ЗЕКЕТ

15 наурыз 2024 663 0
Оқу режимі

Зекет – зекетке деп бөлінген мал-мүлікті, арнайы шарттарға сай адамның меншігіне беру. Сондықтан зекет беретін адам зекет ниетімен бір пақырды тойдырса, меншігіне беру шарты орындалмағандықтан ол адам зекетін берген болып саналмайды.

Зекеттің парыз болуының шарты:

 Балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс, азат әрі қарызы жоқ мұсылманның күнделікті қолданылатын негізгі қажеттіліктерінен тыс нисап мөлшеріне тең мал-мүлікке ие болуы. Мұнымен қоса, нисап мөлшеріндегі мал-мүлікке бір жыл толуы және өсіп, көбеюі шарт. Алтын мен күміс көбеймесе де нисаб мөлшеріне жеткенде зекеттері беріледі.

Нисаб: Зекет беруді уәжіп қылатын шариғатпен бекітілген байлық мөлшері. Бұл – қарыздардан басқа 20 мисқал (80,18 гр.) алтын немесе соған тең ақша немесе сауда бұйымы. Ақшаның қырықтан бірі зекет ретінде беріледі. Төрт түлік малдың зекетіне келер болсақ, 40 қойдан бір қой, 5 түйеден бір қой, 30 сиырдан бір сиыр зекет ретінде беріледі. Қазба байлықтардың да зекеті бар.

Үшір – егістіктен алынған өнімнің (астық, көкөніс) зекеті. Оннан бірі беріледі. Егер егістік суармалы болса, онда жиырмадан бірін береді. Егістікке бидай, арпа, күріш, тары, қарбыз, қияр, баялды, зәйтүн, күнжүт, бал, шекер қамысы сияқты өнімдер жатады. Егіншілікпен айналысатын мұсылмандар жеген асы адал болуы үшін зекетін міндетті түрде берулері тиіс.

 Зекет берілетін орындар Тәуба сүресінің 60-аятында төмендегі жерлер ашықтап айтылған:

1. (Нисабқа ие болмаған) Кедейлер;

2. (Еш нәрсесі жоқ) Міскіндер;

 3. Зекет жинайтын қызметкерлер;

 4. Мүәлләфә-и Қулуб;

5. Құлдықтан азат етілетін құлдар;

6. Қарызы барлар (өтей алмайтындар);

7. Фи сәбилилләһ (Алла жолындағылар);

8. Ақшасыз жолда қалғандар.

Зекет осы сегіз жердің кез-келген біріне беріледі. Бірақ ең абзалы – түгі жоқ міскіндер мен Алла жолындағыларға беру.

 

Пікірлер Кіру