АСТАНА ИМАМДАРЫНА КИБЕРСПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНУДЫҢ ҮКІМІ ТҮСІНДІРІЛДІ (ФОТО)
Астана қаласы өкілдігінің дін қызметкерлерімен әдеттегі үрдіс бойынша ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде қабылданған пәтуалар таныстырылды.
Қала Бас имамы Ерболат Жүсіповтің қатысуымен өткен алқалы жиында «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Шариғат және пәтуа бөлімінің Астана қаласы өкілдігі бойынша жауапты маманы Тамирлан Дарханұлы киберспортпен шұғылданудың үкімін таныстырды.
Киберспорт (ағылш. cybersport, «компьютерлік спорт» немесе «электронды спорт» деп те аталады) – бұл видео ойындарға негізделген командалық немесе жеке жарыс. Киберспорт ойнаған жағдайда мынадай шарттар сақталуы тиіс: киберспорт құлшылыққа, өмірлік қажеттілікке (білім алуына, еңбек етуіне, отбасылық міндеттеріне) кедергі келтірмесе, психика мен болмысқа зиян тигізбесе, құмар т.б. шариғатқа қайшы элементтерді қамтымаса – рұқсат етіледі; жүлделі киберспортта ұтысты демеуші не басқа бір тарап қоюы тиіс; қатысушылар ақша тігіп, жеңгені жүлде алса, ол құмарға жатады, ал шариғатта құмар ойындарға тыйым салынады; ойын азғындыққа, моральдық құндылықтардан алыстатуға итермелемеуі және балағат, боғауыз сөзден аулақ болуы керек.










