Өзіңе қарап, Тәңіріңді таны...

03 тамыз 2021 3888 0
Оқу режимі

Шаш, қас, кірпіктеріміз

Шаштарымыз ұдайы өсіп отырады. Шаштың бұлай үнемі өсуін кездейсоқтық деп қабылдасақ, неліктен шаш тектес қастарымыз бен кірпіктеріміз өспестен бір қалыпты тұр? Ал бұлар да шаш тәрізді ұдайы өсіп отырса, жағдайымыз қалай қиынға соғар еді. Бұған қоса кірпігіміздегі эстетикаға, нәзіктікке, сұлулыққа қараңызшы, олар да кездейсоқ емес, басқа бір тылсы күш тарапынан әдейі жасалғандығын аңғарасыз. Ал мұрнымыздың ішіндегі түктерді ше? Оның ауаны жылыту, фильтрлеу, одан да басқа қызметтерін ескерместен, өз-өзінен, бостан-босқа кездейсоқ өсіп тұр деп кім айта алады?!

Тістеріміз

Тістеріміздің орналасу ретін ойлаңызшы. Алдыңғы күрек тістеріміз өткір болып келеді. Ал артқы азу тістеріміз жалпақ. Демек, күрек тістеріміз жейтін қорегімізді қырқып, үзу үшін өткір етіп, ал азу тістеріміз сол алдыңғы өткір тістерімізбен қырқып, үзген қоректерімізді шайнап, үгітуге қолайлы жалпақ етіп жаратылған. Егер барлық тісіміз жалпақ немесе, керісінше, барлығы өткір болса жағдайымыз қалай болар еді?

Астыңғы тістер мен үстіңгі тістердің арасында керемет бір үйлесімділік бар. Жағымыз жабылған уақытта астыңғы тістеріміз бен жоғарғы тістеріміз бір-бірімен қабысады. Мысалы, азу тісіміздің біреуі сәл ұзындау болса, тамақ жеу, сөйлеу сияқты кейбір істерімізді еш ақаусыз атқара алар ма едік?

Жас нәресте сүтпен ғана қоректенгендіктен онда тіс болмайды. Бірақ басқа қатты нәрселермен қоректенетін шаққа жеткенде, дереу тісі өседі. Тістердің өте шебер орналасу реттері мен бір-бірімен үйлесімділігі және қажетіне қарай дер кезінде өсу уақыты кездейсоқтық емес, Алланың теңдессіз шеберлігі мен әр нәрседегі дәлме-дәл есебі екені анық.

Дүрсілдеген жүрек

Дүниедегі ең керемет мотор – көкірегіңіздің сол жағында орналасқан жүрегіңіз. Жүрегіміз ерекше жүйесімен, тоқтаусыз соғуымен тәулігіне денеміздегі қанды 1000 рет толық айналдырып шығады екен. Жүрек бір сағатта орташа көлемді жеңіл көлікті 1 метр жоғары көтеретіндей қуат бөліп шығарады. Жүректің қанды айдаған кезде қолданатын күші өте қуатты. Осы күш арқылы қанды 3 метр биіктікке ытқыта алады. Жүректің ең бір ерекше қасиеті – өмір бойы үздіксіз жұмыс істеуі. Осы тұрғыдан алғанда, оны дүниедегі тоқтамай, демалыссыз жұмыс істейтін теңдессіз мотор деуге болады. Жүрек – шамамен минутына 70 рет, бір жылда 37 миллион реет соғып, үнемі қозғалыста болатын жалғыз ағза. Адамның орта өмірі бойынша 2,5 миллиард рет соға отырып, 300 миллион литрдей қан айдайды. Ұйықтап жатқан уақыттың өзінде жүрегіміз сағатына 340 литр қан айдайды екен.

Алақаныңызды қанша минут үздіксіз ашып-жұмып тұра аласыз? Алақан бірнеше минуттан кейін-ақ талып, бұл әрекетіңізді тоқтатуға мәжбүр боласыз. Ал енді өмір бойы жүрегіңізді бір мезет тоқтатпастан, денеміздің түкпір-түкпіріне сағатына жүздеген литр қанды айдатқызып тұрған қандай күш? Тағы да кездейсоқтық па? Жоқ әлде...

 

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру