Елорда имамдары қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды (ФОТО)

20 қараша 2020 3036 0
Оқу режимі

Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Елорда имамдары үшін жөні бөлек жиналыс болып өтті. Қашанда қауырт та қалың жұмыстың қыспағында жүретін имамдар қауымы бұл жиналыстан әдеттегідей тың тапсырмалар жүктеліп емес, атқарған еңбегіне орай алғыс алып қуанышты қайтты. Жиынға арнайы қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкенұлы Елорда имамдарының карантин кезіндегі жұмыстарын айрықша атап өтіп, инфекцияның алдын алу және салдарын жою жұмыстарына қосқан үлесі зор екенін жеткізді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтың ыстық сәлемін жеткізіп, қала басшысының «Алғыс хатын» табыстады.

Қала әкімінің «Алғыс хатында» індетпен күрес уақытында Елорда имамдарының ұйытқы болуымен жыл басынан бері өткен түрлі қайырымдылық шаралары мен волонтерлық қызметтер, онлайн дәрістер мен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жоғары бағалайтыны айтылып, ел игілігі жолындағы қызметтеріне сәттілік тілеген.

Қандай қиын-қыстау кезеңде де халыққа қалтқысыз қызметін тоқтатпаған имамдар қауымының жасаған жақсылығы үшін сауапты бір Жаратқаннан күтері сөзсіз. Дегенмен, атқарған енбегіңе орай елден алғыс алып, жұмысың жоғары бағаланып жатса – бойдағы жігеріңе жалын қосып, жаңа белестерге қамшылай түсетіні де сөзсіз ғой. Бүгінгі жиналыстан Елорда имамдары да осылайша марқайып шығып, қажырларына қанат біткендей болып қайтты.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру