Шайтанға тән лас іс

17 маусым 2021 4894 0
Оқу режимі

Құмар ойын дегеніміз – ақша немесе басқа қандай да бір дүние-мүлік тігіп ойналатын, кездейсоқ сәттілік пен жеңіске негізделген ойынның түрі. Құмар ойындары бірнеше кісінің арасында бәске тігіліп ойналғандығы секілді, бір кісі мен ойын автоматы арасында орын алуы да мүмкін. Яғни, лоторея, ойын автоматтары, бәс тігу, букмекерлік ойындардың барлығы құмар ойындарына жатады. Осы арқылы кей адамдар оңай жолмен табысқа кенелсе, кейбіреулер бар дүние-мүлкінен айрылып қалуы мүмкін. Тіпті, әбден әккі болып алған ойыншылар ептілік танытып, байқатпай алдап та кетіп жатады. Мұндайда жаңадан қосылған адамдар сан соғып қалады. Түрлі қоғамдар мен әрқилы замандарда бұл ойындардың түр-пішіні мен атаулары өзгерсе де, түп-тамырына қарасақ – әділетсіз жолмен мал табу, уақыт пен дүние-мүлікті ысырап ету, ерік-жігер мен өмірге құлшынысты әлсірету, қоғамның күйреуі секілді бірқатар жағымсыз нәтижелерге әкеліп соқтыратындықтан, барлық дерлік діндер мен адамгершілік құндылықтар бұл істі құп көрмей, тыйым салған. Ислам дінінің де негізгі тыйымдарының бірі – осы құмар ойындарына салған тыйым.

Ислам дінінде сенім мен ғибадат негіздерімен қоса, жеке тұлғаның адамдық қарым-қатынастары мен қоғамдық өмірінің белгілі бір өлшемдер мен тәртіптің аясында болуы, қандай да бір жамандықтардан қорғалуы өте маңызды. Осыны жүзеге асыру үшін Құранда да, хадистерде де адамдардың іс-әрекеттерінде басты рөл атқаруы керек негізгі құқықтық принциптер мен мінез-құлық нормалары туралы жиі сөз етілген. Осы тұрғыда бекітілген ережелер діни мәтіндермен қоса, адамзаттың жалпылама сау ақылына және қоғамдық сезіміне де негізделеді. Мысалы, табыс табуда екі тараптың ризалығының негізге алынуы, жаман әдеттердің айыпталуы және адамның жеке ерік-жігерінің тәрбиесіне басымдық берілуі, әділетсіз жолдармен мал табуға және уақытты босқа жұмсауға, мұның іс жүзіндегі өрнегі болып табылатын құмар ойынға тыйым салынуында осы аталған адамның сау ақылы мен жалпы қоғамдық сезімдер назарға алынған.

Құран Кәрімнің «Сенен арақ-шарап пен құмар ойын жайлы сұрайды. Оларға «Екеуінде де үлкен бір күнә бар және адамдарға бірқатар пайдалар да бар»  деп айт»[1] деген аяты арқылы құмар ойындары айыпталған. Ал, бұдан кейін түскен аятта нақты тыйым салынған: «Уа, мұсылмандар! Арақ-шарап, құмар ойын, табыну үшін орнатылған пұттар, жебелермен бал ашу – шайтанға тән лас істер. Ендеше, екі өмірде мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар»[2], – деген.

Бұл аятта құмар ойын мен арақ-шараптың бірге айтылуы ішімдік пен құмардың адам баласы құрсауына бір түссе құтылуы қиынға соғатын ең жаман екі әдет екендігін көрсетеді. Құмар ойынның күнә болуы және оған тыйым салынуының астарында оның Алланы еске алуға, намазға кедергі келтіруі, адамдардың арасында дұшпандық туғызуы, зұлымдық пен әділетсіздікке жол ашуы, адамдарды жеңіл жолмен мал табуға әуестендіруі, отбасының ойрандалуы секілді нәрселерге себеп болатындығы жатыр.

(Жалғасы бар..).          

Әлімов Жақып
«Aq Meshit» мешітінің азаншысы


[1] «Бақара» сүресі, 219-аят.
[2] «Мәидә» сүресі, 90-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру