Бас мүфти «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі алғашқы тарауих намазына қатысты (ФОТО)

02 сәуір 2022 3595 0
Оқу режимі

Күллі мұсылман үмметі сағына күткен қасиетті Рамазан айы да есігімізден еніп, кеше еліміздегі барлық мешіттерде тарауих намазы басталды. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі алғашқы тарауих намазына қатысып, жамағатты қасиетті айдың келуімен құттықтады.

Елімізде жарияланған карантиндік шектеулерге байланысты екі жыл қатарынан оқылмаған тарауих намазымен қауыштырып, осы күнге жеткізген Жаратушы Аллаға шүкірлік айтып, Рамазан айын сауапқа толы өткізуді тіледі. Айлардың сұлтаны болған Рамазанның қадір-қасиетіне тоқталып, мүбәрак мерзімді ізгі амалдармен көркемдеуге шақырды.

Сондай-ақ, еліміздің Бас мешітінде отыз күн оразада Құран хатым етіп, тарауих намазын өткізетін қариларды жамағатқа таныстырды. Айта кетейік, биылғы Рамазан айында тарауих намаздарын елімізге белгілі қарилар – «Әзірет Сұлтан мешітінің қызметкерлері Жұманазар Садырханов, Мұртаза Балахмет, Ерболат Шаудырбай және Түркістан облысы, Төлеби ауданының тумасы Мансурхан Сарварханұлы өткізетін болмақ. 12 жастағы бала қари былтырғы жылы Түркістан қаласында өткен Республикалық Құран байқауында ІІ орын иеленген болатын.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру