БАС МҮФТИДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН БАБАЛАР РУХЫНА ҚҰРАН БАҒЫШТАЛДЫ
Бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді еске алуға арналған құран бағыштау рәсімі өтті.
Рәсім барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Отан үшін жанын қиған жауынгерлердің рухына дұға бағыштады. Сондай-ақ, ол ел тарихындағы ауыр кезеңдерді ұмытпай, ерлік көрсеткен батырлардың есімін ұрпақ жадында сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
Айта кетейік, 22 маусым – Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді еске алу күніне орай мұндай тағзым рәсімдері еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалалардағы мешіттерде өткізілді.






Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі