КІСІ АҚЫСЫ

29 қазан 2025 949 0
Оқу режимі

Хакім Абайдың «Қазақ Алланы саудагер сияқты көреді» дейтіні бар. Әрине, Алланы танымайтындығын меңзегені. Сол «Саудагер» дегеннен шығады-ау, бір хисса есіме түсіп отыр.

Әлем халқының 3,5 пайызын құрайтын 270 миллондай халқы бар Индонезия ең үлкен мұсылман мемлекеті ретінде мойындалған. Халқының шамамен 87 пайызын сунниттер құрайтын аралдағы елге ислам дінін саудагерлер таратқан деседі. Иә, сырттан ешкім келіп, қылыш тақап, дінді күштеп қабылдатқан емес. Жергілікті халық сауда жасап жүргендердің әдебі мен әділдігіне қызығып, өз қалауымен мұсылман болған.

Аңыздың айтуынша, бір мұсылман саудагері Индонезияға мата тасып, оның әкелген бұйымдары жергілікті адамдар арасында үлкен сұранысқа ие болады. Саудасы дөңгеленіп, күннен күнге дәулеті асқан саудагер сұраныс бар екен деп бағаны көтермей, аз ғана қызмет ақысын қосып, сонысын өзі қанағат етіп жүреді. Барынша арамнан аулақ болуға, адал ризық табуға ұмтылады. «Сауда – мұраты ұту» деп түсінетін сатушыларына да кісі ақысына қиянат қылмауды қатаң тапсырып, талап етеді екен.

Бір жолы саудагер дүкенге келсе, сатушысы 5 рупия тұратын матаны екі есе бағасына сатып жатқанын байқап қалады. Аларман адам сыртқа шығысымен-ақ саудагер сатушысынан:

– Мен жаңылыс естідім бе әлде сен шынымен он рупияға саттың ба? - деп сұрайды.

– Дұрыс байқағансыз, он рупияға саттым. Бәрібір мұнан жақсы мата таба алмайды, адамдар қымбатсынып жатқан жоқ, - деп іскерлігін байқатпақ болған сатушының сөзін бөліп:

– Әр нәрсенің өз бағасы бар, одан асса, аларманға қиянат болады. Кісі ақысын жеу ешкімге опа бермеген, - деп тыйып тастайды.

Сонан соң әлгі адамды тауып, дүкенге ертіп келуді тапсырады. Ол келгенде алдынан шығып, сатушысының ерсі әрекеті үшін кешірім сұрайды. Артық ақшасын қайтарып береді. Мұндайды бұрын-соңды көрмек түгілі, естімеген аларман дүкеннен шыға сала саудагердің әділдігін айта бастайды. Халықтың ықыласы артып, адал саудагер туралы әңгіме ел ішіне кеңінен тарайды. Бұл сөз патшаның да құлағына жетіп, оны құзырына алдыртады.

– Базарда талай саудагер жүр. Бәрінің де көздегені біреу – көп табыс табу. Пайда ешқашан артық болған емес. Ал сендер оларға ұқсамайсыңдар, кімсіңдер? - деп патша таңданысын жасырмайды.

– Тақсыр, біз – мұсылманбыз. Бүкіл дүниенің, мал-мүліктің иесі Алла, біз бәріміз аманатпыз. Өзіміздің қызмет ақымыздан артық ақы талап етпейміз, кісі ақысының сұрауы бар, - деп саудагер мұсылманның парызы мен міндеттері туралы біраз әңгіме айтады. Патша оны мұқият тыңдап, қайта-қайта құптап отырады. Соңынан:

– Мен де халқымның сендерге ұқсағанын қалаймын, - деп патша өзі бастап, бүкіл елі біртіндеп тілін кәлимаға келтірген екен.

Заманында Бұқар жырау

«Іштегі сыр Аллаға мәлім,

 Сыртыңдағы қулығың Амал емей немене.

Кісі ақысын көп жеген Арам емей немене» деп толғаған екен. Мейлі аз болса да біреуге ақысы кеткенін білген адамның көңіл күйі айтпаса да түсінікті. Көпшілік бұған кешіріммен көз жұма қарайды. Сол сияқты біреу көрсеткен қызметіне мөлшерден көп ақы сұраса да, сұрағанын беріп, кеңшілік танытып жатады. «Қойшы соны!» деп, біз қол сілтеп кететін жәйттер арамға жол ашып, «кісі ақысын жеу» деген қиянатқа жетелейді. Ал асы адал болмағанның ақыры жақсы болмасына өмірде мысал жеткілікті.

 

Қонақбай Қожанияз

 

Пікірлер Кіру