МИНИСТР МЕН БАС МҮФТИ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛГЕ ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

17 тамыз 2023 1389 0
Оқу режимі

Бүгін Түркістан қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен қоғамдық ұйымдар, орталық және жергілікті атқарушы орган, құқық қорғау органдары, мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Басқосуда ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы модератор болды. Ал жиында алғаш болып ұрпақ тәрбиесі жөнінде баяндама жасаған министр Дархан Қуандықұлы:

«Бүгінгі алқалы жиынның Түркістан топырағында өтуінің өзіндік символдық мәні бар. Бұл өңір – ұлы дала өркениетінің бесігі, тамыры терең тарихымыздың, берік дәстүріміздің қасиетті ордасы. Мемлекет басшысы киелі өңірде өткен Ұлттық құрылтайда ұрпақ тәрбиесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әлімжеттік, отбасы құндылықтарын сақтау мәселелерін көтеріп, тиісті тапсырма берген болатын. Дидары өзгерген дүниеде қазақ қоғамын ілгері жетелейтін осы көк өрім жастар, заманның көшінен қалмай келе жатқан өскелең ұрпақ деп білеміз. Алайда, соңғы уақыттағы келеңсіз жағдайлар қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Қоғамдағы стигматизация, осындай фактілердің жылы жабылуы, ашық айтылмауына байланысты ресми дерек пен шынайы көрсеткіштің арасы алшақ болуы да ықтимал. Көптеген қылмыстық іс ашылмаған күйі қалады. Нақты дерек-дәйек анық болмаған соң, мәселемен күресудің механизмдері де тиімді болмайтынын ескеруіміз керек. Отбасы институты, бала қауіпсіздігі, қоғам құндылығы, адамның өмірі мен бостандығы, заң мен тәртіп тұрғысынан әлі де тереңінен қаузайтын түйткілді мәселе көп екенін көріп отырсыздар. Өңірлер бойынша айтар болсақ, осы жарты жылдың ішінде балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыстың көбі Жамбыл, Павлодар, Атырау, Алматы, Қызылорда облыстарында болған. Зерттеулер балаларға зорлық-зомбылық көрсететін қылмыскердің портретін де дайындаған. Қазақстандағы бүлдіршіндерге қатыгездікпен жәбір көрсеткендер, ең алдымен өздері танитын, жақын араласатын адамдар екені анықталған. Биыл «Балалар мәселесін БАҚ-та қалай қауіпсіз жариялауға болады» деген тақырыпта практикалық нұсқаулықты жариялады. Балалар тақырыбы туралы жазғанда да ақпарат алаңында өте мұқият болғанымыз абзал», – деді.

Айта кетейік, іс-шараны ұйымдастырудың себебі – ауыр қылмыстың жұрт болып жиылып шешімін табу, қоғамда әдеп нормасын қалыптастыру, профилактика шарасын егжей-тегжейлі талқылап, азаматтық сектор, жауапты органдармен бірлесіп жедел іс-қимыл жасау.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру