КЕШІРІМ – ЖҮРЕКТІҢ САДАҚАСЫ

07 мамыр 2026 65 0
Оқу режимі

Алла Тағала адам баласын адамдар арқылы сынайды.

Біреуі сені ренжітеді, біреуі сөз айтады, біреуі әділетсіздік жасайды.

Бұлар – жай адамдар емес, Алланың қолындағы айна.

Сол айналар арқылы сен өз жүрегіңді көресің: ренжіп пе едің, ашуланып па едің, әлде кешіре алдың ба?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларына:

«Әбу Дамдам деген бір адам бар еді. Ол әр таң сайын: “Уа, Алла! Мен адамдардың маған істегендерінің бәрін кештім!” – деп айтатын еді», – деген.

Осы бір қарапайым сөздің ішінде үлкен сыр жатыр.

Кешірім – тек жақсы мінез емес, бұл рухани амал,

жүректі нәпсінің тұтқынынан босататын ғибадат.

Біздің нәпсіміз әркез «мені ренжітті», «маған әділетсіздік жасады» деп айқайлайды.

Ол өш алуды, өзін қорғауды қалайды.

Бірақ рух — басқа.

Рух: «Менің ісім Аллаға аманат, мен адамдардан емес, Алладан күтемін», — дейді.

Кім осы рухтың үніне құлақ асса – сол шын ер.

Әбу Дамдам ешкімге кек сақтамады, себебі ол жүрегін Аллаға бос ұстады.

Жүректе реніш болса, ол жерге Алланың нұры түспейді.

Сондықтан кешірім – жүректің тазалығының кілті.

Кешірім – зікірдің де, дұғаның да қабыл болуына себеп.

Кейде бір адамға өкпелеп, жылдар бойы сол ауыртпалықты арқалап жүреміз.

Ол адам әлдеқашан ұмытып кеткен, ал біз әлі де реніштің отын ішімізде сақтаймыз.

Сол от – рухани тыныштықты өртейді.

Сол себепті Алла Елшісі (с.ғ.с.) бізге Әбу Дамдамды мысал етті.

Өйткені ол әр таң сайын отты сөндіріп, жүрегін нұрмен толтыратын.

Кешірім – әлсіздіктің белгісі емес.

Кешірім – Аллаға сүйенудің, жүректің кеңдігінің белгісі.

Адамды кешіру – Алланың разылығын іздеу.

Себебі кім адамдарды кешірсе, оған Алла да мейіріммен қарайды.

«Біреудің мінін кешірсең, Саған да Құдай кешеді» (Шәкәрім).

Құранда: «Кім кешірсе және түзетсе – оның сыйы Алланың құзырында» – дейді.

(Шура сүресі, 40-аят)

Ендеше, әр таң сайын Әбу Дамдам сияқты айтайық:

«Уа, Раббым! Мен бүгін адамдардың маған істегендерінің бәрін кештім.

Мен ренжуден бас тарттым.

Жүрегім Саған ғана бос болсын!»

Сонда Алла біздің жүрегімізге тыныштық, тілімізге рақым,

ісімізге береке береді.

Мұрат Рақымжан

Пікірлер Кіру