ШЫНШЫЛДЫҚ (Он төртінші күн)

03 наурыз 2026 44 0
Оқу режимі

3 наурыз

Он төртінші күн

ШЫНШЫЛДЫҚ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. 

Шыншылдық – мұсылман адамның бойындағы негізгі сипаттардың бірі. Бойында шыншылдық қасиеті қалыптасқан пенде еш уақытта жалған сөйлемейді, сөзі мен ісі әрдайым сәйкес келеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Аллаға тақуалық танытыңдар әрі шыншылдармен бірге болыңдар», – деген («Тәубе» сүресі, 119-аят).

Адамзатқа үлгі етіп жіберілген пайғамбарлардың барлығы шыншыл болған. Мысалы, Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِبْرَاهِيمَ إِنَّهُ كَانَ صِدِّيقًا نَّبِيًّا

«Кітаптағы Ибраһимді есіңе ал. Негізінде ол шыншыл пайғамбар еді», – деген («Мәриям» сүресі, 41-аят).

Басқа бір аятта Алла Тағала:

وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِدْرِيسَ إِنَّهُ كَانَ صِدِّيقًا نَّبِيًّا

«Кітаптағы Ыдырысты есіңе ал. Негізінде ол шыншыл пайғамбар еді», – деген («Мәриям» сүресі, 56-аят).

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі де адамдар үшін шыншылдықтың ең кәміл әрі абзал мысалы. Тіпті, пайғамбарлық келмей тұрып та оны адамдар шыншылдығы мен аманатқа беріктігіне байланысты «Мухамммадун әл-Әмин», яғни «Сенімді Мұхаммед» деп атаған.

Бірінші: шыншылдықтың түрлері

  1. Сөздегі шыншылдық

Сөздегі шыншылдықты әл-Жунайд (Алла оны рақымына алсын): «Өтірік айтып қана құтылуға болатын жерде тек шындықты ғана айта білу», – деп түсіндірген. Халық даналығында «Бал тамған өтіріктен, қан тамған шындық артық», – деген сөз бар. Демек мұсылман адам, қандай жағдай болмасын, туралық пен шындықтан ауытқымауы тиіс. Шыншылдықтың бұл түріне мысал ретінде Кәғб ибн Мәлик атты сахабаның Табук шайқасынан қалып қойғаны жайындағы хикаядан үзінді келтіруге болады.

Кәғб ибн Мәлик былай дейді: «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Табуктан келе жатқанын естігенімде, менің бойымды қатты қайғы биледі. Мен сасқанымнан: «Ертең оның ренішінен қалай құтылсам екен?» – деп өзімнің отбасымның әрбір адамымен ақылдасып, көмек сұрап, түрлі өтірік ақтаулар іздей бастадым. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға жақындап қалды дегенде, менің бойымдағы өтіріктің дымы да қалмады. Өтірік айтып оның ренішінен құтыла алмайтынымды біліп, тек қана шындықты айтуға бел будым. Таңда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға оралды. Әдетінше қайсыбір сапардан оралмасын, ең алдымен мешітке кіріп екі ракағат намаз оқып, ондағы адамдармен сұхбаттасатын. Ол осының бәрін орындап болған соң, оған Мәдинада қалған адамдар келіп, ақтауын айтып, ант етіп жатты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болса, олардың ақтауын қабыл алып, олар үшін Алладан кешірім сұрап, ішкі жан дүниесіндегі ниеттерін Аллаға тапсырып жатты. Мұндай адамдардың саны сексеннен артық болды. Сосын мен келіп, онымен амандастым. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашуын жасырған адамның жүзімен жымиып: «Кел!» – деді. Мен оның жанына жақындап келіп отырдым. Менен: «Сен түйелерді сатып алмап па едің, сені мұнда қалдырған не?» – деп сұрады. Мен: «Уа, Алланың Елшісі! Алланың атымен ант етемін, егер де мен қазір басқа адамның алдында отырсам, жалған ақтау айтып құтылар едім. Олай дейтінім, оған менің шешендігім жетеді. Бірақ Алланың атымен ант етемін, егер қазір мен сізге жалған сөйлеп құтылсам, жақын арада Алла сізді маған ашуландырады. Егер қазір шындықты айтсам, сіз маған қазір ашуланарсыз, алайда осы арқылы Ұлы Алла Тағала мұның соңын игілікке әкеледі деген үмітім бар! Алланың атымен ант етемін, мен қалған кезімде ешуақытта сондай күшті әрі жақсы қамтамасыз етілген емеспін. Менің ақталатын ешқандай сылтауым жоқ!» – дедім. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол шындықты айтты. Тұр, енді Алланың Өзі сен жайлы шешім қабылдағанша күт», – деді.

Осы оқиғадан кейін Кәғб Алланың әмірін күтіп, тәубе етеді. Алла Тағала оның тәубесін қабыл еткені туралы хабар етіп, қасиетті Құран аятын түсіреді.

  1. Ниет пен қалаудағы шыншылдық

Ниет – амалдың жүрегі. Адам бір істі атқарғанда оның сыртқы көрінісінен бұрын, Алла Тағала оның жүрегіндегі мақсатқа қарайды. Егер ниет таза болып, разылық тек Алла үшін болса, аз ғана амалдың өзі үлкен сауапқа айналады. Ал ниет бұзылса, рия, мақтан, пайдакүнемдік араласса, сырт көзге игі көрінген іс те құнын жоғалтады. Сондықтан мұсылман адам әр амалының алдында өз жүрегін таразылап: «Мен мұны кім үшін жасап жатырмын?» – деп сұрауы керек. Сонда ғана ниеттегі шыншылдық іске асады.

  1. Іс-әрекеттегі шыншылдық

Іс-әрекеттегі шыншылдық – адамның ішкі дүниесі мен сыртқы амалының сәйкес келуі. Тілімен иман айтып, жүрегі басқа нәрсені көздесе, бұл екіжүзділікке апарады. Ал жүректе сенім болып, амал соған сай келсе, бұл – нағыз шынайылықтың белгісі. Мұсылман адам сөзі мен ісін бір арнаға тоғыстыруы керек. Уәде берсе – орындау, аманат алса – адал сақтау, құлшылық жасаса – ықыласпен атқару.

Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектеріміз бен ниеттерімізді қабыл алып, шыншыл құлдарынан болуды нәсіп етсін.  

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру