САНА ҮШІН ЖҮРІП ЖАТҚАН ҮНСІЗ КҮРЕС

17 сәуір 2026 93 0
Оқу режимі

Бос кеңістік ешқашан бос тұрмайды.

Қазақ даласына ислам тарихи табиғилықпен орнықты. Ол халықтың тілімен, салтымен, тұрмысымен бірге сіңді. Сондықтан қазақ ешқашан дінді дәстүрге қарсы қойған емес. Наурыз да болды, беташар да болды, домбыра да болды, бата да болды, және мұның ешқайсысы халық санасында иманға қарсы ұғым ретінде қабылданған жоқ. Өйткені қазақ үшін сенім де, дәстүр де өмірдің өз ағысынан бөлек болмаған.

Бірақ тарихта рухани кеңістік бірнеше рет сыртқы ықпалға түсті. Патшалық кезеңде бұл ықпал жаңа сипат алды, кеңестік кезеңде рухани сабақтастық әлсіреді. Мешіттер жабылды, діни білім үзілді, бірнеше буын табиғи рухани арнасынан алыстады. Тәуелсіздік келген кезде ел алдымен экономиканы көтеруге кірісті. Бұл - уақыттың талабы еді. Мемлекет құрылды, жүйе орнықты, нарық қалыптасты, бірақ ұлттық рухани бағдар толық орнығып үлгермеді.

Ал бос кеңістік ешқашан бос қалмайды. Сол кеңістікке жаңа түсіндірулер, жаңа үн, жаңа ықпал қатар енді. Бүгін көптеген жас рухани ұғымды ұзақ ізденістен емес, қысқа форматтан қабылдайды. Кей жағдайда экран дәстүрлі ортадан да ықпалды бола бастады. Қауіп дәл осында.

Қоғамды алаңдатып отырған нәрсе - діннің өзі емес, ұлттық өмір салтымен толық қабыса бермейтін түсіндірулердің көбеюі. Бүгін ғасырлар бойы табиғи қабылданған кей дәстүрлерге, соның ішінде Наурызға, домбыраға, беташарға қатысты күмән айтылатын жағдайлар көбейді. Бұл жай рәсім төңірегіндегі пікір емес, халық санасында тарихи жадына тиген қысым ретінде сезіледі.

Соңғы жылдары көп әйел алу тақырыбының ашық айтыла бастауы да қоғам назарын аудартпай қоймады. Қазақ «Тектілік әкеден, тәрбие анадан» деп бекер айтпаған. Әке - тірек, ана - ішкі тәрбие өзегі. Сондықтан әйелдің орнын әлсірету - тек отбасы мәселесі емес, келесі ұрпақтың ішкі дүниесіне әсер ететін мәселе.

Бүгін негізгі сұрақ - баланың санасын кім қалыптастырады: отбасы ма, мектеп пе, әлде экран ба? Өйткені бүгін экран да тәрбие кеңістігіне айналды.

Сондықтан бүгінгі әңгіме жай дін туралы емес. Бұл - қазақ өз рухани өлшемін өзі сақтай ала ма деген сұрақ. Өз жолыңды өзің айқындамасаң, ертең оны басқа біреу түсіндіріп береді. Өйткені халықтың жадынан ажыраған жерде, сырттан келген кез келген сөз уақыт өте келе ақиқат болып көріне бастайды.

Себебі ұлтты әлсірету үшін кейде шекарадан өту міндетті емес - санасына кіру жеткілікті.

 

Токкожа КОЖАГУЛОВ

 

Пікірлер Кіру