КҮЛТЕГІННЕН НАҚЫЛ СӨЗДЕР (ШАМАМЕН 684-731 ЖЫЛДАР)

07 қараша 2025 586 0
Оқу режимі

1. Елін сүйген ер бақытты.

2. Айбарлы қағанның атағының өзі жау қашырады.

3. Халқына – бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақ жасайды.

4. Інің – ағаңдай болмас, ағаң – атаңдай болмас.

5. Билеушісі біліксіз елдің жұрты жалтақ келеді.

6. Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма!

7. Жаратқан жар болса, жеңістің жолы ашылады.

8. Зердесіз қаған ел билесе – сол жаман, әлсіз қаған ел билесе – сол жаман.

9. Жауыңды жеңу – бір басқа, жауықпас ету бір басқа.

10. Шағыстырған да – бір, шабыстырған да – бір.

11. Кетіскеннен кектескен жаман.

12. Қағанын сатқан халықты жаратқан да жаратпайды.

13. Халқын жұтатпаған қаған бақытты.

14. Күшке күш қосылса – құп, елге ел қосылса – құт.

15. Ағасын танымаған – іні азар, атасын танымаған ұл азар.

16. Тағдыр – тәңірі ісі.

17. Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп.

18. Бек ұлдарың құл болмағай, пәк қыздарың күң болмағай.

19. Жер-су иесіз болмауы керек.

20. Кедейді – бай, азды – көп қылмақ парыз.

21. Көтерген де – тәңірі, ел берген де – тәңірі.

22. Қағаны кекшіл елдің халқы бүлікшіл келеді.

 

***

23. Отша жайпап, бөріше бүру.

24. Іші – ассыз, сырты – тонсыз.

25. Ел ұстап,заң шығарған.

26. Тізесі барлар – бүгілер, басы барлар – жүгінер.

27. Ері жоқ елдің күні қараң.

28. Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан жерде, бегі менен қарашасы дауласқан жерде ел елдігінен айырылады.

29. Қағанынан айырылған ел – ғаріп, иесінен айырылған жер – ғаріп.

30. Қаруы бар – қалың қолды қақыратар, найзасы бар – қызыл қаныңды шашыратар.

31. Бөрідей батыл елдің дұшпаны қойдай қырылар.

32. Көктен тәңірі баспаса, жер айырылып жатпаса – кім қорлар қалың түркі елін?!

33. Найза бойлар науша қар.

34. Қайғы: көрер көзім көрместей, білгір ақылым білместей болды.

35. Бас иесіз ел тозар.

36. Көлгірдің күні қараң.

37. Түзу жолдан шықпағанға темір қамыт тұр әзір.

38. Жау да бір – жыртқыш та бір.

 

Айгүл Кемалбекқызы САҒЫМБАЙ

 

Пікірлер Кіру