Рамазан – он екі айдың сұлтаны

12 сәуір 2021 6862 0
Оқу режимі

Мұсылман кісі оразаның ең бірінші құлшылық екенін және Аллаһтың құлдарына парыз қылған ізгі амалы деп білуі тиіс. Құлшылықтан мақсат – Алланың әміріне ақыл-ой жүгіртпей, сарапқа салмай, пайдасы мен зиянына қарамастан толығымен мойынсұну болып табылады. Былайша айтқанда, құлшылықты орындауда Ләйләдан басқа ешкімді көрмейтін және сүймейтін Мәжнүндей болуы керек. Сонда ғана жасаған құлшылықтың мәнін ұғады.

Рамазан – он екі айдың сұлтаны деп бекер айтылмаған. Өйткені, бұл ай – нәпсіге ауыздық салып тізгіндейтін, нәпсіқұмарлық пен бос әуестенушілік кеселіне дауа болатын, қара пиғылды шайтанның адам баласын азғырудан амалы құритын және тәндегі он бір ай бойы жабысқан, көзге көрінбейтін кірден тазартатын ай.

Рамазан айы отыз тәулік бойы зікір айы десек қателеспейміз. Ораза ұстаған пенде күні-түні Жаратушысын естен шығармайды. Олай дейтінім, күндіз ауызы берік болғандығы үшін «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демекші, ауыздан шыққан әрбір сөзіне мән беріп және«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегендей, әрбір басқан қадамын қадағалайды. Ораза - тек ішіп-жеуден тыйылу емес,әрбір мүшенің  ұстайтын өз оразасы бар:

Ауыздың оразасы – бір нәрсе ішіп-жеуден;

Көздің оразасы – Алланың харам қылған нәрсесіне қараудан;

Тілдің оразасы – әлде кімді балағаттаудан, өсек-аяңнан, жалған куәлік беруден;

Мұрынның оразасы – қандай да бір нәрсені рахаттанып, ләззат алып иіскеуден;

Құлақтың оразасы – пайдасы жоқ, бос әңгімелерді естуден;

Қолдың оразасы - өзге біреудің меншігін рұқсатсыз алудан, ұрлаудан;

Аяқтың оразасы – Алланың харам қылған жеріне барудан;

Ал, жүректің оразасы – нәпсінің иірімдеріне құлақ салып еруден тыйылу болып табылады.

Таңның атысы кештің батысына дейін дәл осылай өзін бақылауға алған кісі, Алланы естен шығаруы мүмкін бе?! Күн батысымен ақшам намазына азан шақырған уақытта ораза тұтқан кісіден асқан бақытты адам болмайды. Ауыз ашардан алдын шын жүрегімен тілек дұғасын айтып, алдындағы дастархан мәзірінде құйылған суды ішкен кезінде Алланың берген нығметтерін еске түсіріп, шүкіршілік танытады. Сонымен бірге құптан намазы мен тарауих намазын оқуға кіріседі. Әрине бұл құлшылық – Алламен тікелей тілдесу болып табылады. Одан қала берсе бұл айда Құранды бастан-аяқ оқумен және оның мағынасына қанығуға тырысады. Егер мұсылман пенде күндіз ораза тұтып түнгі уақытының біршамасында Құран оқыса, қиямет күнінде ол кісінің екі жақтаушысы болады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін мына хадиске назар аударсақ: «Қиямет күнінде Аллаһтың құлына ораза мен Құран шапағатшы болады. Ораза: «Уа Раббым! Мен оны күндіз ішіп жеуден тыйдым», – десе, Құран: «Мен үшін түнде ұйқысынан қалды.....», – дейді. Олардың өтініштері қанағаттандырылады».

Түннің бір шамасында Құран оқып оның мән мағынасын зерделеген кісі, жатар алдын сәресіге тұруға ниеттеніп ұйқыға кіріссе, түні бойы құлшылық жасағанмен тең. Демек, рамазан айында ораза тұтушы күніне 24 сағат бойы бір сәт Жаратушысын жадынан тастамайды.

Алғашқы кездері нәпсі асау аттай тулап, бой алдырмауы мүмкін, бірақ отыз күн оразада тәрбиелену арқылы бірте-бірте өз сабасына түсері анық. Ораза ұстап аш жүрген кісі өзінің әлсіздігі мен шарасыздығын біліп, Ұлы Алланың шексіз құдіретті екенін жан жүрегімен сезіне бастайды.

Міне, Рамазан айының отыз күні бір сәске уақыттай зымырап келеді де кетеді. Ендігі рамазан айына қауышатынымыз да бар қауышпайтынымыз да бар. Сол үшін рамазан айында берілетін мол мүмкіндікті уысымыздан шығарып алмайық, ағайын!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру