«Әзірет Сұлтан» шәкірттері арасында Құран жарысы өтті (ФОТО)

03 мамыр 2019 6543 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде шәкірттер арасында Құран жарысы болып өтті. Қасиетті Рамазан қарсаңында ұйымдастырылып отырған айтулы жарысқа «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Діни сауат ашу курсында тәлім алатын 170 шәкірттің арасынан суырылып шыққан 7 үміткер қатысып, жұма намазынан соң жамағат алдында өз өнерлерін паш етті.

Құран жарысына қазылық жасап, жеңімпаз анықтауға республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қанат Қыдырмин, «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы, қари Әділхан Иманәліұлы, «Астана» медресе-колледжінің ұстазы Абдусамиғ Әли мырзалар шақырылып, жарыс төрелігі ұсынылды.

Айта кетейік, бүгін «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Діни сауат курсы өз жұмысын аяқтап, шәкірттерге сертификат табысталатын болмақ. Осы орайда бүгінгі Құран жарысы шәкірттердің жыл бойғы ілім жолындағы ізденістерінің, жинаған білім-біліктіліктерінің есебіндей болды.

Әділқазылар алқасының түрлі сұрақтарын мүдірмей жалғастырып әкетіп, қасиетті Құран аяттарын қаншалықты жатқа білетіндіктерін дүйім жұрттың алдында дәлелдеген қатысушылардың қарым-қабілеті шынында көңіл тойдырып, көз сүйсінтті. Дегенмен, қазылар алқасының әрбір үміткердің жаттау шеберлігіне, тәжуиді мен оқу мәнерлерін сараптай келе арасынан шын жүйрігін анықтауға тырысты.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ-орынға Төрегелді Теміртас лайық деп танылды. Ал, ІІ-орын жүлдесі Жакипов Бекзатқа бұйырды. «Әзірет Сұлтан» мешіті шәкірттері арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Құран жарысының биылғы жеңімпазы Ерболұлы Мейірбек атанды. Қалған қатысушылардың барлығына арнайы «Ынталандыруы» сыйлығы беріліп, ақтық айналымға жеткен жетістіктері үшін «Алғыс хатпен» марапатталды.

Жүлдегерлер марапатын өз қолымен табыстаған ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бүгінгі Құран жарысының маңыздылығына тоқталып, осындай шәкірт тәрбиелеп, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мешіт имамдары мен ұстаздарына алғысын білдірді.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру