалары әкесінің өсиеті бойынша Мұрат ишанды Бұхар Шарифтегі Тентек /Тебеген/ ишан зиратына жерлеп қайтқан.

Мұрат ишанның баласы ИСАБЕК ИШАН(1792-1871).Исабек ишан хазірет ХІХ ғасырдың діни қызметкері, ислам дінін алғаш таратушылардың ұрпағы, философ, ағартушы, белгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тәлімгері. Исабек ишанқасиетті, шарапатты адам болған. Кезінде Мәшһүр Жүсіп, Тәтентай хазрет, Бекбау ата тағы басқалармен сыйлас болған, ел арасында қасиетімен абройы жоғары, әулие көріпкел, терең білімді ғалым болыпты.

Ол 1792 жылы қазіргі Баянауыл ауданының Жылысай деген жерінде дүниеге келіп, 1871 жылы Ақкөл-Жайылма аумағында дүниеден өткен. Есейе келе әкесі Мұрат Ишан ашқан медреседе діни оқу оқып, жиырма жасынан кейін білімін Бұхара медресесінде жетілдіріп келген. Ишан деген аса қасиетті атаққа небары он төрт жасында ие болған деседі. Отыздан асқан шағында қазіргі Екібастұз аймағына қарасты Ақкөл-Жайылма өңіріне қоныс аударып, өмірінің соңына дейін осы жақты мекен еткен. Ол Ақкөл-Жайылмада медресе ашып, мешіт салған.

Исабек ишанның шапағатымен Баянауыла өңірінде тұратын ондаған адамдар ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Меккеге қажылыққа барған. Исабек ишанға әулие деген атақты халық берген. Исабек ишан &ndash талай адамды басына түскен қасіретінен айықтырып, сырқаттарын емдеген адам. Оның ел тіршілігі жайындағы болжамдары да дөп келіп жатады. Имандылық жолындағы тағылымы көпшіліктің көңіліне ұялайды.  Халық Исабекті ишан, хазірет деп те атайды. Бұл да бойындағы бар қасиетін халық мүддесіне жұмсағандығын, елге тиген шапағатының молдығын көрсететін айғақ.

Исабек ишанды қадірлейтіндер тек Ақкөл-Жайылмада ғана емес, бүкіл Ертіс-Баян өңірінде, Сарыарқа даласында көп болыпты. Ишанмен бір жүздесіп, сәлемін алу үшін байтақ қазақ жерінің түкпір-түкпірінен ат арытып келетіндер толастамаған екен. Тұрмыс тауқыметін, қиыншылықтарын, дерттерін айтып келетіндер де аз болмаған. Бәрінің де меселін қайтармай, қолынан келгенше қайырымдылықпен қомқор болыпты.Ол туралы Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Исабектей ишан жоқ бұл Арқада» деп бағалаған екен.

Ақкөл-Жайылмадағы Исабек ишан хазірет кесенесі &ndash ақ тастан тұрғызылған екі кесене, мешіт және зиярат етуге келушілерге арналған үйден тұратын кешен. Үш күмбезді кесенеде Исабек хазірет, оның жалғыз ұлы Нұрмұхамед және інісі Мұхаммед Нияз жерленген. Исабек ишанның ұрпағы  әулие ЖАНДАРБЕК ҚОЖА жерленген жерде бір күмбезді кесене салынған.

Исабек ишанның осындай елге қамқор, пана болған қасиеттері, әулиелілігі кейінгі ұрпақтарына да тараған.  Оның ұрпақтары СОЛТАН ҚОЖА, ӘШІМ, ӘПСАҒИТ ҚОЖАЛАРДЫҢ қасиеттері елге мәлім.

 Мұрат ишан ұрпақтарының бірі-Мұхамедсолтан қожа (1896-1962)

Ел арасында оны Солтан қожа деп атады. Кезінде үш жылдық діни медреседе оқып білім алған. Ақкөл-Жайылма өңіріндегі Басқамыс аулында тұрды. Солтан қожа кезінде колхоздың жылқысын бақты. Ол хақ исламды көпшілікке қарапайым тілмен өте ұғынықты түрде уағыз-даған.  Ел арасында Солтан қожа өзінің сабырлы,ұқыпты, кішіпейіл мінезімен, еңбекқорлығымен, көріпкелдігімен танымал болды.

Ақкөл-Жайылмаға имандылық нұрын сепкендердің бірі-Әшім қожа Нұрмұхамедұлы (1903-1971) Оның арғы бабасы &ndashАққу ишан.

Ахметсәлім қожа Шүхмет баласы, Нұрмұхамет немересе, Мұрат қожа-Исабек ишан тегі. 1930-1940 жылдар шамасында ғұмырының соңына дейін Тереңкөл ауданының бас имамы болып имандылық қызмет атқарған.

 Ғаббар қожа Айдарбекұлы (1938-2006), Ақкөл аулының  колхозында тракторист, жүргізуші, ферма меңгерушісі  қатарлы көптеген қызметтер атқарды. 2000 жылы Ақкөлде Исабек ишан атындағы мешіт ашылып, өмірінің соңына дейін осы мешітте  имам болды.

Жалпы Исабек ишан немерелері: Қожахмет ата, Шұқымет қажы, Жақан қажы, Қасым ата, Солтан Махмуд ата, Әшім ата барлығы дін жолын ұстанып насихат жұмыстарын атқарған. Шұқымет қажы мен Жақан қажы дінді насихаттағаны үшін жер аударылып түрмеге қамалды. Қасым ата Ресей елінде сапар шегіп Сарман ауылында дін насихаттап елге сыйлы болды.

Қожалар ислам дінін насихаттап қана қоймай, жас жұбайлардың некесін қиып, ер балаларды сүндетке отырғызған. Рамазан айында ауылдың үлкендері  жиналып тарауық, айт намазын оқиды. Үлкендер түгілі, жас бала да, қыз-келіншек те ауыз бекітіп, ораза ұстаған. Кішкентай балалардың өзі айт күні Құран оқып, үй-үйді аралап айттағанда, бірі Құран сөздерін ұмытып қалса, екіншісі жалғастырып әкетіп отырған.

Елден түскен қаражатты, садақаны  Павлодардағы Бижан мешітіне беріп отыратын. Солтан қожа дүниеден өтерінде өзінің діни-рухани ізбасары ретінде Жандарбек қожаға батасын беріп, таяғын ұстатып кеткен екен.

Тағылымы мен тақуалығы қатар өрілген, ислам дінінің ақ, адал жолымен халықты баураған ЖАНДАРБЕК ҚОЖА (1906-1996)Исабек ишанның имандылық сәуле шашқан ізгілікті ісін одан әрі жалғастырған шөбересі бола білді. Кеңес үкіметінің «дін апиын» деген қиын-қыстау кезеңінде де қарапайым шаруадан бастап, ел басқарған азаматтарға дейін басы ауырып, балтыры сыздаса, қиыншылыққа тап болса, игі істі бастаса, шипа мен жеңілдік іздеп, бата тілеп Жандарбек атаның алдына келіп, дауасын табатын.

Талай адамдар қасиетті Жандарбек қожаның шапағатын көріп, батасын алып, тастары өрге өрмеледі. Жандарбек ата тіршіліктің бел-белесін елмен бірге кешті.

Халықтың алақанға салып асқақтатқанына қарамастан қарапайым қалпынан ауытықыған, астамшылық танытқан кезі болған жоқ. Жандарбек қожа шариғат жолын берік ұстанып, өзін-өзі дамытып отырды.

Ақкөл-Жайылманың атын елге танытқан асыл азаматтар көп. Олар қай-қайсы болсын атамекенінің қуатты қолдауына ие болғанын, Жандарбек атаның батасының шапағатына бөленгенін мақтанышппен айтады.Міне, облысымызда осындай әйгілі қожалар өмір сүріп, асыл қасиеттерімен ел аузында есімдерін құрметпен аталып келеді.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру