ЖАМАНДЫҚТАН ТЫЙЫП, ЖАҚСЫЛЫҚҚА ҮНДЕУ

15 тамыз 2023 1415 0
Оқу режимі

Жамандықтан қайтарып, жақсылыққа шақыру – әрбір мұсылманның міндеті. Дініміздің негізін сақтаушы басты жолдардын бірі – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю.

Қасиетті Құран кәрімде бұл жайында «Әли Имран» сүресінің 104-аятында былай деп әмір етеді: «Сендердің араларыңда мынандай жамағат болсын, олар басқаларды игілікке шақырып, жақсылыққа үндесін. Жамандықтан тыюға тырыссын. Міне, осылар – нағыз мақсатына жеткендер».  Басқа бір аятта Алла Тағала: «Жақсылыққа шақыр, жамандықтан тый!» –  деп бұйырады.

Жамандықтан тыйып, жақсылыққа үндеудің негізі – Аллаға және хақ жолына шақыру. Тілдік мағынасы араб тілінде шақыру, янғи бір мәселені шешуге немесе оны қорғауға шақыру дегенді білдіреді.

«Мисбах əл-мунир» деген кітапта шақыру деген сөзге былай анықтама берген: «Сөзбен немесе іспен адамдарды бір мазхабқа не үмметке қарай қосылуға шақыру».

Ал, ибн Манзурдың «Лисəн əл-ъараб» сөздігінде былай деген: «Ұлы Раббымыз Алла жəннатқа шақырады. Алла Өзінің пенделерін бір адам қонаққа шақырған сияқты шақырады. Алланың жəннатқа шақыруындағы мақсат – адамдардың дінді жақсы ұстануы. Сол үшін амал ету құлшылық болып табылады. Міне Алланың осы шақыруына жауап берген адамдар Алланың тобына жатады. Олар жайында Алла былай деген: «Біліңдер! Анығында Алланың тобы құтылушылар!». Өйткені олар Алланың шақырушысына жауап берді жəне иманға келді. Шайтанның да өзінің тобы бар. Ол өзінің тобын тозақ иелеріне болуға шақырады. Шайтанның тобы яғни жақтастары қиямет күні өкінген күйде Алланың құзырына оралады. Өйткені олар Алланың шақырушысына жауап бермеді. Əрі олар сол сəтте былай деп өкінеді екен: «Раббымыз! Бізді аз ғана кешіктіре гөр! Біз сенің шақыруыңа жауап беріп, елшілерге ереміз ...». Демек, құлшылық жасауға жəне шариғат құптайтын істерге шақыратындар жəне күнəға, шариғат құптамайтын істерге шақырушылар болады. Сондықтан елшілер Аллаға шақырушылар деп аталады. Тіпті жындардың өзі құранды естіген кезде былай деген: «Əй, қауымымыз! Алланың шақырушысына жауап беріңдер жəне оған иман келтіріңдер».

Жамандыққа болсын немесе жақсылыққа болсын шақырған адамды шақырушы дейді. Пайғамбар Алланың шақырушысы, ол адамдарды Аллаға ғана құлшылық етуге шақырады. Сонымен қатар азаншыны да шақырушы деп атаған.

Ал, енді шариғаттағы терминдік мағынасына келер болсақ, ғалымдар былай деген: «Шақырушыны Алланың шақырушысы деп атау оның дағуатшы екенін айқындау үшін айтылады. Демек, олар Аллаға құлшылық етуге, Оны тануға, Оны сүюге жəне Алланың дініне шақырады. Міне осылар Алланың құзырында қадірлі əрі дəрежелері жоғары жандар».

Адамдарды Аллаға шақырушы адам, оларды Алланың дініне сөзбен, амалмен шақырады. Сонымен қатар адамдарды исламды іс жүзінде өздерінің өмірінде іске асыруға жəне исламның сенімі бойынша өмір сүріп, ислам бойынша жүруге шақырады.

Аллаға шақыру – пайғамбарлардың ісі. Алла олардың осы миссияны атқару үшін адамзаттың ішінен таңдап алған. Сондықтанда дағуат жасау адам өміріндегі ең маңызды қызмет болып табылады. Ал, елшілер болса, олар Аллаға ең сүйікті пенделер. Алла Құранда былай деген: «Аллаға шақырып, əрі ізгі амал істеп жəне «Шын мəнінде, мен мұсылмандарданмын» деген адамның сөзінен кімнің сөзі жақсы бола алады?». Егер кім сол елшілердің артынан еріп, олардың миссиясын атқаратын болса, ол да осы аятта айтылғандардың қатарына кіретін болады. Ал, Аллаға шақыру деген не? Аллаға шақыру деген – соңғы пайғамбарға түскен Алланың кітабына шақыру. Ол кітапта ешқандай жалған, өтірік нəрсе жоқ. Ол – кітап бетіне жазылған Алланың сөзі. Ол – қияметке дейін мұғжиза болып қала береді. Ол – Алла елшісінен тəуəтур жолымен бізге дейін жеткен. Ол – өзгеруі мүмкін емес жалғыз кітап. Өйткені, оны өзгерістерден аман сақтауды кепілдікке алған Алланың Өзі: «Ақиқатында, бұл еске салуды Құранды біз түсірдік əрі міндетті түрде оны Өзіміз сақтап - қорғаушымыз», – деген. Міне, Құран арқылы Алла Өз нығметін толықтырды жəне сол арқылы бізге ислам дінін ұстануымызға разы болды. Сондықтан жамандықтан қайтарып, жақсылыққа шақыру Аллаға және оның елшісіне иман келтірген пендеге аманат. Пайғамбарымыз (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде «Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл иманның ең әлсізі», – дейді. Қоғамды кеме деп алсақ, осы кемедегілердің тағдыры ортақ болғандықтан, олар бір-біріне  көз жұмып қарамауы керек. Шырақтың отымен келесі шырақты тұтатсаң, бұдан бірінші шырақтың оты кеміп қалмайды, керісінше, екі шырақ жанса жарық та жылу да мол болады.

Бір хадисте: «Кімде-кім жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса – сол адам жер бетіндегі Алланың, Кітабының және Расулының халифасы», – деп, Алланың өзінің жер бетіндегі халифасы етіп жаратқан адамның осы ұлық дәрежеге лайық болу міндетін айтады. Бұл – біздің Алланың разылығына бөленуімізге септігін тигізетін аса маңызды себеп. Бұған дәлел ретінде мына бір оқиғаны келтіруге болады. Пайғамбарымыз құтба оқып тұрған кезде мешітке бір адам: «Адамдардың ең жақсысы кім?» – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын): «Ол –жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған, көп оқыған, әрі сол оқығанын көңіліне тоқыған, Алладан қорқатын және туыстық қатынастарын үзбеген кісі», –  деп жауап берген. Қайырлы үмбет болудың шарттары – «жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю». Міне, осы міндет орындалған кезде үмбет әрқашан да басқа адамдардан артық, қайырлы болып, бүкіл адамзатқа игілік пен адалдық жолында ұстаздық жасайды. Исламның әлемдік мәдениетке үлес қосуы осы міндеттің дұрыс орындалғанына байланысты. Сахабаларды да тарихта үстем қылып, қайырлы еткен осы сипат болса, бұдан кейін келетін ислам үмбетінің қайырлы болуының шарты да осыдан келіп шығады. Бұл жол – Адам атадан басталып кейінгі бүкіл пайғамбарлардың жалғастырған сара жолы.  Қорта айтқанда жер бетінде жақсылықты жайып, жамандықтан тыю мен дінге қызмет етуден артық қызмет жоқ. Егер бар болса, Алла өзінің таңдап жіберген елшілеріне осы қасиетті міндетті жүктер еді. Жақсылықты жаю көктегі жарқыраған күндей адамдарға жарық беріп, Алланы таныту және адамдарды өздерінің таза табиғатына қауыштыру тұрғысынан пайғамбарлар үшін ең жоғарғы мәртебе және Алланың алдындағы ең таза міндет. Біздің намаз оқуымыз, ораза ұстауымыз, зекет беруіміз, қажылыққа баруымыз жеке мойнымыздың міндеті болса, жақсылықты жаю – қоғам алдындағы борышымыз. Басқаларға ақиқатты қабылдатқызудың ең сенімді және ең тиімді жолы – сөзіміз бен ісіміздің бір жерден шығуы әрі көркем мінез көрсете білу керек.

Дархан Исламбекұлы
«Әл-Ғани» мешітінің ұстазы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру