Қасиетті Қағба тарихы

08 шілде 2019 18017 0
Оқу режимі

Қасиетті Қағба – адам баласының құлшылық етуі үшін тұрғызылған ең алғашқы Алла үйі. Оның Қағба аталуы сыртқы бейнесінің шаршы болуымен түсіндіріледі, яғни «Қағба – тік төртбұрышты болғандықтан осылай аталған»[1]. Қағба – мұсылман баласының көзі мен жүрегі талпынып тұратын құбыласы. Бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Негізінде адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбәрак және тура жол»,[2] – дейді. Қолда бар тарихи деректерге сүйенсек, Қағбаның бүгінгі күнге дейін бірнеше рет қайта құрылғанына көз жеткіземіз. Алайда, Көне үйдің[3] кірпішін ең бірінші қалаған кім екендігі – тарихшылар арасында даулы тақырып. Өйткені, Қағба жөніндегі тарихи деректердің басым бөлігі жоғалған. Алайда, бұл құрылыс Адам (ғ.с.) ата жерге түспестен бұрын тұрғызылған.

Қағбаның қақ төбесінде жетінші қабатта періштелер құлшылық ететін Бәйтул Мағмур[4] (тұрғызылған үй), ал оның үстінде Аршы бар.

Мұсылмандар бес уақыт намазды сол тарапқа бет түзеп құлшылық етеді. Қағбаны Алланың құлдары күні-түні тәуеп етеді. Тек намаз уақытында ғана тоқтатады.

Құран Кәрімде: «Сол уақытта үйді (Қағбаны) адам баласы үшін орталық әрі бейбітшілік орны етіп жасадық...»,[5] – деп айтылғандай, Қағба Алла елшілері әкелі-балалы Ибраһим мен Исмаил (ғ.с.) көтергелі бері ешуақытта өз қасиетін жоғалтпаған. Қағба мұсылмандардың жүрегінде қастерлі болғаны сияқты, Мекке мүшріктері де оны ерекше құрмет тұтты. Сол дәуірлерде діні мен құлшылығы бөлек мүшріктер де мұсылмандармен қатар өз рәсімдерін жасайтын еді. Осылайша, олардың өз құлшылығы болғанымен, Жалғыз Жаратқанға құлшылық етушілер мен пұтқа табынушылар бірдей Қағбаны құрмет етті.

Алла Тағаланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) келіп қасиетті жерді көпқұдайшылық және пұтқа табынушылықтан тазарта бастады. Һижреттің 10-жылы Мекке шаһары және Қағба рухани ластықтан толығымен тазарды.

Мекке оның ішінде Қағба барлық пұт пен оның нышандарынан құлан-таза етілді. Сол жылдан бастап кәпірлердің Қағбаға қажылық етуіне тыйым салынды.

Қағба Алла Тағала үйі болғандықтан, оны түрлі қауіп-қатер мен айлакерлер зиянкестігінен қорғалған. Оның түбегейлі бұзылып кетуінен сақтайды. Қағба Ибраһим (ғ.с.) тұрғызғаннан бері 4 мың жыл бойы өзінің қасиеттілігі жоғатпады. Қиямет күніне дейін осылайша жалғаса береді. Қағбаны қиратпақ болған әрекеттер де тарихта болған. Оның ең үлкені – Йемен патшасы Әбраһаның әрекеті. Ол жер қайыстырарлық қалың қолмен Қағбаны қиратпақ боп Меккеге бет алады. Алайда, қалаға он шақырым қалғанда Муздалифа мен Мина арасындағы ойпатта Алла Тағаланың қаһарына ұшырайды. Бұл оқиға Құранда Фил сүресінде баяндалады.

Қағба қызметі

Қағба қызметі – хижаба (қақпа күзеті), ал, Қағба қызметкерлері – сәнәдә (қасиетті орын қызметкерлері) деп аталады. Бұл – Бәну Шәйбә әулетінің атадан балаға мұра етіп қалдыратын қызметі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол әулетке:

خذوها خالدة تالدة لا ينزعها منكم إلا ظالم

«Бұл қызметті мәңгілікке ұрпақтан-ұрпаққа алыңдар. Сендерден бұл қызметті тек залым тартып алады», – деген екен.

Мекке қаласы азат (фатх) етілген соң, Қағба кілтін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Осман бин Талха мен оның ұлы Шәйбәға табыс еткен. Сол күннен осы абыройлы қызметті атқару – Бәну Шәйбә әулетінің міндеті.

Қағба қызметін ең алғаш Ибраһим, одан ұлы Исмаил алды. Сосын оның ұрпақтары қолына көшті. Олардан нағашылары Жұрһум тартып алады. Кейінірек күшпен Хузаға руы иелік етті. Хузаға қолында бұл қызмет бірнеше ғасырға созылды.

Бұдан кейін пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) төртінші атасы – құрайыштық Құсай айналысты. Ал, Құсай Қағба кілтін ең үлкен баласы Абдударға берді. Оның қолында жаһилиет және Ислам кезеңінде сақталды. Сосын Шәйбәнің әкесі Осман бин Талха қолына келіп тиді.

Қағбаның сипаты

Қағба құрылысы жоғарыда айтқанымыздай, тік төртбұрышты текше (куб). Ибраһим (ғ.с.) оның ұзындығын 9 зирағ етті салды. Және шығыс пен батыс жағында есік орнын жасады. Алайда, ашып немесе жауып қоятын есігі болмаған.  Сондай-ақ, Қағбаның төбесі жабылмаған ашық күйінде тұрды. Ішінде сыйлықтар сақталатын құдығы бар еді.  

Ішінде ірі үш бағанасы бар. Сондай-ақ, солтүстік жағынан тәубе есігінен өтіп баспалдақ арқылы төбесіне көтерілуге болады. Ал, ішке енетін есік қарсысында михраб орналасқан. Қалған қабырғасы түрлі түсті мәрмәрмен көмкерілген. Үлкен сандық ішінде көне жәдігер заттар сақтаулы.

Қағбаның өлшемі

Меккедегі «Умму Қура» университеті жанындағы Қажылық Зерттеулер Орталығы бұған қатысты мынадай мәліметтер келтіреді:
1. Қара бұрыш пен Шам бұрышына дейін (Қағба есігімен қоса) 11.68м.,
2. Йемен және Батыс бұрышы арасы 12.04м.,
3. Қара және Йемен бұрышы арасы 10.18м.,
4. Шам мен Батыс бұрышы арасы 9.90м.,

Ал, биіктігі әр заман әр түрлі болған. Ибраһим (ғ.с.) заманында 4.32, Құрайыштар кезінде 8.64м., ал, Абдулла бин Зубайыр (р.а.) 12.95м., етіп көтерген.

Қағба пайда болғалы бері 12 рет қайта тұрғызылған. Бұл тарихи хронология бойынша келесі ретпен баяндалады:
1. Періштелер;
2. Адам (ғ.с.);
3. Шис (ғ.с.);
4. Ибраһим (ғ.с.);
5. Диюлар;
6. Жұрһум арабтары;
7. Қусай – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) 4-ші атасы;
8. Абдулмутталиб – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атасы;
9. Құрайыш руы;
10. Абдулла бин Зубайр (р.а.);
11. Хажжаж;
12. Осман сұлтаны Мұрад хан.

Құрайыш руы құрылыс жұмысын жүргізген кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) отыз бес жаста еді. Алла елшісіне (с.ғ.с.) бұл құрылыста маңызды міндет саналған қара тасты орнына қою тапсырылды.

Руслан Қамбаров
Muslim.kz мұрағатынан


[1] Мұжаһид тәпсірі.
[2] «Әли Имран» сүресі, 96-аят.
[3] Көне үй – Қағбаның атауы. «Хаж» сүресі 29-аятқа қараңыз.
[4] «Тұрғызылған үйге (Көктегі құбылаға) серт» («Тұр» сүресі, 4-аят).
[5] «Бақара» сүресі, 125-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру