ДІНИ САРАПТАМА БӨЛІМІ ОНЛАЙН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ (ФОТО)

16 тамыз 2023 1248 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптама бөлімі Астана, Алматы, Шымкент қаласы және облыстардағы сараптама имамдарының қатысуымен онлайн кездесу өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына орай Діни басқармаға қарасты барлық діни оқу орындар, діни дүкендер, медреселер, мешіттер мен намазханалардағы кітаптарға тексеріс жұмыстарын күшейту.

Жиналыс барысында Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков имамдарға осы жылда атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, оқу маусымына сақадай сай дайын болу қажеттігін түсіндірді.

«Оқу ошақтарына келген талапкер жас жеткіншектердің назарын сенімсіз діни әдебиеттерден ада ұстау – біздің бір міндетіміз. Сол себепті ҚМДБ-ға қарасты барлық оқу орындар мен медреселердегі кітаптарды жіті тексерістен өткізуіміз қажет» деп атап өтті бөлім меңгерушісі.

Сонымен бірге, Нұрлан Евфратұлы сараптамаға жауапты имамдардың жыл ішінде жиі ауысуына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Бұдан бөлек, діни сараптама имамдарына өз өңірлеріндегі діни оңалту бойынша бекітілген мамандармен бірлесе отырып жұмыс жасау қажеттігін жеткізді. Бұл өз кезегінде радикалды әдебиеттердің Қазақстанда таралуына уақытылы тосқауыл болады деп сендірді.   

Бас-аяғы бір сағатқа созылған онлайн кездесуде түйткілді мәселелер қозғалып, өңірлердегі сараптама мамандарының сауалдарына тұшымды жауаптар берілді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру