ҚҰРАНҒА ҚҰМАРТҚАН ПУШКИН

06 қазан 2025 996 0
Оқу режимі

Бұл туралы жазбаған, зерттемеген ғалым мен әдебиетші аз. Том-том кітаптар бар. Арасында "Пушкин көп жасаса мұсылман болар еді" деп толғанғандар да жетерлік. Себебі Пушкин құранға құлай берілген. Тіпті кей жазбаларында "Мұны адам жаза алмайды. Өзгеше мақам. Өзгеше әуен. Құдіретті сөз" деп тебіреніпті жарықтық.

А.С.Пушкиннің арғы аталары Эфиопия жерінен дейді зерттеуші ғалымдар. Аталған қалада Пушкиннің арғы атасы Ибрагим Петрович Ганнибал тұрған. (Ақынның аталары патша сарайында қызмет істеген...). Сол себепті, 2002 жылы Аддис-Абеба қаласында ақынға арналған ескерткіш орнатылған. Мәрмәр таста «Біздің ақынға арналады» деген сөздер қашалып жазылған.

Ақын Қадыр Мырзалиев Пушкиннің Орал қаласына келген сапарын жырға қосып былай түйіндеуі бекер емес-ау.

"... Ақылды бас несіне,

Құлап түсті төсіне.

Арғы атасы оның да,

Түсті ме екен есіне".

А.С. Пушкин француз, ағылшын, итальян, испан, латын, грек және славян тілдерін білген. Басқаларын да өмір бойы үйренумен болған. Оның жеке кітапханасында 3560 том кітап қалыпты.1522 кітаптың 529-ы орыс, ал 993-і өзге 14 тілде болған екен.

Біреу білер, біреу білмес Л.Н. Толстойдың атақты "Анна Каренина" романының жазылуына А.С. Пушкиннің М.А. Гартунг есімді қызының тағдыры түркі болған деседі

Ал Гогольдің «Ревизор» атты туындысының идеясын Пушкин айтып беріпті.

Пушкин 8 жасынан бастап француз тілінде өлең шығарған. Бірақ, өзі поэзияға 13 жасында аяқ басқанын жазып қалдырыпты.

Ақын өте қызба болыпты. Дантеспен болған дуэль ақын өміріндегі 21-ші жекпе-жек еді. 15 дуэльге Пушкиннің өзі шақырған көрінеді. Бірақ 15-тің тек 4-еуі ғана толыққанды өткен, қалғандары екіжақты келісімге байланысты тоқтатылған.

Орыстың аса көрнекті, әлемнің ұлы ақыны А.С.Пушкин: «Жетімді, Құранды сүй және оны барша жұртқа түсіндір!» - деп өсиет қалдырған.

Ол бүкіл адамзатқа таспих пен қылыш арқылы ант ете отырып «Құранды сүй!» деп бұйырған. Құран ғана бар жаратылыстың қайнар көзі деп білген.

Ақын неге осыншалықты Ислам әлеміне құмар болды? Неге Құранға ессіз ғашық болды?

Даңқты Ф. Достоевский ақынның мерейтойында «...Пушкиннің Ислам жайлы қалам тербеуінің себебі – оның үлкен сенімділігі мен қайраттылығынан деп білемін» деген екен.

Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың Исламды қабылдағанын естіген туысқандары онымен қарым-қатынастарын үзген, әріптестері, тіпті билік басындағылар оны төңкерісшіл, мылжың, пасыққа теңеп, адам қатарына қоспауға барынша күш салды.

Бұдан Пушкин де сырт қалмаған. Сынап, мінегендер де жетіп артылады. Бірақ Пушкин мойымаған. Қайта қайраттана түскен.

Пушкиннің Исламды мойындағанына куә болған К.Рылеев те: «Пушкин, сен өзіңнің Ислам жайлы жазған дүниелеріңмен бізден алшақтап бара жатқандайсың. Бірақ біз сені кешіруге дайынбыз. Сен біз үшін орыстың «Байроны» болып қала бермексің. Құдай үшін, сенің сүйікті Магаметің үшін ант етейін, кері қайт! Сен оған еліктеме! Сен егер білсең еді, мен сені қатты құрметтеймін, асқан данышпандығың үшін саған бас ием! Сау бол», - деп жазған. («К.Рылеевтың Пушкинге жазған хаты». 1825 жыл, 12 мамыр.)

Пушкин өзіне бағытталған теріс пікірлерге үнемі тойтарыс беріп отырыпты.

Мұсылман әлеміне, жалпы, шығыс дүниесіне ерекше ықыласпен қарап, оны жырға қосқан ақын «Құранға еліктеу» өлеңінің түсініктемесін өз қолымен жазып отырып: "Дінсіздер қасиетті кітапты көне мысалдар мен жаңа өтіріктердің құрандысы деп сандалады, ал өзім оған сенбеймін, бұл кітап ізет-үлфаттың тіл жетпес ұлы үлгісі" дегенді айтқан.

Ал біздің көбіміз мұсылман болсақта, кейде күпірлікке бой алдырып қоятынымыз қалай?

 

ҚҰРАНҒА ЕЛІКТЕУ

П.А.Осиповаға арналады

I

Ант етем дақ сан, жұп санмен,

Ант етем шолпан, қылышпен,

Ант етем кешкі құптанмен,

Ант етем жиһад ұрыспен:

Тастады деме далаға.

Кім еді сені кіргізген

Жан тыныш сая панаға,

Құтқарған қуғын-сүргіннен?

Мен емей, кім ол шөліңді

Жапанда сумен қандырған?

Мен емей, кім ол сөзіңді

Тыңдатып, жұртты нандырған?

Ақ жолға дүзеп бетіңді,

Абай бол жалған, жауызға,

Мүсірке сүйіп жетімді,

Құранды көпке уағызда.

- Пушкиннің 4 баласы болған: Мария, Александр, Григорий және Наталья, солардың тек екеуі (Александр мен Наталья) ғана ұрпақ қалдырған. Қазіргі таңда ақын ұрпақтары Англия, Германия, Бельгия т.б. елдерде тұрады. 50-ден астам ұрпағы Ресейде өмір сүріп жатыр. Әсіресе, Татьяна Ивановна Лукаш ханымның есімі елге таныс. Оның әжесі (Пушкиннің немересі) Н.В. Гогольдың немере жиенінің жұбайы екен.

Пушкиннің құрметіне шағын ғаламшарға «2208 Pushkin» атауы берілгенін айтпай кеткеніміз жараспас.

Құдайды таныған, құранға көңілі құлаған ұлы ақынның жолы бүгінгі ақындарға жұғысты болғай!

 

Nagashybay Kabylbek

Пікірлер Кіру