Періштесі қағыпты...

23 желтоқсан 2020 5343 0
Оқу режимі

Біз аса ойлана бермейтін жаратылыс бар. Олар біздің өмірімізде ерекше маңызға ие. Тәулігіне жиырма төрт сағат бізден бір елі ажырамайтын жаратылыс. Адам баласының ғұмырына белсенді үлес қосады. Ол – періштелер.

Періште – нұрлы жаратылыс. Сондықтан қалаған бейнеге ене алады. Олар тоқтаусыз және шаршаусыз құлшылық етеді. Періштелер ішінде күнәһары немесе кәпірі деген болмайды. Еркек және әйел деп те бөлінбейді. Сонымен бірге, тамақ ішуге және демалуға мұқтаждығы жоқ. Адам баласы әлі ана құрсағында жатқан шақтан бастап періштемен тығыз байланысқа түседі. Алла Тағала әрбір шаранаға арнайы бір періште бекітеді. Ол ана құрсағындағы баланың қалыптасу кезеңін толығымен бақылайды. Әрине, Жаратушы ешбір тіршіліктің көмегіне жүгінбейді. Мұқтаж да емес. Бұл –Алла Тағаланың адам баласына деген ерекше қамқорлығының бір көрінісі. 

Құран Кәрімде:  «Алла, періштелерден елшілер белгіледі...[1]»,-деп айтылғандай, періштелер ішінде Жәбірейіл, Микаил, Исрафил, Әзірейіл есімдері ерекше аталады. Сонымен бірге, жәннат күзетшісі – Ридуан, тозақ сақшысы – Малик және Аршыны көтеріп тұрған періштелер бар. Мұнан басқа көптеген періштелер бар. Періштелердің дәреже жағынан ең үлкені – Жәбірейіл. Құран Кәрімде: «Оған оны өте күшті үйретті[2]»,-деп, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Алла Тағала әмірімен уахи әкелуші періште екенін айтуда. Жәбірейілді Құранда «Ол қуат иесі...[3]»,-деп суреттейді. Ақиқатында, хадистердегі періштелердің болмысы туралы айтылған сөздерге зер салсақ, адам баласының ақылына сыймайтын дәрежеде ғажайып жаратылысқа куә боламыз. Сонымен бірге, Алла Тағаланың құдіретіне тағы бір рет бас иеміз. Хадисте Жәбірейілдің алты жүз қанаты бар және қанаттары арасынан маржан мен жақұт жарқырап шашылып тұрады делінген.

Тағы бір риуаятта пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке маңайындағы Ажияд деген жерде болады. Сонда Жәбірейіл адам бейнесінде түсіп: «Раббыңнан мені бастапқы бейнемде көруді сұра»,-дейді. Сонда Жәбірейіл батыс пен шығысты көлеңкелеп қалады. Мұны көрген пайғамбар (с.ғ.с.) есінен танып қалады. Есін жиған кезде жанында адам бейнесіндегі Жәбірейілді көріп, құшағына қысып: «Ей, Жәбірейіл! Алла Тағала мұндай бейнеде біреуді жаратқан екен деп ойламаған едім»,-дейді. Сонда періште: «Алла Тағала мені алты жүз қанатты етіп жаратқан, мен тек екі қанатымды ғана жайдым. Ал, Исрафилді алты жүз қанатты етіп жаратқан, оның бір қанаты менің барлық қанатымның көлеміндей»,-деген екен.

Сол сияқты, Аршыны көтеріп тұрған періштелер төртеу, ал қиямет күні олардың саны сегіз болатындығы жайлы риуаят етілген. Олардың бейнесі хадисте былай суреттелген: олардың әрбірінің құлағының сырғалығы мен иығының арасы жылдам құс жеті жүз жылда ұшып жетеді. Олар Аршыны иығына салып көтеріп тұрады да, ал аяқтары жеті қабат жер астында,-делінген.

Қазақта апаттан аман қалған адам жайлы «періштесі қағыпты» деген сөз бар. Бұл дегеніңіз адам баласын Алланың қалауымен тосын апат пен жағдайдан қорғайтын періштелер бар екенін аңғартады.

 


[1] Хаж сүресі, 75-аят
[2] Нәжім сүресі, 5-аят
[3] Нәжім сүресі, 6-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру